Қоғам • 22 Маусым, 2020

Сенімсіздік соңы – сергелдең (Жұқтырғандар саны 17 мыңнан асты)

292 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаһанға жайылған жаманат індет елімізде кеңінен етек алып келеді. Сақтық шараларын қатаң ұстануға құлықсыздық танытып, тиісті нұс­қау­ларға құлақ аспай, қауіпті вирусты әбден құтыртып алдық. Енді ауру­ханалар лық толып, орын тапшылығы сезіліп жатыр.

Сенімсіздік соңы – сергелдең  (Жұқтырғандар саны 17 мыңнан асты)

Бұл – шиеленіскен шетін жағдайдың бір шеті ғана. Карантинге жабылып, қаңырап тұрған нысандарды қосымша стационарға айналдырамыз-ау, алайда онда жатқызатын науқастардың бәрін қарауға медицина мамандарын қалай жеткіземіз? Covid-19 дертіне душар бол­ғандар күннен-күнге көбе­йіп келеді. 20 маусымдағы жағ­дай бойын­ша коронавирус инфек­ция­сын жұқтырғандар саны 16 779-ға жетті. Мұның сыр­тын­да симптомсыз сырқат­тан­ғандар 8229 адам болған. Сонда барлығын қоса алғанда індеттің құрығына ілінгендердің саны 25 мыңнан асып кетеді. Вирус жұқ­тырған, бірақ бойында бел­гілері байқалмайтын азаматтар 3 маусымнан бас­тап бөлек са­нақ­қа алына бастады. Өйткені ста­­­тис­­тикада емделуді қажет ете­­тін­­дер ғана көрсетіліп жатыр.

Жалпы, 15 өңірде коронавирус жұқ­тырғандар күрт өсті. Оның ішінде Ақмо­ла, Түркіс­тан, Қостанай, Павлодар облыс­тарында және Нұр-Сұлтан қаласында індет өршіп тұр.

Бұл вирус меңдеген жұрт­тың қарасы қалыңдаған са­йын стационарларда да орын жетпей, біраз сарсаңға салып жатыр. Мұндай келеңсіз көріністердің біразын әлеуметтік желілердегі көпші­ліктің байбаламынан байқауға болады.

Жақында елордадағы №1 қалалық ауру­ханада науқастар орын болмай, дәлізде жатқаны туралы видео тарап, бұған на­разылық білдіргендер аз болған жоқ. Мұ­ның анық-қанығын Нұр-Сұлтан қала­сы Денсаулық сақтау басқармасының баспа­сөз хатшысы Айжан Исадан сұрап білдік.

«Эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты көпбейінді №1 қала­лық ауруханаға жүгінгендер саны күрт артты. Апта басында осы ауруханаға қабыл­­данғандар шамадан тыс көбейіп, палаталардың босауына қарай науқастарды уақытша дәлізге ор­на­ластырған жағдай болды. Бүгінгі таң­да палаталарға 200-ден аса адам қабыл­данып, орналастырыл­ды. Тұр­ғын­дар­дан қаладағы осы эпиде­миялық жағдайға түсіністікпен қарап, ты­ныштықты сақ­тауды сұраймыз. Дәрі­гер­лер қолдан келген барлық қажетті ме­ди­­ци­налық көмекті көрсетіп жатыр», деді ол.

Алматы қаласында инфекциялық стационарлар – 95%, ал Нұр-Сұлтанда 90% толыпты.

Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева 19 маусым күн­гі мәлімдемесінде еліміздегі жалпы инфек­циялық стационарлар 75% толып тұрғанын атап өтті. Қазір инфекциялық стационарларда 7 544 төсек-орын дайындалған. Бұдан бөлек 373 реанимациялық төсек-орын бар, оның үштен бір бөлігіне ауыр хәлдегі науқастар жатқызылған.

Бұған қоса жедел жәрдемнің ша­қыр­ғанда келе қоймайтынын айтып, ша­ғымданатындар да жиіледі. Ал жедел жәр­дем көліктері жаны қысылғанға жетіп барғанның өзінде науқастарды қайда апарын білмей дал болып жатыр. Өйткені аурухана, стационарларда оңайлықпен орын табыла қоймайды. Сондықтан тұрғындарға аумағы бойынша қарайтын емхана дәрігерлері көбіне үйлерінде оқшаулануға кеңес беруде. Ал ауруханаларға жағдайы орташа және ауыр науқастарды ғана жатқызуға тура келіп тұр. Әлеуметтік желідегі аза­маттың шағымына орай Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың та жауабы осыған саяды. Оның айтуынша, қалада жағдай тым қиындап, емханаларға күніне 100-ден аса науқас түсіп жатыр. Басқарма басшысы емханаларда орташа есеппен 200-300 орын болса, науқастардың бәрін сыйғызу үшін үш күн сайын инфекциялық стационар ашуға тура келетінін, ал мұның мүмкін емес екенін айтады.

«Бүгінде қалада Сovid-19 індетімен ауырғандарды емдеуге 10 емхана жа­сақталды. 1300-ден аса науқас емделіп жатыр. Басқа емханаларды вирус жұқ­тырғандарды емдейтін орынға бейімдеу мүмкін емес. Себебі олар басқа патология бойынша науқастардың өміріне араша болуда. Мәселе тек стационардағы орында емес, вирус жұқтырғандарды емдеуге дайын дәрігерлер тобының бар-жоғында. Соған сәйкес, жағдайы орташа ауыр не ауыр науқастарды ғана жатқызуға мәжбүрміз. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін дәрігерлерге түсетін салмақ еселеп артты. Оның үстіне бұл вирустың арнайы емі әлі табылған жоқ. Сондықтан азаматтардан ақылға келуін сұраймын. Жұрттың көбі біздің айтқандарымызды елеусіз қалдырып жатыр. Тіпті әлі күнге дейін вирус жұқтыру қаупі барына сенбейтіндер кездеседі. Мұның бәрі жағдайдың күрт нашарлауына әкеліп соғады», деді К.Надыров.

Науқастар симптомсыз және симп­­томдық болып бөлінеді. Қандай да бір клиникалық белгілері жоқ, бірақ ПТР-талдауы оң нәтиже көрсеткендер амбу­латориялық бақылауда болады. Коро­навирустың жеңіл түрімен ауыр­ған­дардың негізгі белгілері – тыныс алудың қиындауының болмауы, тыныс алу жиілігі минутына 24-тен кем, температурасы қалыпты немесе 38 градустан төмен, тамақ­тың қызаруы, жұтындырмауы, мұрын­ның бітелуі, шамалы жөтел, тамыр соғысы минутына 60-80 соққы шегінде болуы. Қазір індеттің осы жеңіл түріне шалдыққандар үйлерінде ем-дом қабылдап жатыр. Алайда олардың да шағымы аз болмай тұр. Бір мәселесі – қажетті дәрі-дәрмекті сатып алуға қалтасы көтере бермейді, оның үстіне іздеген дәрісі дәріханадан табылмайды.

Сонымен қатар көпшілік бойында коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тесттің жеткіліксіздігін, құнының қымбат екенін айтып қынжылыс білдіріп жатыр. Соған қарамастан ПТР-тест ала­тын зертханаларға қарай ағылған жұрт кө­бейді. Олардың арасында вирус­тан аманы да, жұқтырғаны да бар. Ал әлеуметтік ара­қашықтық сақталмай, ұзын-сонар кезек­тің пайда болуы вирус­ты одан сайын өршітіп жіберуі мүмкін. Бұл мәселені рет­теу үшін тиісті орындар клиникалық немесе эпидемиялық белгісі байқалмайтын азамат­тардың тесттен өтуінің қажеті жоқ деп отыр.

Л.Ақтаева биыл наурыз айынан бас­тап коронавирус бойынша 1 271 471 зерт­ханалық зерттеу жүргізілгенін атап өтті. Яғни осынша адам ПТР-тесттен өтті. Бұл – адам ағзасындағы вирустың фрагменттерін анықтауға мүмкіндік беретін молекулярлы биологиялық әдіс. Сәуір айының алғашқы жартысында тәулігіне 5 мың адам, екінші жар­тысында тәулігіне 14 мың адам ПТР-тест­тен өткен. Бүгінде тәулігіне 28 мыңға жуық тест жүргізіліп жатыр. Мемлекет бас­шы­сы тест жүргізуді әлі де арттыруды тапсырды.

«Қазіргі таңда тест-жүйелерінің қалдығы – 501 мың. Оның ішінде мем­лекеттік зертханаларда 300 мыңнан асады. Бұл – 18 күндік қор. Қосымша зерт­ханалардың қуатын тәулігіне 35 мыңға дейін жеткізу көзделген. Ол үшін үкіметтік резерв есебінен 1,2 млн тест-жүйесі сатылып алынады. Жүргізіліп жатқан тесттердің саны бойынша мәлі­метті келтірсек, 100 мың адамға есептегенде Қазақстан тәулігіне 7 мың адамды тесттен өткізеді. Басқа елдермен салыстырып көрелік: 100 мың адамға есептегенде Аустрия мен Канадада күніне
6 мың адам, АҚШ-та 8 мың адамды өткізеді. Бұл тізімде Қазақстан 34-орында тұр», деді Л.Ақтаева.

Оның айтуынша, медициналық ұйым­дарда инфекциялық және прови­зорлық стационарларға жатқызылған, ЖРВИ, пневмония белгілері бар немесе КВИ жұқтырған, медициналық бақылаудағы азаматтар тестілеуден өтеді. Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша науқастармен жақын қарым-қатынаста болған азамат­тар, стационарға жоспарлы немесе шұ­ғыл түскен пациенттер, медициналық-әлеу­меттік мекемелерге түскен азаматтар тесттен өтеді. Сонымен қатар тест алдын алу шарасы үшін де өткізіледі. Ол санат бо­йын­ша өтетіндер – Қазақстанға шетелден келетін азаматтар, жұқтыру қаупі жоғары медици­на қызметкерлері мен әскерге ша­қы­рылушылар.

Індет белең алған шақта медицина мамандарының жетіспей жатқаны аздай, олардың біразы қызмет етуге қауқарсыз болып қалып жатыр. Өмірін тәуекелге тігіп, қауіпті аймақта вирус жұқтырғандардың жанына жалау болып жүрген дәрігерлердің өздері де бұл кеселдің кесапатынан құтыла алмауда. 18 маусымдағы дерек бойынша коронавируспен ауырған науқастардың
12 пайызы – медицина қызметкерлері. Жалпы саны – 1 904. Олардың 30 пайызы жұмыста жүріп жұқтырған екен.

Коронавирус инфекциясының кеңі­нен тарала бастауы басқа ауруларды асқындырып жіберді. Бүгінде еліміздің тұс-тұсында өкпесі қабынғандардың тым көбейіп кеткені жиі айтылуда. Маусым айында ауруханаға пневмония­мен тү­сетін­дер саны жыл басындағы шамамен салыстырғанда 100 есе өскен. 18 мау­сымда Covid-19 індетінен 97 науқас көз жұмса, соның ішінде 54 адамда бұрыннан инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар сияқты дерттер болған. Яғни бұл жағдайда коронавирус жанама әсер еткен.

Төтеннен келген бұл тажалға денсау­лығы онсыз да тәуір болмай жүрген туы­старымыздың, жасы ұлғайған үл­кен кісілердің төтеп беруі екіталай. Сон­­дықтан айналамыздағылардың да аман­дығын ойласақ, сақтық шараларын барынша қатаң ұстану маңызды. Жаңа індеттің барына сенбей, секеммен қарап, селқостық танытқанымыздың соңы үлкен бейберекетке әкеліп соқтыруы мүмкін.