Аймақтар • 06 Маусым, 2020

Қарағанды облысы: Осакаров ауданында – оң өзгерістер

1282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осакаров ауданында 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынатын жобаларға 1 миллиард 562 миллион 718 мың теңге бөлінген. Басты мақсат – жаңа жұмыс орындарын ашу. Мысалы, 36 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру бағытында 364 жұмыс орнын ашу көзделген.

Қарағанды облысы: Осакаров ауданында – оң өзгерістер

«Бұл орайда, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы келген азаматтарға басымдық беріп отырмыз. Бұл санаттағы тұрғындар үшін 182 жұмыс орны ашылған. Олардың еңбекақысы 85 мың теңгеден кем болмайды», дейді Осакаров ауданының әкімі Нұркен Қобжанов.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясындағы әлеуметтік сала жобалары аудандағы екі кент пен 14 ауылды қамтиды. Мысалы,  Осакаровка кентінде №9 гимназия, Сарыөзек, Родников, Есіл, Николаевка, Звезда, Мирный, Ертіс, Озерный ауылдарында орта мектептер жөндеуден өткізіледі. «Балдырған» балабақшасы мен Литвинов мектеп-интернатында да күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

321

Сондай-ақ, инженерлік және көліктік инфрақұрылымды жаңарту бойынша 10 жоба қолға алынады. Атап айтқанда, Молодежный, Осакаровка кенттерінде жолдар мен тротуарлар жөнделеді.  Сенокосное, Ертіс, Ералы, Қарағайлы, Аманқоңыр, Родников ауылдарына кіреберіс жолдар да ретке келтірілмекші.

Тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді шешу бойынша 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде Уызбай, Батпақ, Озерное, Сенокос, Қарағайлы, Звезда ауылдарын ауыз сумен, Молодежный кентіндегі қазандықты жөндеп, тұрғын үйлер мен мәдени-сауықтыру орталығын жылумен қамтамасыз ету жұмыстары бар. Сонымен қатар, Осакаровка кентіндегі 18 пәтерлі үйдің кәріз жүйесін жөндеуден өткізу жоспарға алынған. Бұдан бөлек, Осакаровка, Молодежный кенттеріндегі көшелер абаттандыралады.

Бүгінгі күнде ауданда 35 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар басталып та кеткен. Соның нәтижесінде 305 жұмыс орны ашылып, екі қолға бір күрек іздеген ағайынға адалдан нан табуға мүмкіндік туды. Айта кететін бір жайт, жоғарыда айтылған жұмыс орындарының 143-і аудандық жұмыспен қамту орталығы ұсынған азаматтарға бұйырды.

4

Қазіргі таңда Осакаров ауданы бойынша инфрақұрылымдық жобалар аясында бос жүрген азаматтарды рекруттық бекет құралдары, әлеуметтік желілер мен жергілікті газеттің көмегімен жұмысқа алу үшін белсенді ақпараттық іс-шаралар жүргізілуде.

 

 

Қарағанды облысы