Тарих • 23 Шілде, 2020

Қарт Торғай – сақтар мен сарматтар мекені

1809 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Астана-Арқа кешенді экспедициясы биылғы далалық маусымда Торғай өлкесіне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде киімі алтынмен апталған сақ билеушісінің қорымын тапты. Осы орайда, біз қазба жұмысының ғылыми маңызын білу үшін экспедиция жетекшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлымен сұхбаттастық.

Қарт Торғай – сақтар мен сарматтар мекені

– Ақан мырза, әңгіменің әл­қиссасын тың жаңалыққа баланып отырған қазба жұмыстары жайынан бастасаңыз?

– Торғай өңірі – біздің жыл санауымызға дейінгі VIII-II ға­сырларда сақтар мен савромат-сарматтардың шектесер шекарасы болған мекен. Бұл өлкенің археологиялық тұрғыдан зерт­телуі өткен ғасырдың соңғы ши­регінен бастау алса да, ке­шен­ді зерттеулер толық жасал­маған еді. Соңғы жылдары жо­ғарыдағы олқылықтың орнын толтыру мақсатында – белгілі меценат С.Ысқақұлының қаржы­лай қолдауымен 2016 жылдан бастап, Білім және ғылым ми­нис­трлігі Ғылым комитетінің бағдарламалы-нысаналы жобасы аясында зерттеу жүргізудеміз.

– Түсінікті. Өзіңіз айтқандай, соңғы жылдары тұрақты жүр­гізілген зерттеу нәтижесінде атал­мыш өлкеден қандай тың де­ректер табылды?

– Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу инс­титуты Торғай даласына жүр­гізген бес жылдық қазба және лабораториялық жұмыстар нәти­жесінде, қазақ археологиясы тың деректермен толықты.

Мәселен, Жаңақала (Қара­торғай) ауылы маңында орна­ласқан Саба қорымының орналасу ретіне келер болсақ: ежелгі сақтар дүниетанымына сай шығысында Арқаның аласа шоқылары, батысында Торғай даласы басталар тұстағы Қараторғай мен Са­басалды өзендерінің алқабын таңдағандығы ерекше назар аударарлық. Сонымен қатар қо­рымда жерленген тұлға қоғамда­ғы әлеуметтік дәрежесіне сай сол заманның мәдени үлгісімен жасалған бұйымдарды өзімен бірге қоса көмгені анықталды.

Нақтырақ айтқанда, қазба жұ­мысы кезінде табылған 152 қола жебе салынған қорамсақ пен темір қанжарлы әскери билеуші мен көлемді алтын сырға таққан әйелдің жерленуі бұл өлке – сақ­тар мен сарматтардың біте қай­насқан ортақ мекені екендігіне айғақ.

Әдетте, бұған дейінгі зерт­теулерде сақ жауынгері қорам­сағында 10-нан артық жебе кездеспеген және әйелдері массивті алтын сырға тақпаған. Бұл дүние­лер жаңа деректердің бір парасы ғана.

Лабораториялық зерттеулер арқылы жерленген тұлғаның бет-әлпеті жаңғыртылып, ескерт­кіш­тің нақты уақыты анықталды. Адам қаңқасының тісін зерттеу арқылы пайдаланған тағам рационы қалпына келтіріліп, қыш көзешілігі айқындалды. Соны­мен қатар қорымнан табылған әй­некті моншақтарды зерттеген жа­пондық ғалымдар, Торғай мен Арал теңізі арасын мекен еткен ежелгі тұрғындар сақ дәуірінде өзара тығыз байланыста өмір сүргендігін дәлелдеді.

– Маман ретінде айты­ңыз­шы, Торғайдан табылған олжалар тағы бір кезекті «Алтын адам» ба?

– Бұған дейін Қазақстан же­рінен 8 алтын киімді адам табылды. Олар: Есік бекзадасы, Берелдегі салт аттылар, Тар­ба­ғатайдағы Шілікті және Еле­­ке сазы әміршілері, Батыс Қа­зақ­стандағы Тақсай абызы, Шы­ғыс Сарыарқадағы Талды-2 әміршісі, Атыраудағы Аралтөбе жауынгері және Үржар абызы.

Ал біз зерттеген Саба-1 қоры­мы ж.с.д. VII-VI ғасырларда сақ­­­тар дүниетанымына сай тұр­ғы­зылған, архитектуралық құ­рылымы ерекше, жалған күмбезді ескерткіш. Мұнда дала әміршісі тас қабырғалы дәліз арқылы астына төсеніш салынған күмбезді камера ішіне, жанына құрбандық тақтатасы мен оюланған сүйек құралы қойылып, алтын әшекейлі киімімен жерленген. Жерленген тұлғаның жасы мен жынысын ма­ман антропологтар анықтап жатыр.

Өкінішке қарай, ескерткіш ертеде тоналған екен. Күмбез ас­­тындағы бос орынға жерленген адамның жанына қойылған бұйымдарды біреулер қазып алып кеткен. Соның өзінде әртүрлі пішіндегі елуден астам алтын әшекейлер мен мүрденің шалбарына көмкерілген көлемі 3-4 мм тесік көзді мыңнан астам алтын бисерлер табылды. Осындағы алтын бисерлер арқылы шалбарды жаңғыртуға толық мүмкіндік бар.

– Өзіңіз жұмыс істейтін Ұлт­­­­тық музейде дала әмір­ші­­­­лері мен абыздардың алтын бұ­йым­дары, киімдерінің жаң­­­­­ғырт­палары көрмеде тұр. Ар­хео­­лог ретінде осы ашы­лым­дар­ға қа­тыстыңыз ба?

– Ұлттық музейде сегіз алтын киімді адамның алтауы­ның қайта жаңғыртпалары көрме залдарына қойылған. Со­ны­мен қатар музей қоры мен экс­позициясы соңғы ашылым материалдарымен толығуда. Атап айтсақ, олар Шығыс Қазақ­стан­­ның Үржар өңірінен та­был­­ған абыз әйел киімінің түп­нұсқа әшекейлері мен киімінің жаңғыртпасы; Марқакөлдегі орта­ғасырлық Түйетас-Аян ес­керт­­кіштерінен табылған ат әбзел­дерінің жаңғыртпасы; Ка­тон­қарағайдағы ортағасырлық Қара­қаба ескерткішінен табылған му­зыкалық аспап, қару-жарақ және т.б.

Өз басым 1999–2013 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы тоң басқан Берел обалары мен 1999 жылы Атырау облысы Жылы­ой ауданындағы Жем өзені бо­йындағы Аралтөбе обаларын зерт­теуге қатыстым. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының өңірді дамыту бағдарламасы аясында Тарбағатай ауданы Елеке сазы жайлауынан кезекті алтын киімді адамды зерттеуге атсалыс­тым.

Бұл жерде көпшілікке тү­сі­нікті тілмен айтар болсам, архео­логиялық ашылымды жал­­ғыз адам жасамайды. Бұл – ұжым­дық еңбек. Мысалы, да­лалық зерттеулерге 5-6 ғылыми қызметкер мен 30-40 жұмысшы қатысады. 2018 жылғы Елеке сазы ашылымында экспеди­ция басшысы болдым. Ал жо­ба жетекшісі – Зайнолла Сама­шев ағамыз. Сонымен қатар әріп­тестерім: Айдос Чотбаев, Әбді­нұр Нұсқабай, Архат Қайыр­мағамбетов, Мейіржан Қызырхан, Ғалымжан Қиясбектің еңбегі зор.

 – Жыл сайын «Алтын адам» табылды деп әлемге жар саламыз. Кейде осы оқиға отандық археологтардың арзан пиар ак­циясы сияқты әсер береді. Осы мұраларды халықаралық ғылыми орта қаншалықты мойындайды?

 – Археология – саясаттың сойылын соқпайтын ғылым. Мәселен, ерте темір дәуірінде Орхоннан Днепрге дейінгі Еура­зия кеңістігінде сақ-скиф­тік «үштік» (қару-жарақ, аң стилі және ат әбзелдері) бір мәдени-тарихи қауымдастық ретінде мойындалды. Қазіргі қазақ даласы жоғарыдағы мәдени-тарихи үрдістің ортасы болды.

Бүгінде осы ортақ мұраларды зерттеуші археологтар ондаған мемлекет жеріне зерттеу жұмыс­тарын жүргізеді. Олар бір-бірі­нің ғылыми табыстары мен же­тістіктерінен тез хабардар болады және бәрі ортақ әдістемеге сай жұмыс жасайтындықтан тез түсініседі. Сол себепті, жерімізден табылып жатқан алтын мұралар халықаралық қауымдастық алдын­да өз деңгейінде мойындалуда.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»