Аймақтар • 10 Шілде, 2020

Елордада 56 ойын-сауық орны санитарлық нормаларды бұзды

242 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада 56 ойын-сауық орнына санитарлық нормаларды бұзғаны үшін айыппұл салынды. Тәртіп бұзушыларға салынатын айыппұл көлемі өте жоғары. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Елордада 56 ойын-сауық орны санитарлық нормаларды бұзды

Полиция, еріктілер мен әкімдік қызметкерлері елорданың ойын-сауық орындарына рейд жүргізді. Жақында бұзушылықтар қаладағы танымал орындардың бірі – "Мята" кальянында анықталды. Белгілі болғандай, кальянға келушілер әкімшімен алдын ала келісіп, үстелге тапсырыс берген. Мұнда пандемия кезінде барлық санитарлық нормалар бұзылған. Мысалы, үш адам бір кальян шегеді.

"Бұл факті бойынша біз бұдан әрі сот ісін жүргізуге деректерді СЭС-ке жібереміз. Ары қарай Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабына сәйкес шешім қабылданады", дейді учаскелік инспектор Әли Әбілтаев.

Кальянға карантин режимін бұзғаны үшін 230 АЕК (638 940 теңге), кальян дайындаушы мен келушілерге 30 АЕК (83 340 теңге) айыппұл салынады. Бүгінгі таңда ойын-сауық мекемелерінің карантин режімін бұзуының 56 фактісі анықталды.

"Осылайша вирус таралуы мүмкін. Содан кейін олар жақындарына жұқтырады, ал індет күшейеді. Инфекцияның таралуын болдырмау үшін біз барлық карантин ережелерін сақтауымыз керек. Әр адам өзіне және отбасына жауапты. Осылайша, 2-3 апта үйде болу, "үй–жұмыс–үй" схемасы бойынша жүру дұрыс шешім болады", – дейді қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Дәулет Кәрібек. Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің бұйрығына сәйкес карантин кезеңінде кальян жұмысына қатаң тыйым салынады.