Аймақтар • 02 Шілде, 2020

Еліміздің оңтүстігінде мерзімді әскери қызметке шақыру жүріп жатыр

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы мен Шымкент қаласының жергілікті әскери басқару органдарында 1 шілдеден бастап Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен құрамаларында мерзімді әскери қызмет өткеру үшін азаматтарды шақыру басталды. Оңтүстік аймақтан келген 1000-нан астам жас еліміздің әр түкпірінде өздерінің конституциялық міндетін орындайды, деп хабарлайды Egemen.kz

Еліміздің оңтүстігінде мерзімді әскери қызметке шақыру жүріп жатыр

2020 жылы Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан 18-27 жас аралығындағы бес мыңнан астам адамды шақыру жоспарланып отыр.

Әскерге шақырылушылар мен лауазымды тұлғалар арасында коронавирус инфекцияcының таралуын алдын алу мақсатында, жинау пункттерінде профилактикалық шараларды күшейту үшін медициналық бекеттер орналасып, онда облыстық медициналық комиссия құрамына инфекционист-дәрігерлер енгізілді. Сонымен қатар, салтанатты шығарып салу іс-шараларына да тыйым салынады.

Жас толықтырулар әскери бөлімдерге келгеннен кейін міндетті түрде ПЦР- әдісімен зертханалық зерттеуден өтіп, оларды екі апталық карантинге оқшаулау жүргізіледі. Карантин кезінде медициналық тексеру және әлеуметтік-психологиялық зерттеу де қарқын алады.

Әскери бөлімдерге және Қарулы Күштер құралымдарына шақыру ерекшеліктеріне сәйкес, кейбір әскерге шақырылушылар алты ай бойы әскери мамандықтар бойынша оқу орталықтарында, атап айтқанда танк механик-жүргізушісі, бронетранспортер немесе жаяу әскерлердің жауынгерлік машинасының жүргізушісі, артиллериялық және миномет қаруының командирлері мен көздеушілері, инженерлік қамтамасыз ету, байланыс мамандықтарына машықтанады. Сондай-ақ, оқу аяқталғаннан кейін олар әскери бөлімдерге жіберіледі.

Әскери борышын өтеуге міндеттілерді кейінге қалдыруға құқығы бар әскерге шақырылушылар санатын кеңейту маңызды жаңалық болып табылады. Енді кейінге қалдыру қосымша педагогтарға яғни, олардың барлық жұмыс кезеңіне сәйкес, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру мекемелерінде оқудан өтіп жатқандарға беріледі.

Айта кетсек, Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан бүгінгі таңда 1600-ден астам азамат ҰҚК Шекара қызметі мен ІІМ Ұлттық гвардиясының бөлімшелерін толықтырды.