Руханият • 29 Шілде, 2020

Жастар алғысы – дәрігерге

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Jas Otan жастар қанаты өңірлік филиалының мүшелері «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясын Исатай ауданында жалғастырды. Аудандық жастар ресурстық орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы Жансая Рысқалиеваның айтуынша, мұнда ерікті жастар қауіпті індетпен күні-түні күрестің алғы шебінде жүрген 30 медицина қызметкеріне «Денсаулық» себетін тапсырды.

Жастар алғысы – дәрігерге

– Бұл акция «Дәрігерге мың алғыс» деген атаумен сіздерге арналып отыр. Өйткені еліміздегі эпидемиялық жағдайды сіздерден артық білер жан жоқ. Қазір елімізде көрінбейтін «жаумен» күрес жүріп жатыр. Осы күресте халқымыздың денсаулығы үшін жан аямай еңбек етіп жүрген сіздерге алғысымыз шексіз, – деді Исатай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арманбек Махмудов.

Тұрғындардың саулығын сақтауға үлес қосып жүрген ақ халаттының бірі – аудандық емхананың педиатры Сәуле Қайреденова. Ол дәрігерлерге алғысын айта келген жастарға ризашылығын білдірді.

– Қазіргі эпидемиялық ахуалға байланысты демалыссыз қызмет етіп жатқан дәрігерлерге көрсеткен мұндай қолдау медицина қызметкерлерінің еңбегіне серпін береді. Аты жаман індетпен күрес кезінде жылы сөздің өзінен күш аламыз. Үлкенге ізет білдіретін тәрбиелі жастардың бүгінгі қиын кездегі қолдауына ештеңе жетпейді. Шын мәнінде бізге елдің алғысынан басқа ештеңе керек емес. Біз қауіпті індетке шалдыққан науқастардың тезірек сауығып шығуына қол ұшын созуды мақсат етіп отырмыз. Бұл – біздің дәрігерлік міндетіміз, – деді тәжірибелі дәрігер Сәуле Қайреденова.

 

Атырау облысы