Экономика • 10 Маусым, 2020

Көгілдір отынмен қамту – күн тәртібінде

472 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Алматы облысы аумағындағы табиғи газбен қамту жұмысын сынға алып, тиісті ескерту жасаған болатын. Қазір Президент тапсырмасынан туындаған міндеттер іркіліссіз жүзеге асып, аймақтағы жұмыс біршама ілгеріледі.

Көгілдір отынмен қамту –  күн тәртібінде

Мақсатқа қол жеткізу үшін қазынадан 65 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Бұған 1 500 шақырымға жуық магистралды газ желісі мен тарату жүйелері салынған. Өңірде 9 газ тарату стансасы және ашылған.

Бұл істе мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы келісім де өз нәтижесін беріп келеді. Мысалы, қазіргі таңда газ құбырын тартуға қатысты жалпы құны 12 млрд теңге болатын 9 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Бақанас, Сарыөзек, Ақтас, Ақдала, Жалғамыс, Достық ауылдарын, Үштөбе, Текелі қалаларын газдандыру және «Байсерке – Қапшағай» газ желісінен Жетіген кентіне дейін табиғи отын жеткізетін құбыр құрылысын жүргізу жекеменшік инвес­тиция есебінен атқарылды. Сонымен қатар «ҚазТрансГаз» компаниясының инвестициялық қаржысы есебінен 12,5 млрд теңгеге «Есік», «Шелек», «Жаркент», «Үңгіртас» газ тарату стансалары мен ұзындығы 628 шақырым болатын газ тасымалдау жүйесі жасалыпты.

– Газдандыру жылы аясында өңірдің елді мекендерін газбен қамту бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Бұл жерде облыстың Талдықорған аймағында табиғи газ желісінің мүлдем болмағанын ескеру керек. Облыс әкімі Амандық Баталовтың табандылығының арқасында жұрт Кеңес кезінде де сезінбеген игілікке қол жеткізгенін айтпай кетуге болмас. Әсіресе ауыл тұрғындары көгілдір отынға қосылып, қуанып жатыр. Бүгінде облыс орталығындағы газдандыру ісі қарқынды. Бұл бағыттағы жұмыс 4 ке­зеңге бөлінген. Қазір үшінші кезең аяқталды. Яғни талдықорғандық 47 907 абоненттің газға қо­сылуына мүмкіндік бар. Бұл көрсеткіш 54275 абонентке дейін жетпек. Қазір 10 972 тұрғын үй мен 60 кәсіпорын көгілдір отын тұтынып отыр.

Ал «Талдықорған – Текелі» газ бұру құбыры арқы­лы көгілдір отынмен қамтылатын Текелі қала­сы мен Ескелді ауданында да газдандыруға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Газ құбы­ры өткен жылы іске қосылған болатын, жалпы құны – 1,2 млрд теңге, ұзындығы – 31,3 шақы­рым. Былтыр Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылына 161,5 шақырым газ құбырын тартып, көгілдір отынмен 15 мың абонентті қамту үшін облыс бюджетінен 1,7 млрд теңге бөлінген. Биыл жұмыс толық аяқталады. Сол сияқты Кербұлақ ауданында да көгілдір отынды 24 елді мекенге жеткізу көзделген. Өткен жылы «Сарыөзек» газ тарату стансасы мен ұзындығы 61,4 шақырым газ жеткізу құбыры іске қосылды. Бұған 4,6 млрд теңге жұмсалды. Балқаш ауданында да 16 елді мекен газдандырылады. Былтыр жалпы құны 2,9 млрд теңгенің жұмысы істелді. Нәти­жесінде, «Бақанас» газ тарату стансасы мен ұзын­дығы 51,2 шақырым газ жеткізу құбыры іске қосылды. Қаратал ауданында да 17 елді мекен газдандырылуы тиіс. «Үштөбе» газ тарату стансасы іске қосылып, 44,7 шақырымдық желі тартылды. Ал Көксу ауданындағы 13 елді мекенге газ келмек. Қазір табиғи газға аудан орталығы – Балпық би кентінде тұратын 290 үй қосылған, тағы 3050 абоненттің желіге қосы­луына мүмкіндік бар. Жалпы, биыл атал­ған аудандардағы ішкі желілердің құрылысы аяқ­талып, жеке үйлерді көгілдір отын тасымалдайтын құбырға жалғау басталады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов.

Жалпы, облыстағы газдандыру жұмысы туралы айтқанда аймақта бұған дейін көгілдір отын иісі сезілмеген аудандарға ерекше тоқталу парыз. Жоғарыда басқарма басшысы тілге тиек еткен өңірлер қатарында Панфилов ауданы да бар екен. Биыл аймақта 31 елді мекеннің тұр­ғы­ны көгілдір отынға қол жеткізуі тиіс. Және осы ауданда газдандыру ісіне қатысуға ниетті жеке инвесторлар да бар екен. Мысалы, Жар­кент» газ тарату стансасының құрылысы «ҚазТрансГаз-Аймақ» компаниясының қаржы­сына са­лынған. Ал «APLConstruction» серіктес­ті­гі өз қа­ражатына Жаркент қаласына дейін газ жеткізу құ­бырын және қала ішіндегі газ жүйе­сін жүр­гізген. Қазір 90 шақырым желі тартылып, 283 абонент табиғи газды пайдаланып отыр. Аудан бойынша газдандыруға құйылған инвес­тиция­ның жалпы сомасы 5,642 млрд теңге шамасында.

Сондай-ақ Жаркентке көршілес Ұйғыр ауданында да инвестордың ақшасына газ құбырын тарту жұмысы жемісті жүріп жатыр. Мұнда 23 елді мекенге газ тарту міндеті тұр. Былтыр «Азия Газ Шонжы» серіктестігінің жеке қаржысына «Шарын» газ тарату стансасы мен Шонжы ауы­лына дейін жоғары қысымды газ магистралы салынды. Нәтижесінде Шонжы ауылындағы газдандыру деңгейі 50 пайызға жеткен.

Газдандыру ісі Қапшағай қаласында да қарқынды жүзеге асуда. Өткен жылы «Алматы – Байсерке – Талғар» магистралынан тартылған 38 шақырымдық «Байсерке – Қапшағай» газ бұру құбыры іске қосылды. Бұл жоба да инвес­торлар есебіне кіреді екен. Яғни жалпы құны 4,5 млрд теңге жеке қаржы құйылған. Сондай-ақ инвесторлар қала ішінде 3,5 шақырым желі жүргізіп, 1195 абонентті көгілдір отынға қосып­ты. Жалпы, Қапшағайды толық газдандыру жұмысы 2022 жылы аяқталады.

Айтпақшы, қиыр шетте жатқан Кеген мен Райымбек аудандарына да көгілдір отын жет­кі­зу күн тәртібінде тұр. Келешекте 17,4 мың тұрғыны бар екі ауданның 23-і табиғи газға қосылмақ. Қазір мұның негізі қаланып жатыр. Яғни «Шелек – Кеген» магистралды газ құбы­ры­ның құрылысын жүргізу үшін жобаның тех­ни­калық-экономикалық негіздемесін жасауға 52,1 млн теңге бөлініп, құжаты дайындалуда. Ал газ құбы­рының ұзындығы 117,5 шақырымды құ­рай­ды. Сол сияқты Ақсу, Сарқан, Алакөл аудан­­дары тұрғындары да табиғи газдан үмітті. Таяу жылдары іске қосылатын «Талдықорған – Үш­арал» магистралды газ құбыры 74 елді мекен­ді көгілдір отынмен қамтуы тиіс. Қазір құжат­тар­ды әзірлеуге 96,9 млн теңге бөлінген. Ал Тал­­дықор­ған қаласы мен Үшарал қаласының ара­­сын жал­ғайтын газ желісінің ұзындығы 224 шақырым.

Осы жерде көгілдір отынның игілігін ертеден көріп отырған Алматы қаласы маңындағы аудандарда да газдандыру жұмысы жалғасып жатқанын айтуымыз керек. Өйткені мегаполиспен шектесетін аймақтардағы жаңа елді мекендердің жылдам бой көтеруі тұрғындардың көгілдір отынға деген сұранысын жыл сайын арттырып келеді. Мысалы, қазір қала маңы аудандарының есебіне кіретін 187 елді мекенде 993,8 мың тұрғын бар. Осы ауылдың 134-і ғана табиғи газға қосылған. Көрсеткіш 71,6 пайыз шамасында. Қазір тұрғын үйлерді толықтай табиғи отынмен қамту ісі Іле ауданында да жүзеге асуда. Аудандағы 29 елді мекеннің 27-сі табиғи отынға қосылған. Күн тәртібінде Же­тіген ауылдық округі аумағын газдандыру тұр. Бұл үшін 6,5 шақырым газ құбырын тартуға 1,1 млрд теңге қаржы қарастырылыпты. Нәтиже­сінде, тағы 41 елді мекен газға қол жеткізбек.

Ал Жамбыл ауданы бойынша 40 елді мекенге газ құбырын тарту керек. Биылдан бастап бұл ауданның 3 елді мекеніне табиғи отын тартылады. Сонда 85,2 мың адам газ тұтынатын болады. Есесіне, Алматының іргесіндегі Қарасай ауданы бойынша 47 елді мекеннің қырық бесінде газ бар. Бүгінде 228,3 мың абонент табиғи газды пайдаланып отыр. Табиғи отын тапшылығы аса қат­ты сезілмейтін ауданның бірі – Талғар. Өңірдегі 46 елді мекеннің 42-сі газ тұтынады. Ал осы ауданмен қоңсылас Еңбекшіқазақта жағдай керісінше. Мұндағы 46 елді мекеннің төр­теуіне ғана газ құбыры барып тұр. Аудан бойынша 66 мың адам табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие көрінеді.

Жалпы, Жетісу тұрғындарының 56 пайызы табиғи газ тұтынады. Яғни облыстағы 474 елді мекеннің 144-іне көгілдір отын жетті. Бұл көрсеткіш тілге оралымды болғанымен, мүм­кіндікке шаққанда төмен екені тағы рас. Сол себепті де биыл облыс бойынша «газдандыру жылы» жарияланып, Мемлекет басшысы жүктеген міндетке баса маңыз беріліп отыр.