Саясат • 28 Шілде, 2020

Мақсат – ел игілігіне қызмет ету

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бастамасымен жасақталған жас­тар кадрлық резерві дарынды көшбасшыларды бір алаңда біріктірді. Үздік атанған жастар кәсіби біліктілігіне қарай түрлі саланы ілгерілетуге кірісіп кетті. Жобаның жеңімпазы атанған мамандардың бірі Ілияс Оспанов Қазақстанның технология саласын дамытуға бағытталған ұйымдарының бірінде басшылық қызметке тағайындалды.

Мақсат – ел игілігіне қызмет ету

Жобаға қатысуға ниет білдірген үміткерлер, ең алдымен, халқына адал қызмет етуге даяр азаматтар. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев байқау жарияланғанда және резервке өткен жастармен кездесуде де атап көрсетті. «Кадрлық резервке өту дегеніміз жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес. Бұл – ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз. Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі», деді Мемлекет басшысы. Өздеріне артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін жақсы түсінетін кейіпкеріміз де ел игілігіне жұмыс істеу басты мақсаты екенін жеткізді.

Жобаны қолға алудағы басты мақсат – кәсіби біліктілігі жоғары менеджерлердің жаңа буынын қалыптастырып, олардың күшін түрлі салада сынап көруді көздеді. Әуел баста айтылғандай, жеңіске жеткен қатысушылар басшылық қызметке тағайындалып, оларға ойын­да жүрген бастамаларын жү­зеге асыруға мүмкіндік берді.

«Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығының» президенті қызметіне тағайындалған І.Оспанов осы күнге дейін жинаған мол тәжірибесі жаңа орында тиімді жұмыс істеп, ұтымды жобаларды жүзеге асыруға сеп болатынына сенімді.

– Еңбек жолымды мемле­кет­тік қызметтен бастадым. Министр­лікте жұмыс істеп жүргенде өңірде қызмет етіп көруім керек деген ой болды. Бизнес саласына да қы­зықтым. Министрлікте төрт жыл ішінде департамент сарапшысынан директордың орынбасары лауазымына дейін көтерілдім. Басшылық талпынысымды бағалап, әрдайым қолдау білдіріп отырды. Кейін өңірге – сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысына бардым. Орталықта жұмыс істеп жүргенде өңірлерде не болып жатқанын толық білмейтініме көзім жетті. Ал өңірге барғанымда көп мәселеге қатысты ойым өзгеріп, тәжірибе жинадым. Ауыл шаруашылығында да бағымды сынап, фермерлермен тікелей жұмыс істедім. Орта­лықта жүрген қызметкерлер кей­де жергілікті орындардың сұра­ны­сын дәл білмей жатады. Мұнда жа­салып жатқан небір жақсы бағ­дар­ламалар өңірлерге қажет бол­майтын кездері де болады. Олар сәтті болғанымен, белгілі бір өңір­­дің нақты мәселесін шешуге бағыт­­тал­мауы мүмкін. Жалпы, кә­сіп­кер­лер мен мемлекеттік қыз­мет­кер­­лердің өңірлерде тәжірибе жи­нағанын дұрыс деп есептеймін, – дейді І.Ос­панов.

 Аймақтан кейін бірден халық­аралық ұйымның жұмысына араласу­ға мүмкіндік алған ол қыз­метте өзін жан-жақты сынап көрді. Резервке өткенге дейін Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Үкіметінің «Өнім­ді инновацияларды ынталандыру» жобасын басқару тобы директорының орынбасары болып қызмет етті.

– Президенттің жастар кадрлық резервіне қабылдау жүріп жатқанын естідім, бірақ оған құжат тапсыру туралы шешімге бірден келмедім. Халықаралық ұйымдағы жұмысымды жалғастыра бердім. Алайда жинаған тәжірибемді халық игілігіне жұмсауым керек деген ой келді. Мен қатысқан жобалардың ішіндегі ең ашық іріктеу осында болды. Бірнеше кезеңнен тұрған процесс онлайн жүрді. Жобада жеңіске жеткен әрбір маман өзін көшбасшы ретінде сынап көріп жатыр, бұрыннан ойында жүрген бас­тамаларын іске асыратын кез туды. Бизнесте жүрген дарынды жастарымыз мемлекеттік қызметте сол саланы дамытуға тырысып жүр. Жоба Қазақстандағы білікті жастардың басын қосып, оларға өзара байланыс орнатуға, ортақ игі дүниелер жасауға таптырмас мүмкіндік беріп отыр, – дейді І.Оспанов.