Қоғам • 25 Маусым, 2020

Біз – еріктіміз!

364 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан Жоғары меди­ци­на­лық колледжі жанында жас­тарға аза­маттық-патриоттық, эсте­тикалық-эко­логиялық тәрбие беріп, саламатты өмір салтын насихаттайтын пәндік үйір­мелерге 800-ге жуық студент – мүше.

Біз – еріктіміз!

Жалпы, медицина ма­мандығының өзі қайырым­дылық, яғни бөгде адамға көмек беруден бастау алады ғой. Сондықтан колледж студенттері тәжірибелік са­бақ­тарда түрлі ортаға барып, ел медицинасының дамуына қатысты мәліметтерді жинайды. Ірі сауда орталықтары мен базарларда, халық көп жиналатын орындарда адам­дардың қан қысымын жүйелі түрде өлшеп тұрады. Бұл іс олардың оқу бағдарламасына кірмейді. Бірақ болашақ кәсібіне сай адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату, халықпен мәдениетті, сауатты сөйлесе білу, жал­пы коммуникативтік дағ­ды­сын қалыптастыру мақса­тында жүргізіледі. Емдеу мекемелері мен жедел-жәр­­дем стансаларында өт­­кі­зілетін тәжірибелік са­бақ­­тардан бөлек, түрлі әлеу­­меттік мекемелерде де олар алған білімін тәжі­­рибе жүзінде байқап көреді. Ал патронаждық кү­тімге бару арқылы ерікті ретінде учаскелік медбикеге көмек көрсетеді. Мұнан басқа емделушілерді электронды жүйеге тіркеу, олардың ауру тарихындағы мәліметтерді компьютерлік жүйеге енгізу, емделушіні қабылдау кезіндегі кәсіби көмектер сынды жұмыстар емханаларда жетерлік. Осы­ның бәрін медициналық кәсіпке машықтанып жүрген еріктілер атқаратыны сөзсіз.

Денсаулық басқармасы жанынан жұмыс жасайтын көптеген ұйым, мысалы «Саламатты өмір салтын қалып­тастыру» орталығы, СПИД, ВИЧ ауруларымен күрес орталықтары, Қан орталығы мамандары да колледж еріктілерінің қыз­метіне жүгінеді. Айта­лық, «Медбикелік іс» бөлімі­нің «Мейірім» үйірмесі ерік­тілері мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйым­дарда қол жуу техникасын үйрету сабақтарын жүйелі түрде жүргізеді. Ал «Аялы алақан» үйірмесі учас­ке­лік дәрігерлерге қол­ға­быс етсе, «Гиппократ» үйір­­месінің мүшелері мүм­кіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін орталық қыз­меткерлеріне жиі көмекке барады. Олар өз қолымен тоқыған ойыншықтарын сыйлап, жалпы күтім бойынша алған білімін іс жүзінде қолданады. «Акушерлік іс» бөлімінің еріктілері өз ма­мандығына сай мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында «Қыз балалардың жеке бас гигиенасы», «Жоспарсыз жүктілік салдары», «Отбасын жос­парлау», «Қыз тағдыры – ел тағ­дыры» тақырыптарында танымдық дәрістер мен тренингтер өткізуді дәстүрге айналдырған. «Фармация» бөлімінің еріктілері аталған маман­дықты мектеп оқушы­ларына мей­лін­ше насихаттауды мақсат етсе, «Ги­гиена және эпидемио­логия», «Ла­­бо­раториялық диагнос­тика» бөлі­мінің еріктілері тазалық, жеке бас ги­гиенасы, саламатты өмір салты, зиян­ды әдет­терден аулақ болу сынды тақырыптарда ақпараттық дәрістер, бейнероликтерді оқу орындарына тартаумен айналысады. «Емдеу ісі» бөлімінің еріктілері жедел жәрдем стансаларында, кани­кул кезінде ауылдық фельдшерлік амбулатория­ларда маусымдық вирустық дерттерден сақтандыру немесе алдын алу жұмыстарына белсенді араласады.

2020 жылдың Волонтер жылы деп аталған сәтінен бастап, кол­ледж­дегі бел­сенді студенттер топтас­қан Жастар комитеті мүшелері ерік­ті­лікке талпынысы бар жастардан волон­тер тобын жасақтап, жо­ға­ры­да тізбектелген іс-шара­лар­ға қо­сымша бірнеше жұмыс­ атқарып үл­герді. Ел Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевтың өзі белгілеп бер­ген еріктіліктің 7 бағытын негіз­ге алған Жастар коми­тетінің «Ашық жүрек» ерік­тілері «Білім» бағы­тын­да колледждің бітіруші тү­лек­теріне «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасы жө­нінде толық ақпарат беру мақсатында «Мемлекеттік бағ­дарламалар жастарға қыз­мет етеді» тақырыбымен Жастар ресурс­тық орта­лық­­­­тары мамандарымен, облыстық экономи­ка және бюджетті жоспар­лау бас­қармасының мама­ны­мен, Jas Otan жас­тар қа­наты өкіл­­­дерінің қатысуы­мен дөңгелек үстел ұйым­дас­тырды. «Үміт» ба­ғытында «Шапағат» меди­циналық-әлеу­мет­тік меке­ме­сіне «Күл­­­кі терапиясы» бағдар­ла­ма­сымен барып, мүгедек балалардың көңілін көтеріп қайтты. Қалалық жастар ресурстық орталығының жас­тарымен бірігіп, қала­мыз­дың ардагерлерінің үйі­не әр аптаның бейсенбі, жұма күндері барып, денсау­лық­тарына бақылау жасап тұру «Қамқор» бағытында жолға қойылған. «Асыл мұра» бағыты «Ұлы жолдар өз табалдырығыңнан бас­талады» ұранымен кол­ледж кітапханасында кітап­тарды түптеу, желімдеу жұ­мыстарын атқарып, әлеу­меттік желі арқылы көмек сұра­ған Орал қалалық зағип жандарға арналған арнау­лы кітапханасында да сани­тарлық, тазалық жұ­мыс­та­­рын жүргізді. Сондай-ақ кол­ледж еріктілері өзде­рі құ­ралыптас жас­тарға ал­ғаш­қы көмек көрсетудің оң­тай­­ландырылған әдісінен шеберлік­сынып ұйымдастырып отырады.

Елде жарияланған тө­тен­ше жағ­­дайға байланыс­ты қашықтан оқы­ту режі­мінде білім алушылар ка­ран­тин кезінде де «Қол жуу алго­ритм­дері» бейнеролигін түсіріп, әлеу­меттік желі ар­қы­лы көпшілікке таратты. Індетпен күрес кезінде кол­­леджіміздің 19 сту­денті жедел жәр­дем стансасы қыз­мет­керлері қа­та­рында тең дә­режеде ел игілігіне ең­бек етіп жүр. Бұл – біз үшін үлкен мақ­таныш.

 

Әсемгүл МИМАРУКҚЫЗЫ,

Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжі Жастар комитетінің инспекторы