Аймақтар • 07 Шілде, 2020

Гүлшара Әбдіқалықова эпидемиологиялық жағдайға байланысты брифинг өткізді

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн брифинг өткізді.

Гүлшара Әбдіқалықова эпидемиологиялық жағдайға байланысты брифинг өткізді

- COVID-19 індетімен күресу жолында елімізде бірқатар шаралар қабылдануда. Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен облысымызда қатаң карантиндік режимі енгізілді. Жағдайды қайта бағамдап, халық сұранысына сай қажетті шараларды күшейту үшін қаладағы бірқатар ауруханалар мен дәріханаларды аралап, туындаған мәселелерді жедел шешу жолын қарастырдық - деді облыс әкімі.

Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес  өңірде инфекциялық және провизорлық төсек-орындарын көбейтілуде. Өңірімізде инфекциялық стационарда 515, провизорлық стационарда 1730 төсек-орындары болса, алда облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында қосымша 120 орынға инфекциялық және Шалқия елді мекенінде 30 орындық провизорлық стационар ашу жұмыстары жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, өкпені жасанды желдету аппараты мен оттегінің жетіспеушілігі мәселесі де шешімін табуда. Облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн. теңге қаржы бөлінді. Өңірдегі өкпені жасанды желдететін 76 аппаратқа маусым айында 20 портативті қондырғы алынып, қосымша 63-не тағы да өтінім берілді. Одан бөлек, осы аппараттарды алуға жергілікті кәсіпкерлер қолдау білдіруде.

Бүгінгі күні өзекті болып тұрған дәрі-дәрмектің тапшылығы, бағасының тұрақтылығы да облыс басшыларының басты назарында. Аймақта 3 айға жеткілікті дәрілер 1 аптада өтіп кетіп, жетіспеушілік туындады.  

Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп мониторингтік топ құрылды. Сондай-ақ, қала, аудан әкімдіктері және «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтар дәрі-дәрмек бағасы мен көлеміне қатаң бақылау жұмыстарын жүргізетін болады.  Жалпы дәрі-дәрмектің шекті бөлшек бағалары туралы толық ақпаратты "DARI.KZ" қосымшасынан көруге болады.

Эпедимиологиялық жағдайға байланысты жедел жәрдем көмегіне жүгінушілер саны артуда. Осы орайда, облыс бойынша 81 жедел жәрдем қызмет көрсету бригадаларында 52 дәрігер мен 351 фельдшер жұмыс жасайды. Олар қазір тәулігіне 2 мыңға жуық шақырту орындауда. Жүктеме 2 есеге өсіп, диспетчерлер мен қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалады. Осыған орай, медицина мамандығы бар жас мамандар мен еріктілерді жұмысқа тарту шаралары қабылдануда.