Аймақтар • 17 Маусым, 2020

Спорт саласында – қарқынды құрылыс

578 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында шалғайдағы бірнеше ауданда жергілікті тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануы­на тікелей ықпал ететін денешы­нық­тыру-сауықтыру кешен­дерінің (ДШСК) құрылысы екпінді түрде жүргізіліп жатыр. Мысалы, облыстық бюджет қаражаты есе­бінен Қарқаралы қаласында 320 орындық ДШСК құрылысы басталады. Осы ауданның Егін­дібұлақ кентінде дәл осындай кешеннің жобалау-сметалық құжат­тамалары әзірленіп жатыр.

Спорт саласында – қарқынды құрылыс

«Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасы аясында Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентін­де 320 орындық кешеннің құры­лысы биыл салынып, Ақсу-Аюлы ауылында спорт мектебі ғимаратының қасбеті жөнделді.

2020 жылға арналған «Еңбек­пен қамтудың жол картасы» бойынша республикалық бюджет есебінен сегіз спорттық ны­сан­ның құрылысы басталады. Мұның ішінде Атасу және Нұра кенттеріндегі жүзу бассейндері бар. Сондай-ақ Қарсақбай ауы­лында 100 орындық, Ұлытау ауда­нының Жезді кентінде және Ақ­тас елді мекенінде 160 орындық спорттық сауықтыру кешендері салынатын болады.

Қарағанды сынды ірі қалада бір ипподромның жоқтығы көптен бері айтылып келе жатқан түйткілді мәселенің бірі еді. Биыл оның да шешімі табылғандай. Бүгінгі күнде атшабарға арналған 50 гектар жер телімін ресімдеу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар облыс орта­лығында бұқара халыққа қажетті бұдан басқа да бірқатар спорт ны­саны бой көтермекші. Мысалы, қазіргі уақытта құрылы­сының аяқталуы келесі жылға деп жоспарланған үш мың адам сыятын футбол манежі мен күрес орталығының жобалау-сметалық құжаттамаларына түзе­ту­лер ен­гізілуде. Ал кеншілер аста­насындағы 50 метрлік жүзу бассейнінің құрылысына бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген.

Қазіргі уақытта «Шахтер» ста­дио­­нында күрделі жөндеу жұмыс­тары қызу жүріп жатыр. Стадионда трибунадағы орын­дықтар ауыс­тырылып, ғима­рат­тың қасбеті әрлендіріледі. Сон­дай-ақ спорт нысанының ішіндегі шешінетін орындар, жуынатын бөлмелер жөндеуден өткізіледі. Бұдан басқа, стадионда астынан жылытылатын және автоматты суару жүйесі­мен қамтамасыз етілетін көгал төсе­леді. Яғни жұ­мыс толық аяқтал­ған соң, футбол алаңы төртінші санатқа сай және Қазақстан футбол федерациясы мен УЕФА талаптарына сәйкес келетін болады.

Облыстағы екінші ірі қала Жезқазғанда ескек есу спорт мек­тебі есу базасының да жобалау-сметалық құжаттамалары жасалып, сарап­та­маның оң қорытындысы алын­ды. Нысанды 2022 жылы пайда­лануға беру жоспарланған.

Спорттағы құрылысқа де­меу­шілер де ден қоя бастады. Мысалы, жеке кәсіпкерлердің есебінен Теміртау қаласында дене шынықтыру-сауықтыру ке­шені, Пришахтинск елді ме­кенінде спорттық сауықтыру кешені, теннис орталығы, үстел теннисі орталығы, триатлон-парк салынып жатыр.

Облыста биыл бірнеше бас­­сейн­нің құрылысы бастал­ды. Атап айтар болсақ, Шах­тинск қаласында, Жаңаарқа ауда­нын­дағы Атасу кентінде және Нұра ауданындағы Нұра кентінде жүзу бассейндерінің құрылысы басталып кетті.

Қарағанды облыстық дене- шы­нық­тыру және спорт басқар­масының басшысы Темірхан Абылаев биылғы жазда Қараған­дыдағы теннис орталығы, Қар­қаралы мен Теміртаудағы дене шы­нықтыру-сауықтыру кешен­дері пайдалануға берілетінін айтады. Ал жылдың соңына таман Жаңаарқа ауданының Ата­су кентіндегі жаттығу залы бар жабық жүзу бассейнінің, Қар­сақ­бай кентіндегі 100 орын­дық денешынықтыру-сауық­тыру кеше­нінің құрылысы аяқталмақшы.

Бүгінгі күнде аталған бас­қар­ма тарапынан құрылыс жұ­мыстарымен айналысып жатқан мердігерлерге қойылатын талап күшейген. «Біз үшін құрылыстың сапалы жүргізілгені өте маңызды. Сол себепті, дәл қазіргі уақытта ауқымды түрде жүріп жатқан жұмыстардың барысын жіті назарда ұстайтын боламыз», дейді Темірхан Абылаев.

«Спорт саласындағы қолға алынған жобалардың жүзеге асуы облыс басшылығының тіке­лей назарында. Сол себепті, жауап­кершіліктің жүгін сезіне отырып, ортақ істің мүддесі үшін жер­­гілікті әкімдіктермен, мерді­гер­лермен тығыз қарым-қаты­нас­та жұмыс істеуге тура келеді», дей­ді Қарағанды облыстық дене шы­­нықтыру және спорт басқар­масы­ның басшысы Темірхан Абы­лаев.

 

Қарағанды облысы

 

Соңғы жаңалықтар