Абай • 10 Тамыз, 2020

«Білетінің – бір, білмейтінің – мың да бір...» (Абайға қайта үңілсек)

900 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Белгілі жазушы Қажығали Мұхан­бетқалиұлы ұлы ақын жайлы мақаласын марқұм боларының алдында ғана аяқтаған екен. Сырқат салдарынан ауруханадан редакцияға жолдауға мүмкіндігі болмапты. Кеше жазушының жары Сұлухан жеңгеміз үстел үстіндегі сол дайын дүниені бізге әкеп табыстаған еді...

Редакциядан

 

«Білетінің – бір,  білмейтінің – мың да бір...» (Абайға қайта үңілсек)

Кейде оңаша отырып ойлана қалсаң, еріксіз таңғалатын, тіпті таңғалмасыңа қоймайтын жайлар аз емес. Соның бірі – ұлы ақын Абайдың тұлғалық бүкіл бітім-болмысы... өлеңдері, қарасөздері... Олардағы өрелі ойлар, өнегелі ақыл-нақылдар! Құдай-ау, соларды бала күніңнен, мектептегі кезіңнен; есің кірген шақтан; азамат боп іске араласа бастағаныңнан; мұнан соң тағы да өзің ізденіп, бұ дүниенің қыр-сырын тереңірек білгің һәм ұққың келген тұста – не керек, бар-бар уақытта да қайта-қайта оқып-ақ жүрсің ғой. Енді... ақыл-ойың толыққан шақта тағы бір зерделеп, баяғыдан бері білемін ғой деп жүрген Абайың (жас кезіңде, жадыңның мықты кезінде түгел дерлік жатқа айтып жүрген Абайың!) мүлде басқа қырынан көрініп, өзіне еріксіз шұқшитқанда, таңғалмасқа тағы амалың қалмайды-ау, амалың қалмайды.

Асылы, «қалың елім, қазағын» күні бүгінге дейін таңғалдырумен келе жатқан бірден-бір ақын Абай десек, артық айтқандық бола қоймас-ау!

Абай сөзіне таңғалыс әлі ештеңені ұғып үлгермеген бала кезден басталса, ақын сөзіне құмарлық оның шығар­ма­ларын тұшынып, һәм түсініп оқи бас­таған кезден оянды-ау деймін. Алғаш мені Абайдың өлең сөзге деген жауап­кершілігі қатты таңырқатқан. Сондықтан болса керек, осыдан жарты ғасырдай бұрын, бір кішкентай ғана деталь үшін күнделігіме былай деп жазып қойыппын:

– «Бала кезде әжелеріміз айтып отырушы еді...

– Жарықтық... пәлен әулие! Жанап өтсе де, оның шапанының шалғайынан шапағат тиеді-ау, жарықтықтың! – деп.

Сол айтқандай, қараңызшы...

Жылтыр ақын:

Әркімнің бір жары бар басыбайлы,

Қызылсу Шарға құймай тасымайды.

Жаманға жақсы қолы ұжымақтай,

Әлханжан, бері таста насыбайды.

 

Осыны Абай:

Ханым – сен, қарашың –

Мен басыбайлы,

Ханы жақсы болса, қарашысы

Жасымайды

Жаманға жақсы қолы ұжымақтай,

Әлханжан, бері таста насыбайды,

– деп түзеткенде, негізгі айтар ойға қатысы жоқ алғашқы екі жолды (Әлхан­нан насыбай сұрауға еш қатысы жоқ екі жолды) өзгертіп, «Сен – хансың, мен – қарашыңмын» деп бастағанда сөз қалай-қалай ойнап тұр! Тек сөз ғана ойнап тұр ма, бұл – мақтағысы келген кісінің құйрығына көпшік қойып барып, көңілге алған нәрсесін оп-оңай сұрап алатын қазақы мінезді де әйгілеп тұрған жоқ па?! Соны да көрсетіп тұр ғой...

Жарықтық Абай-ай! Қолы тиіп кеткен жерден соқталы сөз туып жатады-ау! Бұл да әлгі әжелеріміз айтатындай, «жанап кетсе де, шапанының шалғайынан шапағат тиетін» қасиеттіліктің (әулие­ліктің) бір белгісі емес пе»!? Сөздің киесі қонғандықтың анық айғағы ғой!

Қайталап айтайын, бұл бір жасырақ кезімдегі Абайға деген сүйсінушіліктің әсерінен ғана туындаған ой еді. Мұнан соң да оны қаншама рет қайталап оқыдық; әлі де оқып келе жатырмыз; бірақ Абай өлеңдері қайта оқығаның сайын, бірінші рет бүгін ғана мән беріп отырғанындай, жаңа бір қырынан көрініп, түбі терең ойларға жетелей береді, жетелей береді.

Бұл да әлемдегі барша ұлы туындылар секілді Абай шығармаларының да шын ғибратты, ақылға азық боларлық терең сырлы ұлы туындылар екендігінің бір белгісі болса керек.

Ал енді ақындықтың осындай биігіне Абай қалай шықты? Бұл жөнінде, әрине, Мұхаңнан бастап, біздің заманымызда ақын шығармашылығын зерттеген күллі әдебиетші, сыншы, ғалымдар егжей-тегжейлі айтқан... «Сонымен, балалықтан асып бозбалалық, жігіттік шағына жеткен уақытта (Абай) қазақтың ескі сөзі, ескі жол-жобасы, мәтел, тақ­пақ, ескі биліктеріне елдің маңдай кісі­лерімен қатар түскендей білім жия­ды»... – деген Мұхтар Омарханұлы («Жазу­шы» баспасы, Алматы, 1969ж., ХІІ том, 272-бет), мұнан әрі «халық қазы­насынан мол сусындаған» Абайдың енді шығыстық та, батыстық та ұлы үлгілерді түгел өнеге тұтқанын, сөйтіп, оның шығармашылық арналары қалай толығып, қалай байи түскені жөнінде кең толғап кетеді...

Шынында да, оқусыз, білімсіз кемел­дікке жетудің мүмкін еместігін бағзы заманның бүкіл білімпаздары да айтып кеткен. Бұл сөз күні бүгінге дейін де айтылып келе жатыр. Бұрынғыларды былай қойғанда, күні кешелері ғана арамыздан кеткен ақын Қадыр Мырза Әлі де өзінің «Сөз сиқыры» атты кітабында:

«Тұмса таланттың алаулы алғашқы жыл­дары сезім шындық, батылдық сияқ­ты – үш талап, үш қасиеттің басын бірік­тіруге келеді. Бірақ өлең мед­ресе­сі оны­мен де бітпейді. Біздің айтып отыр­ғаны­мыз сөз өнерінің әліпбиі ғана! Ал өнер әліппесін еркін игермеген тағы талант, жабайы талант ешқашан алысқа ша­уып көрген емес», – деп бір қайырып тастап;

«Табиғат берген жалғыз талантпен таңғажайып туынды жасау бұл дәуірде тіптен миға сыймайды» – деп шегелеп кеткен болатын. (Қараңыз: Қ.Мырза Әлі, Таңдамалы шығармаларының көп томдығы. 13-том., 10-13-беттер). Тек ар­дақты ағаның «бұл дәуірде миға сыймай­ды» дегенін «қай дәуірде де» (немесе «қай заманда да») деген сөзбен өзгер­т­сеңіз, қиянат жасағандық бола қоймас.

Бұл сөздерге екпін сала айтып отыр­ғанымыз – «білген құлдар» ескер­тіп кеткендей, оқусыз, білімсіз, іздену­сіз қатпары қалың, терең ойлы шығар­ма­лардың дүниеге келуі мүмкін еместі­гіне тағы бір назар аударту еді; және адам баласының ой-өрісі, түсінігі кеңеюінің жалғыз-ақ жолы да – оқу мен ізденуде екендігі ежелден келе жатқан ақиқат екенін де еске алу еді. Осы ретте, ұлы ақынның өсу жолы туралы айта келіп: «Абай әрбір жақсы сөзді оқығанның артынан соның ағымына ақыл-оймен терең бойлайтын әдеттер табады. Мәселен, Будданың жайын оқып шыққанның артынан: «Будданың сөзі қалай терең еді, жасымда кез келмеді-ау! дегені; не болмаса, өмір бойы Лермонтовты сүйіп: «Бұл махаббатқа уланған шын ақын, махаббатын улаған ашу» деген сияқты сөздері, оның әр алуан кең түсініктерге ие бола бастағанын көрсетеді...» – деген Мұхаң (Мұхтар Әуезов) байламына еріксіз бас изейсіз. (12-том., 289-бет). Сондай-ақ бүгінде біз «қабілет», «талант», «ерекше қасиет» деп жүргендерімізді Абайдың өзі «жан қуаты» деген атаумен атайды да: «Жан қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді; ескерсе, күтіп айналдырса, зораяды... Жан қуатыменен адам хасил қылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзің­нің ол мезгілдегіден басқа бір адам бо­лып кеткеніңді білмей қаласың. Қай жо­ғалған өнер: «ал, мен жоғалдым» деп, хабар беріп жоғалады. Енді қусаң, баға­нағы әуелгі табуыңнан қиынырақ тиеді.

...Көп заман ескермеген адамнан... өнердің өзінің ең қызықты, қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң (тағы) көп заман өтсе, сол өнерді сақтай­тұғын қуаттың өзі де жоғалады. Онан соң қайта кәсіп қылуға болмайды, – деп қатаң тұжырымдайды. (Абай, «Қырық үшінші сөз»)

Әрине, хакімнің: «Жан қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоға­лып та кетеді: ескерсе, күтіп айналдырса, зораяды...» – деп отырғаны – адам қабі­­леті­нің (яки талантының) үнемі іздену­­мен, оқу-тоқумен толықтырылып оты­ры­­латыны; сөйтсе ғана («ескерілсе ғана») жетіле, ұлғая түсетіні туралы айтылып отырғанына ешкімнің дауы бола қоймас.

Ал енді... «іздену, оқу-тоқу» дегеннен шығады. Әлгінде біз Абайдың Будда жайын оқып шыққанның артынан: «Будданың сөзі қалай терең еді, жасымда кез келмеді-ау» деген өкінішін Мұхаңның зерттеуінен (М.Әуезов, Шығармалары, «Жазушы» баспасы, 1969 ж., ХІІ том, 289-бет) тілге тиек еттік. Ақиқатында, Абайдың діни кітаптардан оқығаны – тек қана Будда ілімі жөнінде ме?! Жоқ! Шығармаларына байыптап қарасаңыз, ұлы ақын көктен түскен төрт кітаптың төртеуін де зерделеп оқығанын аңғаруға болады. Оның айғағы:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас.

Әманту оқымаған кісі бар ма?!

Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде

 өзгерер,

Жарлық берді. Ол сіздерге,

 сөзді ұғарға...

– деген өз сөзі.

Әрине, мұндағы «Көп кітап келді Алладан, оның төрті... – деп отырғаны – «Тәурат», «Забыр», «Інжіл» және «Құран» екені белгілі. Гәп мұнда ғана емес, негізгі ой – бұл төрт кітаптың «Алланы танытуға сөз айырмас» екенді­гінде; бір Құдайдың ғана жаратушы Иеміз екені төртеуінде де айтылуында.

Мұнан соң, Абай: «Әманту оқымаған кісі бар ма?!» – «Алланың барлығы мен біреу ғана екеніне мінәжат қылмаған кісі бар ма?!» деп алып, «Уәктубиһи» дегенмен ісі бар ма?!» – яғни, «Алланың барлығына, оның жалғыз екеніне сендім деп алып, енді оның кітаптарына да сену керек дегенмен жұрттың ісі бар ма?!» – деп сауал қояды.

Бұдан біз не байқаймыз?

Біріншіден, шын мұсылман ретінде, Абай «Құдай – бір, Құран – шын, пайғамбар – хақ» екеніне жан-жүрегімен ұйыса;

Екіншіден, Алладан кітап түскен өзге жұрттар да Құдайдың Бірлігін (жалғыздығын) мойындайтын, өздеріне түскен кітапқа сенетін, пайғамбарлары да Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейінгі Алланың елшілері деп есептелетін, бірақ мәжу­силер секілді дінсіз кәпірлер емес; ғайри дін өкілдері екенін қапысыз танығанын көреміз.

Бәлкім, мұнан да әрі құлаш сермеп:

Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй сол Алланы, жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, «Бауырым!»

 деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті, – деген сөзді де ол осындай ойлардан кейін нық сеніммен айтқан болар. Өйткені «Көп айтса – көнді, жұрт айтса – болдыға» бүкіл болмысымен қарсы Абай, әлгі кітаптарды өзі оқып, өз зейінін салып ойланып барып айтпаса, ол төрт кітап Алланы танытуға сөз айырмайды деген түйінді ойға тоқтамас еді ғой. Және:

«...Күллі мақлұқ өзгерер,

Алла өзгермес,

Әһлі кітап бұл сөзді бекер демес...» – деп нықтай түспес те еді ғой.

Енді осы жерде Абай қай кітапты, қан­дай кітапты оқымасын, тек бір өзі ғана ғибрат алу үшін емес, бұған қоса сол оқығандарын ел ішінде өнеге, үлгі ретінде қажетіне жаратып, жұрттың көзін ғана емес, көңілін де ашатын құрал ретінде пай­даланғаны жөнінде бірер сөз айта кетсек, артық етпес деп ойлаймыз. Бұл ретте, әсіресе, әлгі төрт кітаптың ішіндегі адам­гер­шілік пен пендешілік, жақсылық пен жамандық туралы ойларды Абай өзінің өлеңдерінде де, қара сөздерінде де кеңінен толғағанын көруге болады. Олар жайында ақынның «мораль философиясы туралы» сөз еткен Мұхтар Әуезов кезінде: «Өзі білген кітаптардан алған адамгершілік, гуманистік бұқарашылдық идеяларға қоса, Абай өз халқы тұтынып жүрген діннің де керекке жарайтын жақ­т­арын алып, өзі­­нің ұстаздық, тәрбиелік кере­гіне жаратуға тырысады. Ал ұстаздық, әлеу­­меттік талабының түп мақсаты жеке адам­дарды жаманшылықтарынан арыл­тып, сол арқылы заманындағы қауым-қо­ғамын және бар халқын түзетіп, өзгерт­пек болады», – деп жазған болатын. (М.Әуезов, Шығармалары, ХІІ том, 411-бет.)

Расында да, адамгершілік пен пенделік, ірілік пен ұсақтық, жалпы жақсылық пен жамандық атаулы жер жаралып, су аққалы адамзат баласы талмастан сөз етіп келе жатқан күрмеуі қиын әңгіменің өзегі ғой. Бұл – киелі кітаптардан бастап, күні бүгінгіге дейін де сөз етіліп келе жатқан жайт. Ұлы ақын Абай да заманында осы таусылмас тартысты өз шығармаларына арқау еткені аян. Сонда ол киелі кітаптарды оқымады, білмеді, ұлтына пайдасы тиер жерлерін үлгі-өнеге етпеді десек, үлкен әбестік болар еді. Оқығанда – Абай оқысын; білгенде –Абай білсін! Абайдың заманға да, замандастарына да айтқан – ащы да әділ, жақсы да жанашыр сөздерінің көбінен «Тәураттағы», «Інжілдегі», т.б. киелі кітаптардағы ақыл-нақыл, өсиет-өнеге сөздердің ықпал-әсері сезіліп тұратыны, бәлкім, содан болса керек.

Өсиет-өнеге дегеннен шығады... Өнегенің көкесін Абай, әсіресе, өзі тұтынған асыл дін – исламның қасиетті кітабы Құран мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сахиқ хадистеріне сүйене отырып айтқанда, саналы жан­ның сай-сүйегін сырқыратады. Бұл ретте, әлгінде ғана әңгіме еткен «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты өлеңді Мұхаң (М.Әуезов) көбірек талдаған соң (Қараңыз: «Абай (Ибраһим) Құнан­байұлы (монография), бұған біз көп аялдамай, тек «Көк тұман – алдындағы келер заман» сынды ғажап өлеңін айрықша атап өтеміз де, «Әсемпаз болма әрнеге» дейтін тағы бір өлеңіне аз-маз тоқтап өткенді жөн көреміз.

«Бұл өлең, – дейді ұлы Мұхаң «Әсем­паз болма әрнегеге» байланысты, басынан ақырына дейін қоғамдық тілекке қадірлі-қасиетті адам болудың Абай ұғымындағы сипаттарын баян етеді. Мұнда адамгершілік қағидаларын ақын өз тұрғысынан атап береді. Халқының ортасындағы өзі үміт еткен жас талапкер тобына дұрыс жолды нұсқап отырады.

...Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан!

деген ойлары қауымның дүкеніне пайдалы жан бол, халықтың, дұрыс тірліктің іргесін қаласуға себепші бол дейді...» (Сонда 390-бет).

Әрине, Абай шығармашылығын кім-кімнен де артық білетін Мұхаң, бұл өлеңнің де қадір-қасиетін танып отыр. Бірақ ол турасында бізге білетінінің бәрін айтпай отырған секілді көрінеді маған. Сондықтан да қысқалау қайырып өте шыққан сықылды. Бәлкім, заманы қиын болған шығар... Әлде, қоршаған ортасы да тәптіштеуді қажет етпеді ме?!

Шынына келгенде, бұл – Құран тәпсір­лерінде анық айтылған, діни ілім-білімнен хабары бар көпке белгілі сөз; ол сөз Абайға ғана емес, көп жайдан хабары бар Мұхаңа да белгілі болса керек-ті. Бірақ Мұхаң оны айтқан жоқ (дұрысы) – айта алмаған болар!)

Ал ақиқаты: «Джабир бин Абдуллаһ­тың бізге жеткізген сөзі бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен және менен бұрынғы пайғамбарлар сән-салтанаты асқан, аса ғажайып бір сарай секілді; бірақ оның бір бұрышында әлдебір кірпіші жетпейді де тұрады. Жұрт айналасын шолып жүргенде бәрі бірдей таңғалып: «Апырай, мына бір жердегі кірпіші өз орнында тұрғанда, қандай тамаша болар еді, әттең!» – деп өкініседі. Мен – жетпей тұрған сол соңғы кірпіштің нақ өзімін. Мен – елшілердің ең соңғысымын», – депті.

Бұл хадисті бізге жеткізгендер: «Әл-Бухари, Мүсілім, ат-Термези» – деп көрсетеді «Құранның мағынасы және түсі­ніктері» атты кітапты шығар­ған Э.Р.Кулиев «Әл-Ахзаб» («Пікір­лестер») сүресінің 40-аятына берген түсіндірмесінде.

Ақырғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) болмаса, шынында да, сән-салта­наты асқан дүние Сарайының бір бұры­шындағы кірпіші жетіспей, кетіктігі білініп тұрар еді... Өкіндірер еді... Аллаға шүкір, Мұхаммед (с.ғ.с.-ның) дүниеге келуіне байланысты, ислам діні жер жүзіне кең тарап, имандылық нұры әлемге шашылды. Сондықтан да Абай тереңнен толғап:

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан! – деп, келер ұрпаққа бұрынғылардан, пайғам­барлардан қалған сол ұлы нұсқаны, үлгіні нұсқап отыр.

Енді қалай оны – атаның баласы емес, адамзаттың баласы демессің?!

Ғажап!!!

Бірі кем (кетік) дүниенің сол кетігіне сен де бір кірпіш болып, өз орныңды тап та, қалан!!! – дейді.

Әр адам өзін бір кем дүниенің кеміс-кетігін толтыратын кірпіші санауы тиіс! – деген ұлы ойды айтады Абай.

Және жоғарыда айтқанымыздай, Абай келер ұрпаққа оңай – оспақ жолды емес, бұрынғылардан, пайғамбарлардан қалған ұлы нұсқаны, үлгіні, жолды көрсетіп отыр. Байқап қарасаңыз, ақын бұл ойын басқа бір өлеңдерінде де, қара сөздерінде де қайталай айтып, нықтай түскені айқын көрінеді.

Назар салыңыз:

«...Өзіңді оның (Алланың!) құлы біліп, өзіңе муслим ат қойып, тәслим болғаныңа раст боласың. Өз пиғыл­дарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе; ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасымен емес, соның соңында болмақ. Оның үшін Алла тағаланың сипаттары (Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин) сізде Алла тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат бірлан болмаса да, пендесінде де Алла әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты, – дейді. «Отыз сегізінші сөзінде».

Ал бұрынырақта «Ғылым таппай мақтанба» дейтін өлеңінде:

«...Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз!?

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда? – деп,

Айтпа, ғылым сүйсеңіз!...» – дейтін еді ғой Абай.

Бұған қоса, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейтін әлгі өлеңінде:

...«Алла мінсіз әуелден,

пайғамбар хақ,

Мүһмин болсаң, үйреніп,

сен де ұқсап бақ»,

– демеуші ме еді!?»

Ендеше, бұл сөздері де – жаңа ғана біз мысал еткен Отыз сегізінші сөзіндегі: «Алла тағалаға ұқсай алам ба?!» деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасымен емес, соның соңында болмақ...» деген сөзімен толық үндесіп жатқан жоқ па!? Қарасөздеріндегі ойды – өлең сөз­деріндегі айтқандары да нықтап, бекіте түсіп тұрған жоқ па...

Әңгімеміздің басында: кейде оңаша отырып ойлана қалсаң, еріксіз таңға­латын, таңғалмасыңа тіпті қоймайтын жайлар аз емес; соның бірі – өзіміз «білеміз ғой» деп жүрген кәдімгі Абай феномені – дегенде, осындай жайлар еріксіз еске түскендіктен айтылған сөз еді.

О, тоба! «Білетінің – бір, білмейтінің – мың да бір» деген осы екен ғой.

 

Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты