Аймақтар • 26 Маусым, 2020

Ауыл әлеуетін арттыру – басты назарда

341 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 16 жоба қолға алынып отыр. Мемлекеттік бағдарламаның, әсіресе шалғайдағы елді мекендерге тигізіп жатқан игілігі мол. Бүгінде облыс орталығынан 600 шақырымдай шалғай жатқан Жангелді ауданында көптен күтім көрмеген мектеп, аурухана ғимараттары жаңарып, бұқаралық спорт нысандары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Ауыл әлеуетін арттыру – басты назарда

 

Аурухана модульді құрылғымен жылиды

Торғай кентіндегі аудандық аурухананың іргесі 1975 жылы қаланған.  Көптен бері дұрыс күтім көрмей тозыңқырап қалған екі қабатты ескі ғимаратқа биыл сәуір айында күрделі жөндеу жұ­м­ы­стары басталды. Қазір мұн­да қызу жұмыс жүріп жатыр. Емдеу ме­ке­месінің хирургиялық, ота жасау бөлімдері мен әкім­ші­лік ғимараты жаңартылып, заман талабына сәйкес іші-сырты қапталып, бүтінделіп, төбесі қайта жабылуда.

– Бұл енді көптен күткен үлкен қуаныш. Жуырда ауданға жасаған сапарында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс барысын көріп кетті. Сол кезде шешілген тағы бір мәселе, қазір күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан екі қабатты ғимараттың сыртында тағы екі ғимарат болатын. Оның біреуінде емхана мен перинаталды орталық орналасқан. Екіншісінде жұқ­па­лы ауруларды емдейтін. Бұған дейін осы үш емдеу ғи­ма­ратының әрқайсысы бөлек жы­лы­тылатын. Әр ғимаратта дербес бір жылу қазандығы болатын. Оның шығыны аз емес еді, отын көп кететін. Енді бүкіл аурхана кешені, яғни жаңағы үш ғимараттың бәрі модульді жылу қазандығы арқылы орталықтан жылытылатын болады, – деді аудан әкімі Шота Оспанов.

1

«Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ла­масы бойынша жүзеге асыры­лып жатқан бұл жобаның жалпы құны 420 млн теңге болады. Қаржы облыс бюджетінен бөлініп отыр. Бұл денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен істеліп жатқан шар­уа. Бас мердігер – «Аллюминий құ­ры­лыс» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі.

– Күрделі жөндеу жұмыстары сәуірде басталған. Қазір мұнда 55 адам жұмыс істеп жатыр. Аурухананың 56 орындық дербес хирургиялық корпусы толық жаңартылады. Биыл қыркүйек айында толық аяқтап, тапсырамыз, – деді серіктестік басшысы Абай Мұқанов.

Аудандық аурухана бас дәрі­ге­рінің міндетін атқарушы Қуат Әлмағамбетовтың айтуынша, қазір аудан көлемінде жалпы саны 300-ге жуық медицина қыз­меткері бар. Ауданда медби­ке­лер жеткілікті болғанымен, дәрігер мамандар жағы тапшы. Алайда аурухана күрделі жөн­деуден өтіп, медициналық құ­рыл­ғылармен толықса, кадр мәсе­ле­сінің де шешілетін түрі бар. Өйткені биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бо­йынша ауылға жұмысқа тұрған жас мамандарға берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі артты. Сонымен қатар ауылдағы жас ма­мандарды баспанамен қамту мәсе­лесі де оңай шешіледі. Бұл мақ­сатта әрбір жас маманға жылдық сыйақысы 0,01% болатын 4 млн 167 мың теңге көле­мін­де қаржы беру көзделіп отыр.

 

«Топжарған» стадионы пайдалануға беріледі

Басты мақсат – ауылдық елді ме­кендердің әлеуметтік және ин­женерлік инфрақұрылымын да­мыту. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқа­тын жақсарту. Бұл бағытта қолға алынған ауқымды істің бірі – Торғайдағы «Топжарған» стадио­нын жаңарту жобасы. Ста­дион 154,8 млн теңгеге қайта жаңар­ты­лып жатыр. Аталған жобаның аясында 40 жаңа жұмыс орны құрыл­­ды. 20 жұмыс орны жұ­мыс­пен қамту орталығы арқылы ашылып отыр. Ауылдық елді мекендерде бұқаралық спорт түрлерін дамытуды көздейтін дене шынықтыру-сауықтыру кешені 3 мың адамға арналған.

– Бұған дейін аудан орта­лы­ғын­да бұқаралық спортқа орын жоқ болып келген. Мектептердегі, спорт мектебіндегі спорт залда­рынан басқа жалпы бұқара халыққа арналған спорт алаңы жоқ болатын. Мектептегі спорт алаңдарының барлығы белгілі бір жас мөлшеріндегі мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге ғана арналған орындар. Сондық­тан жастардың жұмыстан кейін, кешкілік барып уақыт өткі­зіп, доп ойнауына, спортпен шұғыл­да­нуына мүмкіндік болмай келді. Қазіргі талап бойынша, мектептер жабық нысан саналады. Оған балалар мен мұғалімдер ғана кіре алады. Бөтен-саяқ адам кіруге болмайды. Бұрын ересектер тарапынан мектепке кіргізбейді деген шағым жиі түсіп жататын. Енді ертең «Топжарған» стадионы пайдалануға берілген соң, бұл мәселе шешіледі. Халық үшін жақсы болайын деп тұр. Енді
аудан орталығының тұрғындары жасына қарамай осында келіп спорт­пен айналыса алады. Мұн­да заманауи волейбол, футбол, баскетбол алаңдары салынады. Мұның сыртында, стадион жанынан жабық спорт кешені бой көтереді. Ауданда 12 мыңға жуық халық тұрады. Оларды тек еңбекпен қамтып қана қоймай, бос уақыттарын тиімді өткізу жағын ұйымдастыру маңызды. Спорт кешені дене шынықтыруға қажетті керек-жарақтың бәрімен толық қамтылады. Шешініп, киім ауыстыратын, жаттығу немесе қандай да бір спорттық шара аяқталған соң, жуынатын орын, ыстық, суық су бәрі бар. Жиһаздары толық жаңар­ты­лып,  заманауи кейіпке енеді. «Топжарған» стадионы алдағы уақытта аумақтық, ауданаралық жа­рыстарды, тіпті облыстық дең­гейдегі спорт шараларын ұй­ым­дас­тыруға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.

Уақытында Торғай спор­ты­ның бәсі басым, орны ерекше еді. Қазақ күресінен Орта­лық Азия біріншілігінде түйе пал­­уан атанған Таңатқан Дүйсе­кеев, Орталық Азия чемпионы болған Дүзелбай Айсин мен Бекет Махмұтов, әлем чемпио­ны Ерлан Естеков сынды саң­лақ спортшылар, өңір спор­ты­ның дамуына елеулі үлес қос­қан әйгілі палуандар Берік Әбі­лақасов, Жұмақан Қасым­қа­­новтар шық­қан өр рухты шал­ғай өңірден соңғы 20 жыл көлемінде жұрт ауып, халық саны сиреп кетті. Сондықтан дәл қазіргі тұста, әсіресе осы Торғай өңіріндегі қазақтың бесі­гін тербеткен қаймағы бұ­зыл­­маған қараша ауылдарды «Ауыл – ел бесігі» сияқты тиімді бағдарламалар арқылы қолдау, қорғау шараларын кү­шей­ту керек-ақ. Кәсіп өркен­деп, жастар тұрақтап, бала саны көбейіп жатса, ауыл гүл­деніп, жасара бермек. Ал бүгін­де «Топжарған» стадионына жүріп жатқан күрделі жөндеу жұ­­мыстарының аяқталып, ны­сан­­­ның пайдалануға берілуін тағат­­сыздана күтіп жүрген тұл­пар шығар жастар көп. Спорт кеше­ні іске қосылса, айналасы 5-6 жыл­дың ішінде Торғайдан талай топ­жарған түлеп шығары шүбә­сіз.

 

500-ге жуық жұмыс орны ашылады

Биыл аудан орталығында 5 көше жаңартылады. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыс бюджетінен 170 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Ауыл әкімінің айтуынша, бұрын асфальттанған, бірақ бүгінде тозып кеткен көшелер кеңейтіліп, жаңартылмақ және бұрын-соңды асфальт көрмеген 1 шақырымға жуық жол жөнде­ліп, асфальт төселеді. Бұл жұ­мыс­тар­ды да «Алюминий құрылысы» серіктестігі жүргізіп жатыр.

– Техникамызды ертерек жет­кі­зіп алдық. Қазір жол жөн­деу жұ­мыстары жартылай еңсе­ріл­ді. Кө­шелер кеңейтіліп, қазір­гі технология талаптарына сай тегістеледі. Ауыл­дың ажарын көше ашады. Түзу жол, сәнді көше Торғайды көрік­ті ете тү­се­ді. Біз бұл жобаға жер­гілікті тұр­ғындарды да тартып жатырмыз, – деді серіктестік бас­шысы.

Жалпы, Жангелді ауданында биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жалпы құны 2 млрд теңгеге жуық 8 жоба мақұлданған. Бұл жобалар аудан тұрғындарының жұмыспен қам­тылуына септігін тигізуі тиіс.

– Осы жобалар арқылы жұ­мыс­сыз адамдарды жұ­мыс­қа қабылдап жатырмыз. Олар­дың тиісті еңбекақылары мен зей­нет­ақы төлемдерін мер­ді­гер­лер төлейді. Бұл бағытта аудан­да біраз жұмыс атқарылды. Қазір 5 жоба өз деңгейінде жұ­мыс істеп жатыр. Қалған үш жобаның мердігері енді ғана анықталды. Олар жұмыс бас­тау­ға дайындық шараларын қамдауда. Техникаларын дайын­дап, материалдарын жеткізіп жатыр. Биыл ауданда 478 жұ­мыс орны ашылады. Оның ішінде 239 адамды жұмыспен қамту орталығы арқылы ресми түрде орналастырамыз деп жос­парлап отырмыз. Қазірдің өзінде 114 адамды жұмысқа орна­ластырдық. Ал жұмыспен қамту орталығы арқылы 63 адам жұмыс істеп жатыр, – деді аудан әкімі Шота Оспанов. 

 

Жеті ауылға жылдам интернет жетті

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ин­тернет игілігін Жангелді ауда­нының тұрғындары да се­зі­не бастады. Биыл ауданда тал­шық­ты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы аяқталды. Торғайға жұмыс сапары барысында желілік-техникалық цехқа өңір басшысы Архимед Мұхамбетов бас сұғып, «Қазақ­те­леком» тора­бының жұ­мы­сымен та­ныс­қан. Солтүстік өңір­лік теле­­коммуникация дирек­ция­сы­ның басшысы Ерсайын Дүй­се­нәлиевтің айтуын­ша, бү­гін­гі таңда ауданның 23 елді мекені телефон қызметімен толық қамтылған. 9 елді мекенде мо­бильді байланыс бар. Ал 7 ауыл «Қазақтелеком» интернетін пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.

«Қазақтелекомның» Сол­түс­тік филиалы мемлекет-жеке­­меншік әріптестігі арқылы Қалам-Қарасу, Сужарған, Ақ­шы­ғанақ, Көкалат, Аралбай, Торғай, Тәуіш елді мекендеріне дейін жалпы ұзын­ды­ғы 240 шақырымнан асатын тал­­шық­ты желі өткізген. Енді бұл ауыл­дар­дағы білім беру, ден­сау­­лық сақтау, ауыл шаруа­шы­лы­ғы нысандары мен жергілікті әкім­ші­лік, полиция, тағы басқа 24 мем­­ле­кеттік мекеме кең жолақты ин­тер­нет желісіне қосылады. Бү­гін­ге дейін бұл ауылдарда 7 мекеме интернетке қосылып үлгер­ген. Жыл­дам интернеттің жеткені, әсіре­се жергілікті тұр­ғын­­дар үшін үлкен қуаныш.

Е.Дүйсенәлиевтің айтуын­ша, алдағы уақытта 250-ден астам тұрғыны бар елді ме­кен­дерді жоғары сапалы мобиль­ді бай­ла­ныс­пен қам­та­масыз ету үшін Ақкөл, Ақшы­ғанақ, Көкалат, Аралбай, Тәуіш, Саға, Шилі ауыл­да­рына ұялы байланыс опе­ра­тор­ларының мұ­на­ралық бекеттері ор­наты­латын болады.

 

Қостанай облысы