Қоғам • 13 Шілде, 2020

Ұлықбек Есдәулет: Әр қазақ – Қазақстан қазынасы!

1014 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күллі әлемді құйындай жайпап өткен кесірлі, кесапатты кесел Қазақстан халқына ауыр тиді. Жұқпалы науқасқа шалдыққандар, көз жұмғандар саны күрт өсті. Күн сайын түрлі жаманат хабардан жер селкілдейді. Әлеуметтік желіге кіруге қорқатын болдық. Ковид пен пневмония десе жұрттың жүрегі дірілдейді. Бейне бір ешкімді әскерге алмай-ақ, сапқа тұрғызбай-ақ, қан майданның қасабына ұшырататын, көзге көрінбейтін қырғын соғыс жүріп жатқандай.

Ұлықбек Есдәулет: Әр қазақ – Қазақстан қазынасы!

Бұл алапатқа қарсы тұрар күшіміз әлсіз болып шықты. Аса қауіпті қатермен бетпе-бет келген сәтте бұрынғы "Коронавирус деген шетелдіктердің өтірік сандырағы екен", "Карантин, Төтенше жағдай" дегендер жұртты митингіге шығармау үшін биліктің ойлап тапқан амалы екен» деген қаңқу сөздердің күлі көкке ұшты. "Бізде медицина мықты, дәрі де, дәрігер де жеткілікті, ауруханалар сай тұр" деп жүрген сеніміміз суға кетті. "Жасырған кеселді өлім әшкерелейді"дегеннің кері келді. "Жедел жәрдем" "өлдім" десең келмейді. Өйткені ауруханаларда орын жоқ. Орын тапқандарға дәрі-дәрмек пен оттегі баллондары жетіспейді. Дәріханаларда керекті дәрі жоқ, барының бағасы удай қымбат. Жұрт, әркім өзінше тал қармауға көшті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жағдайды түзеуге Үкіметке екі апта мұрсат берді. Президенттің коронавирусқа қатысты жақында жариялаған Үндеуінен кейінгі тексерісте шетелдерден келген гуманитарлық көмектерді, қасқалдақтың қанындай қат дәрілерді жұрт еш жерден таппай, теңселіп жүргенде, халықтан жасырып, қымтап ұстап, қымқырып сатып, құлқынын ойлаған қаскүнемдер әшкереленді. Бұл - малтабарлық емес, мародерлік қылмыс!

Әр шаңырақты қайғының қара бұлты торлап, әр босағаны өлім аңдып жүргендей. Алысың да, жақының да бақиға кетіп жатыр. Ажал адам таңдамайды, ешкімнің басынан сипап, мүсіркемейді. Қарапайым халықтың қатарында небір жақсы мен жайсаңдар, таланттылар мен дарындылар да қайтпас сапарға аттануда. Кеше ғана жанымызда жүрген жандардан қапыда айырылып қалып жатырмыз. Алла панасына алсын! Топырақтары торқа болсын!

Қасиетті Қазақстан қасіретті күндерді басынан кешіруде.
Мемлекет басшысының пәрменімен белгіленген Ұлттық аза тұту күні бүкіл елімізде атап өтілді. Қарғыс атқыр коронавирус дерті мезгілсіз өмірін қиып, арамыздан жұлып әкеткен ғазиз жандарды, жазықсыз құрбандарды бүкіл еліміз болып тік тұрып, бір минут еске алып, көкке өрлеген Туымызды түсіріп, қара жамылып, аза тұттық, Құран, дұға бағыштадық. Бұл - біріншіден, біздің аруақтарғаа көрсетілген құрмет, тағзымымыз болса, екіншіден ұрпақтарға тәлім-тәрбие, өнегелі сабақ. "Өлгенге құрмет – тіріге міндет" дейді халқымыз.

Айдың, күннің аманында індеттің құрбаны болған азаматтарды еске алып, Құран бағыштап, тәубемізге келіп жатырмыз. Келмеске кеткендердің әулеттеріне көңіл айтудамыз. "Өлі риза болмай тірі байымайды". Тарих талқысында не көрмеген халықпыз?! "Ақтабан шұбырындыны" да, қызыл қырғынды да, ақсүйек аштықтың да неше атасын, назалы нәубетін көрген Ұлы қазақ - тамыры таза, діңі мықты ұлтпыз! Бұл қысталаң күндер де өтер-кетер. Салымыз суға кетіп, сағымыз сынбасын! Әрбір қазақ - Қазақстанның қазынасы, мемлекет байлығы! Қасымызда жүрген әр адамға қазынаны қорығандай қамқорлықпен қарап, көзіміздің қарашығындай сақтай білейік. Аңдып жүрген ажалға алдырмайық, құрдан-құр айырылып, қол қусырып қарап отырмайық. Бір-бірімізге қол ұшын беріп, жанашырлықпен жан сақтайық. Үмітпен өмір сүрейік. Еліміздің іргетасын ұстап тұрған бірлігімізді қадірлейік. Ар-намысымыз аман болсын. Келешекке деген сенімнен айырылмайық! Ауырып-сырқағандардың тезірек сауығуын тілейік! Сақтанып жүріңіздер! Ғұмырлы болыңыздар!

Ұлықбек Есдәулет,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51