Спорт • 26 Маусым, 2020

Бір ауладан – үш чемпион

161 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екібастұздағы 9-шы шағын ауданның бір ғана ауласынан үш чемпион шыққан. Олар – кикбокс­шы Нұрсұлтан Хасанов, джиу-джитсу шебері Диас Еренғайыпов және кәсіпқой боксшы Мұса Тұрсынғалиев!

Бір ауладан – үш чемпион

Бізге мұндай қызықты деректі Екібастұз қала­сының тұрғыны Жомарт Матенов хабарлады. Оның айтуынша, бір ауладан жастары шамалас үш чем­пионның шығуы – сирек кездесетін оқиға.

– Бүгінде үшеуі де спортсүйер қауымға танымал. Олардың бір аулада ержетіп, әлемдік спорттың шыңын бағындыруы – мақ­танарлық және жастарға үлгі боларлық жағдай, – дейді Жомарт Матенов.

Белгілі болғандай, Мұса Тұрсынғалиев академик Марданов кө­шесіндегі 23-үйде, Диас Еренғайыпов Сәтбаев көшесіндегі 48-үйде, ал Нұрсұлтан Хасанов Естай Беркімбаев көшесіндегі 104/2-үйде тұрған.

Қызық үшін Екібас­тұздың электронды картасына үңіліп, спортшылар тұрған үйлердің орналасуына назар аудардық. Шынымен де, үш үй үш түрлі көшемен аталса да, бір-біріне өте жақын орналасқан екен.

Спорттағы қадамдарын Екібастұзда бастаған спорт­шылардан қазір ту­ған қаласында тұрып жат­қаны Диас қана. Ол осы шаһар­дан «Yerengaipov Team» деген жеке клубын ашып, жергілікті жастарды жекпе-жек өнеріне бау­луда. Нұрсұлтан Хасанов – бүгінде Павлодар қа­ла­сының тұрғыны. Іш­кі істер органдарында қызмет атқарады. Ал Мұ­са спорттық мансабына бай­ла­­нысты мұхит асып, АҚШ-ты мекен етуде.

Енді спортшылардың жетістіктеріне аз-кем тоқ­талып өтейік. Үш спорт­шының ішінде жас жағынан үлкені – Нұрсұлтан Хаса­нов. Ол 1991 жылдың 7 мамырында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сабыржан Жақыповтың шәкірті.

Нұрсұлтан – Азияның екі дүркін чемпионы. 2012 және 2015 жылдары Сарықұрлықтың теңдессіз спортшысы болды. Ал 2017 жылы Мажарстан астанасы Будапештте өткен әлем біріншілігінде чемпион атанып, ел ме­рейін өсірді. Былтыр Ресей­дің Анапа қаласында ұйым­дастырылған Әлем кубогында топ жарып, қоржынын кезекті қомақты жүлдемен толықтырды. Бір сөзбен айтсақ, Нұр­сұлтан Хасанов дәл қазір­гі уақытта Павлодар өңірінің маңдайалды спорт­шы­ларының көшін бастап тұр.

Жекпе-жек өнерінің жанкүйерлеріне Диас Еренғайыповтың есімі жақсы таныс. Ол 1995 жылы туған. Аралас жекпе-жектен ел намысын қорғап жүр. Осы күнге дейін кәсіпқой рингте 11 кездесу өткізіп, соның сегізінде жеңіске жеткен. Қайсыбір жарыста Чешенстан президенті Рамзан Қадыровтың өзін өне­рімен тәнті еткені бар. Сол кезде біздің спортшыға риза болған Қадыров тік тұрып құрмет көрсетіп, қолын қысқан-ды.

Диас Еренғайыповтың 2017 жылы джиу-джитсудан Италияда өткен әлем біріншілігінде чемпион болғанын бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Сондай-ақ ол жекпе-жек пен джиу-джитсудан бөлек, қоян-қолтық ұрыс, панкратион, грэпплинг секілді спорт түрлерін де жақсы меңгерген. Жоғарыда атап өткеніміздей, қазір спорттық мансабын жал­ғастыра жүріп, жеке клу­бын ашып, шәкірт тәр­биелеуде.

Бүгінде Мұса Тұрсын­ғалиевті де білмейтін адам кемде-кем. Кәсіпқой бокста қарсылас шыдатпай жүрген шаршы алаң шебері 1994 жылы туған. Жартылай жеңіл салмақта өнер көрсе­тетін Мұса, осы күнге дейін 10 жекпе-жек өткізіп, бар­лығында жеңіске жетті. Соның алтауын уақытынан бұрын, яғни, нокаутпен аяқтаған.

Мұсаның мықты­лы­ғына таңдай қаққандар көп. Мәселен, ол кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін 2017 жылдың қа­раша айында өткізді. Ол дәл сол жылы Мек­си­када 19 күннің ішін­де алты кездесуге шығып, бар­лығында қарсылас­тарын тізерлетті.

Мұса осы жылдың наурызында АҚШ-та арген­тиналық Эсекьель Тевеспен қолғап түйістіруге тиіс еді. Алайда жекпе-жек коронавирусқа байланыс­ты кейінге шегерілді. Айтпақшы, Мұса – жартылай жеңіл салмақта WBA-ға (Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы) қарасты NABA (North America Boxing Association – Солтүстік Америка бокс қауымдастығы) тұжы­рымының чемпионы.

Атап өтерлігі, үш жер­лесіміз де спорттық мансабын әлі аяқтаған жоқ. Қайта, нағыз бабында жүр. Демек, олардың алтын-күміс ие­леніп, Қазақстанның абыро­йын одан әрі асқақ­татуға мүмкіндіктері мол. Жұ­дырығы жойқын, теп­кісі темір жігіттерді жеңіс тұғырынан ғана көрейік!  

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы