Парламент • 12 Маусым, 2020

Ұлт денсаулығын нығайту – негізгі міндет

176 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында денсаулық сақтау саласы, атқарушылық іс жүр­гізуді және қылмыстық заңнама, цифр­лы мәселелерді реттеу, тұтынушылар құқығын қорғау және автомобиль тасымалын қадағалау жөніндегі заң жобалары талқыланды.

 

Ұлт денсаулығын нығайту – негізгі міндет

Палата отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы мен «Кейбір заңнамалық актілерге ден­саулық сақтау мәселелері бойынша түзету­лер енгізу жөнінде» ілеспе заң жобасын таныс­тырды. Ведомство басшысының сөзіне қара­ғанда, қоғамдық денсаулық сақ­тау­дың деңгейін көтеруде мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауап­­кер­шілігін арттыру мақсатында кодекс жобасында бірқатар мәселелер қарас­ты­рылған. «Адам денсаулығына жеңіл зиян кел­тіруге әкеп соққан вакциналарды әкелу, сатып алу, тасымалдау, сақтау ереже­лерін бұзғаны, вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жасау тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу қарастырылады. Қызметкерлердің денсаулығын нығайту және аурулардың алдын алу, медициналық қарап-тексерулер мен скрининг өткізу мақсатында әлеуметтік демалыс беру көзделген», деді Е.Біртанов.

Осы орайда ведомство басшысы медици­на­лық көмек көрсетуді ұйымдастыру мәселе­сіне тоқталды. «Ауылдық жерлерде көшпелі медициналық кешендердің, медициналық пойыздар мен қашықтан медициналық көмек көрсету құралдарының қолжетімділігі артады. Тегін медициналық көмектің көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмекті ақылы негізде бергені үшін әкімшілік жауап­кершілік көзделеді», деді Е.Біртанов.

Сондай-ақ министр денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылым бағы­тында Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясының талаптарына сәйкес білім алушыларды және түлектердің кәсіп­тік даярлығын тәуелсіз бағалау; университет ауруханаларын құру шарттары мен қызметінің қағидаттарын одан әрі дамыту жоспарланғанын айтты. Кодекс жобасы этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың рөлі мен мәртебесін реттемек. «Тегін меди­циналық көмек пен Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесінде халыққа дәрілік заттарды таңдау мүмкіндігін беру мақ­сатында бірлесіп төлеу мәселелері рет­телді. Пациент өз еркі бойынша дәрілік зат­тың бағасының айырмашылығын төлеп, қала­ған дәріні ала алады. Алайда отандық дәрі­лік заттарды қолдау мақсатында бұл норма отандық өндірушілерге қолданылмайды. Алдыңғы қатарлы терапия дәрілерін қолдану тәртібін айқындау көзделуде», деді министр. 

Е.Біртанов кодексте кадрлық саясат пен ме­дицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау қарас­тырылғанын жеткізді. Оған қоса, ден­саулық саласын цифрландыруға басы­мдық берілмек. Бұл қадам медицина қызметкер­лерінің жұмысын жеңілдетеді. Кодексте адам ағзасы мен тіндеріне қатысты мәселелер де ескерілген. «Қайтыс болған адамның органдарын алуға келісім презумпциясына қатысты норма Қазақстанда 2009 жылдан бастап қолданыста бар. Ерікті түрде келісім беруді тіркеу немесе келісімді кері қайтарып алу медициналық ұйымдар көрсететін мем­лекет­тік қызмет саналады. Кодекс жобасында адам­ның тірі кезінде ағзасын алу бойынша ерік біл­дірмеген жағдайда келісім бермеуге жұбайы­ның, болмаған жағдайда жақын туыстарының бірінің құқығы бар», деді Е.Біртанов.

Бұдан кейін Денсаулық сақтау министрі вакцинаға қатысты мәселеге тоқталды. Ве­домство басшысының айтуынша, ата-аналар баласына вакцина салудан бас тартқанда, оның денсаулық құқығын шектейтінін атап өтті. «Вакцина салынбаған адам санының өсуі – ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және халықтың арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың таралуына әкеледі. 2019 жылы қызылша ауруымен ауырғандардың арасында 21 өлім, оның ішінде 19 бала өлімі тіркелді. Республикамызда қызылшаның өршуі кезеңінде – 13887, балалар арасында 9887 жағдай кездесті. Сырқаттанғандарың 83,4 пайызы егілмеген балалар. Халық арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялар жағдайын тіркеу осал топтарға жататын балалардың өміріне қауіп төндіреді. Сондай-ақ аталған норманы жұртшылықпен талқылау нәтижесінде профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінді. Міндетті профилактикалық вакцинаға жоспарлы және эпидемиялық көрсетілім бойынша профилактикалық егулер жатады. Ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткенде ғана жоспарлы вакцина алмаған балаларды мектепке дейінгі оқу мекемелеріне жіберіледі», деді министр.

Осылайша кодекс жобасында бас мем­ле­кет­тік санитар дәрігерлердің шектеу іс-шара­ларын және карантинді енгізу жөніндегі өкілеттіктерін күшейту, халық­тың санита­риялық-эпидемиялық саламат­тылығы сала­сындағы мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларын әлеуметтік қорғау бойынша шаралар енгізу, Денсаулық сақтау министр­лігіне төтенше жағдайды енгізу кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібін айқындау бойынша құзырет беріл­мек. Бұдан бөлек, заңнамалық актілерді кодекс­тің жаңа редакциясына сәйкес келтіру мақ­сатында «Қазақстан Республикасының кей­бір заң­намалық актілеріне денсаулық сақтау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді.

Сенаторлар заң жобаларын талқылау барысында ұсынылған өзгерістер мен толық­тыруларды ескере отырып, оларды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қаралған заң жобалары отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға жаңа серпін береді.

«Кодекс жобасы Сенаттың барлық қоми­тет­терінде жан-жақты әрі мұқият пысық­­талды. Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер қаралып, ұтымды пікірлер айтылды. Соған сәйкес, Сенат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына және ілеспе жобаға бірқатар маңызды түзетулер енгізді. Олар, ең алдымен, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Аталған кодекс жобасы ұлт денсаулығын нығайтумен қатар, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау сияқты бірқатар маңызды басымдықтарды қамтиды. Алдағы уақытта бұл құжат отандық медицинаның өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қабылдады.

Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әзірленген. Заң жобасының басты мақсаты – бұзылған немесе даулы материалдық субъективті құқық­тарды немесе заңмен қорғалатын мүд­делерді нақты қорғауды қамтамасыз ету мақ­сатындағы сот актілері мен өзге де орган­дардың актілерін мәжбүрлеп іске асыру тәрті­бінің тиімділігін арттыру. Сондай-ақ заң жоба­сы жала жапқаны үшін жауаптылықты қыл­мыстық сипаттан арылтуды көздейді.

Заң жобасы сот орындаушысы қабылдай­тын іс жүргізу құжаттарын, іс-әрекеттерді оң­тай­ландыруға және осы іс-әрекеттердің дәйектілігін айқындауға, жеке сот орындаушылары кеңсесінің қызметін реттеуге, олар­дың тәртіптік тәжірибесін жетілдіруг­е, цифр­лы технологияларды енгізуге, атқару­шылық іс жүргізу тараптары үшін мәжбүр­леп орындату жүйесінің ашықтығы мен қолжетім­ділігін арттыруға, азаматтардың конститу­циялық құқығы мен бостандығын іске асыруда қылмыстық және әкімшілік заңнаманың ережелерін жетілдіруге бағытталған.

Сенат отырысында «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне цифр­лы технологияларды реттеу мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қабылданды. Құ­жаттың міндеттері – дербес деректерді қор­ғау саласындағы уәкілетті органды және оның негізгі функцияларын айқындау, цифр­лық технологияларды қолдануға байланыс­ты қоғамдық қатынастарды реттеу және ақ­па­рат­тық-коммуникациялық технология­лар саласындағы жобаларды іске асыру кезінде жағдай жасау, бейне мониторингтің ұлт­тық жүйесін құру және оның жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз белгілеу. Заңды қа­был­­дау азаматтардың жеке деректерін қор­­ғау жөніндегі заңнамалық кепілдіктерді кү­шей­туд­і, индустриялық, инновациялық, сырт­қы сауда қызметі саласындағы уәкілетті ор­ган­дардың функцияларын ажыратуды, «зият­керлік робот» ұғымын заңнамалық ай­қын­дауды, электронды өнеркәсіп саласында мем­лекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкі­летті органды айқындауды қамтамасыз етеді.

Палата отырысында «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының кейбір заңнамалық акті­леріне тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң да қабылданды. Құжаттың мақ­саты – тұтынушылардың құқықтарын қор­ғау сала­сындағы құқықтық қатынастарды одан әрі жетіл­діру, тұтынушылық дауларды сот­қа дейін реттеу институтының рөлі мен мәр­тебе­сін кү­шейту, сондай-ақ бизнестің тұты­ну­­­шы­лар ал­дын­дағы әлеуметтік және матер­иал­­­дық жауап­кер­шілігін арттыру. Құжат тұтыну­шы­лардың шағымдарын қараудың 3 сатылы жү­йесін енгізуге, Үкімет жанындағы консуль­та­тивтік-кеңесші орган саналатын тұтынушы­лар­дың құқықтарын қорғау жөніндегі мекеме­ара­лық кеңес құруға мүмкіндік береді. Тұтыну­шы­лар­дың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі шаралар енгізуге жағдай жасалмақ.

Бұдан басқа, «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының заңына халық­аралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Заң жобасы­ның мақсаты – навигациялық пломбаларды және оның инфрақұрылымын пайдалана отырып, транзиттік тасымалдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ осындай жүйенің ұлттық операторын және оның өзара іс-қимыл тәртібін оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемле­кет­тердің мемлекеттік органдарымен бірлесе анық­тау. Құжаттың негізгі міндеттеріне мем­лекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес конкурстық негізде халықаралық тасымалдарды қадағалау жүйелерінің ұлттық операторын айқындау жөніндегі Үкімет құзыретін белгілеу; Қазақстан аумағы арқылы автомобиль тасымалдары кезінде навигациялық пломбаларды қолдану жөніндегі заңнама нормаларын бекіту, сондай-ақ өзара іс-қимыл, пломбаларды жалға алу, жауапкершілік мәселелерін реттеу жатады.

 

Соңғы жаңалықтар