Аймақтар • 05 Маусым, 2020

Университет бітіретін 30 түлек полиция қатарына қосылмақшы

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті – облыстық полиция ведомствосы үшін кадрлардың сенімді ордасы болып отыр. Өткен жылы СҚО полициясы қатарына 80 жас қызметкер келсе, соның 21-і осы университеттен еді. Ал биыл полицияда қызмет етуге СҚУ оқытушылары жүргізген сауалнамаларға қарағанда отызға жуық студент келмекші.

Университет бітіретін 30 түлек полиция қатарына қосылмақшы

Былтыр полицияға келген түлектердің бірі – Альбина Қыпшақбаева. Ол Петропавл қаласының ПБ әкімшілік тәжірибе тобының инспекторы қызметінде істеп, 2019 жылдың аяғында лейтенант атағын алды.

«Жеке мен ішкі істер органына келуге үгіттеуге қажеттілік болған жоқ, мен бала кезімде-ақ не медицина қызметкері, не полицей формасын киемін деп шешіп қойғанмын. Дегенмен тәртіп сақшыларымен жүргізілген кәсіптік бағдарлау кездесулерінің пайдасы мол болды. Заң мамандығын алып жатқан біздер үшін ПД музейіне, нысандарға экскурсиялар ұйымдастырып, алғашқы даярлыққа оқуға түсу тәртібін түсіндірді. Осының барлығы қызметте мені не күтіп тұрғанын түсініп, сезінуге септігін тигізді», - дейді ол.

СҚУ-да «Заңгер» клубы құрылған. Бұл жерде болашақ заңгерлермен тергеу басқармасының, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, басқа да бөліністердің қызметкерлері жұмыс жүргізеді. Кездесулер семинар не практикалық сабақ түрінде өтеді. Тергеушілер мен анықтаушылардың процестік қызметіне шолу, құқықтық сананы қалыптастырудағы діннің рөлі және осы сияқты тағы басқа тақырыптар - құқықтық білімнің негізін қалайды.

«Өткен жылы ЖОО мен СҚО ПД арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, соның арқасында студенттермен кәсіптік бағдарлау туралы әңгімелесуден бастап түлектердің ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуы бойынша өзара іс-қимыл жасаудың тетігі бекітілді, - дейді ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев.

ҚЫЗЫЛЖАР