Үкімет • 09 Шілде, 2020

COVID-19 бойынша жедел штаб өңірлердегі жағдайды бақылайды

125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановтың төрағалығымен өткен COVID-19 мәселелері жөніндегі жедел штабтың отырысында елдегі шұғыл шешімді талап ететін мынадай жедел мәселелер қаралды, - деп хабарлайды Egemen.kz

COVID-19 бойынша жедел штаб өңірлердегі жағдайды бақылайды

1)  өңірлерге дәрілік заттарды жедел жеткізу үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қабылдау;

2)  қосымша 1600 ӨЖЖ аппаратын, жедел медициналық жәрдем қызметінің 800 санитариялық автомашинасын, сондай-ақ  анағұрлым сұранысқа ие дәрілік препараттарды (парацетамол, азитромицин, цефтриаксон, осельтамивир және басқалар) сатып алу, оларды ағымдағы аптаның соңына дейін жеткізу күтіледі.

3)  коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуді жалғастыру.

Сондай-ақ Жедел штабта Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жеке тәртіппен қаралды.

Өңірлердің әрқайсысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі проблемалық мәселелерді баяндап, ағымдағы жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар әзірледі.

Жедел штабта COVID-19 сырқаттанушылығының өсуіне байланысты Атырау облысындағы қанағаттанарлықсыз санитариялық-эпидемиологиялық жағдай ерекше атап өтілді.

Осыған байланысты Е. Тоғжанов Атырау облысының әкімдігіне жағдайды жақсарту бойынша түбегейлі шаралар қабылдау туралы, оның ішінде қосымша шектеу шараларын қолдану туралы тапсырма берді.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары өңірлердің әкімдіктеріне карантиндік шаралардың сақталуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді, қысқа мерзімде қосымша инфекциялық стационарларды ұйымдастыруды, қажетті жабдықтарды (ӨЖЖ, КТ және т. б.), дәрілік заттарды сатып алуды, сондай-ақ зертханалардың ПТР қуатын арттыруды тапсырды.

“Біз әр өңірдегі жағдайды Жедел штабтың ерекше бақылауында ұстайтын боламыз. Біз жұмысты күнделікті негізде республикалық және өңірлік ауқымда тыңдап, нақты жедел шаралар қабылдай отырып жалғастырамыз”, - деп қорытындылады Е.Тоғжанов.