Қоғам • 09 Маусым, 2020

Праймериз – пайым мен парасат өлшемі

789 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс қасақана мойындағысы келмейтін тарихи жайт: Ұлы даланы ен жайлаған ата-бабаларымыз демократияда нағыз жаңашыл, инноватор болған. Кейін отарлану салдарынан ұмыт қалған көптеген демократиялық құндылық қазіргі кезде жаңа қалыпта елге қайта оралуда. Соның бірі – праймериз, қарапайым тілде айтқанда партияның әр өңірде өткізетін ішкі сайлауы.

Праймериз – пайым мен парасат өлшемі

Байырғы замандарда елімізде әр ауыл-аймақтың жұрты өз арасынан төл биін таңдап алатын болған. Кейін олардың озықтары бір ру ғана емес, бүкіл үш жүз мойын­даған ұлы билердің қата­ры­на қо­сыл­­ғаны, атағы тек қа­зақ­қа ғана емес, көр­ші елдерге жайылған кемеңгер да­на­ға, тарихи тұлғаға айналғаны мәлім. Ұлтымызда би-шешен атанғысы келетін азаматтар алдымен ел аралап, бұқара арасындағы сан алуан дау-шарға араласып, өзін сынататын болған. «Төрелік ел кезеді» деген мәтел содан қа­лып­ты. Би болып, билік айтудан үміткер тұлға ел-жер көрмей, ха­лыққа сөзін тыңдатып, сынатып, ақсақалынан бата алмай елге сөзі жүрмейді екен. Бітімі де пәтуалы болмайтын көрінеді. Оның төрелігінің қаншалықты әділ екенін халықтың өзі анықтап отырған.

Демек, жаңаша аталған пар­тия­­іші­лік іріктеу – қазақтың ба­йырғы дә­с­түрін жаңа формат­та қайта тү­лету іспетті. 2019 жыл­­ғы 21 тамыз­да Nur Otan пар­­тиясы Саяси кеңе­сінің кеңей­­­­тілген отырысын­да Елбасы, пар­­тия Төрағасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың бас­та­ма­сымен «Сенім. Диалог. Бола­шақ­қа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту ісі бастау алды. Сонда Елбасы ішкі партиялық іріктеудің қажетін және халық­ара­лық тәжірибеге сай праймериз – партияның белсенді мүшелері мен көшбасшыларын айқындаудың тиімді тетігі екенін баса айтты.

Биылғы 5 наурызда Nur Otan партиясы Саяси кеңесі Бюро­сының отырысында осы іріктеу шарасын өткізу ережелерінің жобасы құпталды. Таяуда Елба­сы праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. 5 маусымда Nur Otan-ның ресми сайтында партияның Саяси кеңесі бекіткен партияішілік іріктеуді өткізудің ережесі жарияланды.

Сонымен 2020 жылғы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында Қазақстан тарихында тұңғыш рет праймериз ұйымдастырылады. Оған көшбасшы партияның ізгі құндылықтарын құптайтын және жасы 25-ке толған Қазақстан азаматы қатыса алады. Егер Nur Otan мүшесі болмаса, партия қата­рына қосылып, праймеризге қатысушы ретінде тіркелуіне жол ашық. Үміткер тіпті өзін-өзі ұсына алады. Бұл – кейбір сарап­шы сағына еске алатын мажоритарлық жүйенің озық құрауыш компоненті.

Жалпы, «Мықты лидерлер – мықты партия» қағидатымен өтетін осы ғаламат шараның ел құптарлық қырлары жетерлік.

Праймериз – «Парламентті персонализациялау» процесіне жол ашады. Ата Заңымызда бекітілген пропорционалды сайлау жүйесінде қазақстандықтар додаға түскен сая­­си партияларға дауыс береді де, Мәжілістегі орын­дарға нақты кімнің жайға­са­рын біле бермейді. Осыған орай көптеген сарапшы бұрынғы мажоритарлық жүйеге оралуды, яғни партиялық тізімдерден бас тартып, әр депутатқа өз сайлау учаскесіндегі додада жеке же­ңіп шығуына мүмкіндік беруді ұсынып жүр.

Бірақ негізінен дамушы елдерге тән мажоритарлық жүйенің кемшілігі мен олқылығы жетерлік екенін білеміз. Біріншіден, ол партиялардың дамуын тежейді. Екіншіден, өңірлерде жершілдік пен жемқорлықтың өрістеуіне дем береді. Үшіншіден, өз сайлау округіндегі додада көбіне ауқатты адам жеңіске жетіп, ал елге пайдасы көбірек тиюі мүмкін білікті, бірақ қалтасы таяз үміткер ілгері оза алмай жатады. Партиялар болса, төл депутаттық тобы тартысқа да, жұмысқа да қабілетті бол­уы үшін бай-бақуат­ты­лығына қарамай, кез келген дарынға орын сайлайды.

Праймеризге қатысу­шы­лар­дың барлығы (тіпті іс ба­сын­да­ғы Мәжі­ліс депутаты болса да) жария пікір­сайыс­қа қатысуға міндетті. Дебат 3 деңгейде өтеді: бі­рінші базалық деңгей – праймериз барысында, екін­шісі – партияның аудандық және қала­лық филиалдарының кон­ферен­циясында, ал үшіншісі – партияның облыстық, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары филиалдарының конференциясында ұйымдастырылады. Демек, үміткерлер електен өткі­зіл­гендей екшеліп-сұрыпталып шы­ға­ды әрі олар жұрт алдында сөз сөйлеп, өз бағдарламасын қорғау ісіне әбден машықтанады.

Осы дода барысында жұрт­шы­лық болашақ төбе бидің, яғни депутаттың пайымы мен парасатын, ой-өрісінің тереңдігін, ора­­йын келтіріп мәселенің шешімін таба алар оралымды қабілетін бағалай, байқай алады.

Жаңа заманда депутаттардың сұң­ғыла шешендігімен, тың­­да­ған жанды ұйыта білер сөз ұсталығымен ерекшеленгені абзал. Өйткені ол шаршы топ ал­ды­на жиі шығады, халықпен кездесуде, шетелдік делегациялармен жүздесуде ойын нақты әрі толыққанды жеткізе білгені жөн. Мысалы, АҚШ-та, Еуропа елде­рінде праймеризге түсетін кан­дидаттар шешендік-ораторлық өнерді игереді, арнайы тренингтерден өтеді. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен, жауын жау­май су бол­ған, дәйегіне мәйек құтаймаған адамдарға сайлаушылар да да­уыс бермесі анық. Оның үстіне сөз сайысында қазақ тілінде қойылған сауалдарға жауап бере білгені жөн, бұл үміт­кердің мемлекеттік тілге құр­ме­тін, оны білу деңгейін паш етеді.

Бүгінде партияішілік бас­тап­­­­­қы сайлау АҚШ пен Кана­дада, соны­мен қатар Еуро­па­ның, Азия­ның және Латын Аме­­ри­каның Германия, Ұлы­бри­­­тания, Франция, Италия, Ир­лан­дия, Түркия, Оңтүстік Ко­рея, Арген­ти­на, Уругвай секіл­ді көп­теген ел­інде өтеді және оның ашық, жабық, аралас түр­ле­рі қолда­ны­ла­ды.

Бұл істе еліміздің көшбасшы пар­тиясы ізашарға айналып, жол бас­тап отыр. Демократияның дамып, дәуірлеуіне серпін берер бұл бас­тама Қазақстандағы өзге саяси партияларға үлгі-ұлағат бол­са керек.

 

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы