Үкімет • 01 Шілде, 2020

Ендігі талап – цифрлы сауат

241 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында цифрлы экономика үшін адами капиталды дамыту мәселесі қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұ­мағалиев, «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының басқару­шысы Қайрат Келімбетов баян­дады.

Ендігі талап – цифрлы сауат

 

3 млн-нан аса маман даярланды

А.Аймағамбетов атап өткендей, қазір­гі таңда адами капитал кез келген мем­лекеттің бәсекеге қабілеттілігінің бас­ты факторына айналды. Дүниежүзілік эконо­микалық форумның баяндамасында болашақта 10 жұмыс орнының 9-ы цифр­лы дағдыларды талап ететіні атап өтіл­ді. Осыған орай 2030 жылға қарай әлем бойын­­ша кем дегенде 1 млрд адамды қайта оқыту қажеттігі туындады.

McKinsey болжамдарына сәйкес, 2030 жылға қарай цифрлы дағдыларға деген қажеттілік кемінде 55%-ға өседі. ЭЫДҰ баяндамасында жұмыс орын­дарының 32%-дан астамы цифрландыру нәтижесінде түбегейлі өзгереді деген болжам келтірілген. Бұл ретте компьютерлік сауаттылық туралы ғана емес, сонымен қатар алдыңғы қатарлы цифрлы құзыреттер туралы да айтылып отыр.

«Цифрлы құзыреттілікке қосымша, адам капиталы үшін функционалдық сауаттылық, сыни ойлау, креативтілік, оқу және талдау қабілеті болып табылатын soft skills-ті дамыту қажет. Бұл бағыттағы басты қадамдарды біз бастадық», деді Білім және ғылым министрі.

2016 жылдан бастап еліміздегі мектептерде функционалдық сауаттылықты дамытуды қарастыратын жаңа білім беру бағдарламалары енгізілуде. Келесі оқу жылында мектептердің жаңа бағдар­ламаларға көшуі аяқталады.

Келесі қадам – білім берудің барлық деңгейлеріне цифрлы құзырет енгізу.  Министрліктің алдында әлемдік стандарт­тарға сәйкес IT саласының мамандарын даярлау, барлық азаматтардың базалық цифрлы сауаттылығын қамтама­сыз ету сынды міндеттер тұр.

«Осыған байланысты Мемлекет бас­шы­­с­ының тапсырмасына сәйкес, біз «Цифрлы білім беру» ауқымды жоба­сын жүзеге асыруды ұсынамыз. Жоба үш негізгі бағыт­ты қамтиды. Бұл – база­лық цифрлы құзырет­тер, маман­­дан­дырылған IT-кадрлар­ды және басқа сал­алардың қызметкерлерін IT-құзыреті­мен үйлестіре отырып дайын­дау. Осы жобаның нәтижесінде терең IТ білімі бар жаңа мамандар даярланады», деді А.Аймағамбетов.

Аталған жоба аясында жыл сайын 400 мыңнан астам «цифрлы құзырет» кадрлары шығарылады. Осылайша 2030 жылға қарай барлық деңгейдегі оқу орындары жаңа формациядағы 3 млн-нан астам маман даярлайтын болады.

Министрдің айтуынша, орта білім беруде 2013 жылға дейін ақпараттық технологиялар пәні 7-сыныптан баста­лады, мазмұны ескіргеннен кейін ол 5-сыныпқа қосылды. Бұл бағдарламаларда көбі­несе компьютерді пайдалану, кеңсе қосым­шаларын меңгеру секілді қара­пайым дағдылар мен жаңартулар талап етілді. Сондықтан 2021 жылдан бастап цифрлы сауаттылық пәні 1 сыныптан бастап енгізіледі. Балалар алгоритмді, ақпараттық гигиена мен қауіпсіздікті үйренеді, 3 сыныптан бастап – Scratch кодтау тілін, STEM, 3D-принтинг, робот техника негіздерін үйренеді.

Сонымен қатар IOS, Android опера­циялық жүйелері, сондай-ақ Рython, С++ бағдарламалау тілдері оқытылады. Ол үшін еліміздің облыс орталықтарында 25 жаңа арнайы IT-лицей ашылды, 447 STEM зертхана және 2 мыңға жуық робот техника кабинеті ашылды. Оқушылар сарайларында 560-тан астам балалар технопаркі мен робот техника кабинеттері ашылды.

«Сабақтан тыс үйірмелерде балалар роботтарды бағдарламалауды, 3D-printing оқуды үйренеді. Дегенмен олар әлі де жеткіліксіз деп санаймын. Педагогтер де IT сауатты арттыру курстарынан өтеді. Әсіресе IТ оқытатын мұғалімдердің робот техника мен бағдарламалау бо­йынша оқудан өтуі маңызды», деді министр. Бұған қоса колледждерде IT-мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. Жаңа жоба аясында әр облыста IТ-құзыреттілік орталығы ашылады. Орталықтар WorldSkills халықаралық стандарттарын іске асыру үшін әдістемелік, талдау, жаттығу жұмыс­тарын ұйымдастырады.

Қазір елімізде IT-мамандығы бо­йынша жоғары білім беру жүйесінде 51 мыңнан астам студент білім алуда. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. 326 кәсіби стандарт негізінде IТ-бағыт бойынша бағдарламаның 95%-ы жаңартылды. Университеттерге академиялық еркіндік берілді. Жаңа оқу жылынан бастап 91 инновациялық бағдарлама енгізіледі.

 

Цифрлы сауаттылардың үлесі 82,1 %

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев бүгінде ел халқының цифрлы сауат деңгейі 82,1%-ды құрайты­нын айтты.

«Жалпы, IТ саласында адами капиталды дамытудың нәтижесінде бүгінгі таңда цифрландырудың жалпы экономикалық тиімділігі 802,5 млрд теңгені құрады. Әртүрлі салада 120 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Отандық стартаптарға 38 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Халықаралық рейтингтерде жақсы жетістіктер бар. Жұмыс әрі қарай жалғасады», деді министр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, бизнес пен экономика салаларын цифрландыруға ерекше назар аударылады. Оның ішінде экономиканы цифрландырудың басты драйвері ретінде 10 технологиялық платформа іріктелді. Нәтижесінде жаңа жоғары технологиялық компаниялар пайда болуда. Бұл үшін бірінші кезекте жоғары білікті мамандар қажет. Бүгінде IТ-мамандарға жыл сайынғы қажеттілік 30 мыңнан асады.

Елімізде IТ-мамандарын дайындайтын екі мамандандырылған жоғары оқу орны бар. Олар жетекші халықара­лық серік­тестермен бірлесіп оқу бағдарла­ма­ларын әзірлейді. Сонымен қатар үздік 10 ЖОО пулы құрылды. Олар х­алық­аралық университеттермен бірге өздері­нің оқу бағдарламаларын дайындады. Аталған ЖОО-лар IТ-мамандарды оқыту жүйесінің өзегі болып табылады. 2025 жылға дейін IТ-дағдылары бар 1,8 млн қызметкер және 370 мың жоғары білікті маман даярланады. Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесінде 2025 жылға қарай цифрлы сауаттылық деңгейі 87%-ға жетеді.

«Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов цифрлы экономика үшін ада­ми капиталды дамыту бойынша жүр­гізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Цифрландыру дәуірінде адами капиталды дамытудың елеулі нәтижесіне тек IТ саласында емес, сонымен қатар эко­но­миканың аралас секторлары мен сала­ларында кадрларды оқытуға және даяр­лауға бағытталған ұлттық деңгейдегі бас­та­малардың көмегімен ғана қол жеткізуге болады.

«Осыған байланысты біз сингапурлық «Skills Future» бағдарламасының тәжі­рибесін (Болашақ дағдылары) масш­таб­­­тауды ұсынамыз. АХҚО-ның үздік­сіз кәсіби даму бюросы оны қаржы индуст­рия­сының мамандарын даярлау үшін сәтті бейімдеді», деді Қ.Келімбетов.

Бұл бағдарламаның негізгі аспектілері – өндірістен қол үзбей үздіксіз кәсіби даму, жобалық тәсіл мен оқытудың белсен­­ді әдістемелерін және индустрия мен ака­демиялық білім беру қоғамдас­тығының тығыз өзара іс-қимылы есебінен оқыту бағдарламаларының қолданбалы сипатын қолдану.

«Барлық білім беру бағдарламасын мектеп, колледж және ЖОО деңгейінде өзекті ету және оқуға жобалық тәсіл енгізу ұсынылады. Біздің ойымызша, бұл бастама алдағы 5-10 жылда 1 млн-нан астам адамды қамтиды», деді Қ.Келімбетов.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Премьер-Министр атап өткендей, 2019 жылы Адами даму индексі бойынша Қазақстан 189 ел­дің ішінде 50-орынды иеленді. Елімізде 1826 робот техника кабинеті, 447 STEM зертхана, 1746 IT-сынып, 21 IT-орталық бар.

Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, «Цифрлық білім» ауқымды жобасының іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар цифр­лы дағдыларды оқыту, IT-мамандар даярлау және қайта даярлау бойынша бағдарламаларды әзірлеу, алдыңғы қатарлы оқу орындарының тәжірибесін өңірлік университеттер мен колледжерде тарату, «Астана» ХҚО-ның тәжі­рибесі мен ұсыныстарын ескеріп, жаңа кәсіптік стандарттарға сәйкес білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмысын жандандыру қажет екені айтылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар кешенін жаңарту, байланыс операторларымен бірлесіп, отандық білім беру ресурстарына шектеусіз қол жеткізу мәселесін пысықтау тапсырылды.

«2025 жылға қарай халықтың цифр­лы сауатының деңгейін 87%-ға дейін жеткізу керек және өңірлер үшін бірыңғай жұмыс алгоритмін әзірлеу қажет»,  деді А.Мамин.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдік­теріне «цифрлы портфельдің» талаптарына сәйкес заманауи компьютерлік жаб­дық­тар мен робот техника кабинет­терін, мектептерге арналған STEM қосым­ша сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Көлеңкелі экономикамен күрес

Үкіметтің селекторлық отырысында «көлеңкелі экономиканың» үлесін төмендету шаралары қаралды. Атқары­лып жатқан жұмыстар туралы Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев баяндады.

Қазақстанда 2025 жылға қарай «көлең­келі экономика» деңгейін ІЖӨ-нің 20%-нан төмен деңгейге жеткізу көзделген. Қабыл­данып жатқан шаралардың нәти­жесінде еліміздегі бақылаудан тыс эконо­­миканың үлесі 2019 жылдың қоры­тындысы бойынша ІЖӨ-нің 27%-ынан 23,62%-ға дейін төмендеді. Бұл бюд­жеттің кіріс бөлігін 1,5 трлн теңгеге қо­сым­ша ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Елімізде бақылаудан тыс қызметті заңды айналымға тартуды ынталандыру, кедендік және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру арқылы заңнамалық базаны дамыту үшін тұрақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, бизнеске қолайлы болуы үшін және импорттан немесе өндірістен бастап бөлшек саудаға дейін тауардың қозғалу ашықтығын қамтамасыз етуге арналған «Виртуал қойма», «Таңбалау» модуль­дерімен «АСТАНА-1», «Электрон­ды шот-фактуралар» кешенді ақпараттық жүйелері бар. Тексерулерді, бизнеспен байланысты азайту, сондай-ақ тексеруді тағайындау кезінде адами факторға жол бермеу үшін «Тәуекелді басқару жүйесі» ақпараттық жүйесі іске қосылды.

Үкімет басшысы заңсыз экспорттық-импорттық валюталық операцияларды жою бойынша ұсыныс енгізуді, қыз­мет­терді цифрландыруды жетілдіру, ақ­па­раттық жүйелерді одан әрі интеграция­лау, Қазақстан аумағында тауарларды қадағалау жөніндегі жұмысты жалғас­тыруды, сондай-ақ төлемдер мен төлем жүйелері туралы қолданыстағы заңнамаға электронды ақша иелерін міндетті түрде сәйкестендіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Премьер-Министр мемлекеттік қол­дау шараларын жетілдіру, артық талаптарды қысқарту, қаржыландырудың қол­жетімділігін арттыру, әкімшілік кедер­гілерді азайту, нақты әкімшілік салық салу арқылы бизнестің көлеңкелі сектор­дан шығуын экономикалық ынта­ландыру жөніндегі жұмысты жалғас­тыруды тапсырды. «Бизнесті ашық жүргізу эконо­микалық тұрғыдан тиімді болуы тиіс»,  деп түйіндеді сөзін А.Мамин.