Аймақтар • 03 Шілде, 2020

Янайкинге “нағыз қазақ”

526 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарасты Янайкин ауылындағы Мәдениет үйінің алдына "Домбыра" мүсіні орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Янайкинге “нағыз қазақ”

Ұлттық домбыра күніне орай орнатылған бұл кешенді жасаған – Үлкен Шаған мектебінің мұғалімі, жас шебер Руслан Ахметов. Қасиетті шаңырақ аясында тұрған домбыра бейнесінің астындағы тақтайшада ақын Қадыр Мырза Әлидің әйгілі:

"Екі ішектің бірін қатты,

бірін сәл-сәл кем бұра.

Нағыз қазақ - қазақ емес,

Нағыз қазақ - Домбыра!" - деген жыр жолдары жазылған. Ауылдың сәнін келтірген бұл кешеннің қаржысын жергілікті кәсіпкерлер, "Дүйсен" және "Өтеп" шаруа қожалықтары көтеріп алыпты.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында бой көтерген композицияны ауыл ақсақалы, ардагер Хайруш Отарбаев пен жас домбырашы Нұрлыбек Мұғалімов ашты. Нұрлыбек ағай ұлтымыздың ұлы аспабы, музыкалық мұрасы туралы сөз қозғаса, Нұрлыбек қос ішекке тіл бітіріп, күй тартты.

- Қазақ пен домбыра – егіз ұғым ғой. Ұлттың үніне айналған қасиетті аспабымыз ауыл төрінен орын алғанына қуаныштымыз. Осы ескерткішті орнатуға қолдау көрсеткен ауыл кәсіпкерлеріне аудан әкімі атынан алғыс білдіремін, - деді осы салтанатқа арнайы келген Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр.