Аймақтар • 22 Маусым, 2020

Ақжайықтан – Алтайға, Мыңшұқырдан – Мұзтауға

484 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы құрметіне Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында балалар мен жасөспірімдер туризм орталығының ұйымдастыруымен ерекше жорық басталды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақжайықтан – Алтайға, Мыңшұқырдан – Мұзтауға

Ақжайық ауданында балалар мен жасөспірімдер туризмі жақсы дамыған. Аудан оқушылары бұған дейін де қиындығы түрлі дәрежедегі жорықтарға қатысып, сыннан өткен. Көз сүрінетін төбесі жоқ мидай жазық даланың ұландары 2015-2017 жылдары Жоңғар Алатауына тау жорығын жасап, жерлестерін таң қалдырып еді. Биыл әйгілі ақын жерлесі Жұбан Молдағалиевтің ғасырлық мерейтойына орай тағы бір ерекше сапардың тұсауы кесілді.

"Бұл жорығымызды Жұбанның кіндік қаны тамған Мыңшұқыр қонысынан бастадық. Ақынның бейнесі салынған кілемше бізбен бірге Орал, Нұр-Сұлтан, одан әрі Алтай тауының қасиетті биігі 4506 метрлік Мұзтау шыңына шығады. Жүрген жерімізде жергілікті туризм орталықтарымен бірге ақынды еске алып, шаралар өткіземіз. Жорықты Алматы қаласында – ақынның зираты басында қорытындылаймыз", - дейді Ақжайық ауданындабалалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы, Мәскеу балалар туризмі академиясының құрметті профессоры Қуаныш Аққалиев.

Аудандық балалар туризмі орталығының мүшелері, Тайпақ орта мектебінің оқушылары Мыңшұқырдағы шарадан кейін ауылдық округ орталығы Қарауылтөбе ауылына дейін 60 шақырымдық даланы велосипедпен жүріп өтті. Сөйтіп, ақын суреті бейнеленген кілемшені "Альпілік 3А" санатына жататын тау жорығына аттанғалы отырған Қуаныш Ізімғалиұлына табыс етті. Шараға қатысқан жергілікті ақын Сағынтай Бисенғалиев алыс сапарға аттанғалы тұрған таушыға ақжол тілеп, өлең шумақтарын арнады. Қуаныш Аққалиев Орал қаласынан маусымның 24-і күні аттанбақ.

Д

 

Батыс Қазақстан