Пікір • 14 Тамыз, 2020

Шәмші әндері – ел жадында

788 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Менің репертуарымда Шәмші аға­ның әндері мол болғанымен, өмірде ол кісімен көп жолыққаным жоқ. Компо­зитор­ды ең алғаш 1975 жылы көрдім. Онда Алматыға жаңа келген кезім. Жеңістің 30 жылдығына арналған рес­публикалық байқауға қатысатын бол­дым.

Шәмші әндері – ел жадында

Сол байқауда маған бірінші орын бұйырды. Қа­зылар алқасының төрағасы Шәм­ші Қалдаяқов екен. Ол кісі солайша ең жас және талантты әнші ретінде қолдап, өнеріме сәт-сапар тілеген еді. Бұл оқиға менің көңілімде ұмы­тылмастай сақталды. Екінші бір естен шықпайтын оқиға – 1991 жылы тағы бір үлкен республикалық байқауда Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындадым. Шәмші аға менің орындауыма соншалықты риза болды. Сахнаға шығып, қолымды көтеріп, баладай қуанғаны әлі есімде. Дәл сол сәттегі кадр композиторға арнап түсірілген деректі фильмдерде бар.

 Шәмші ағаның көптеген әндерін сүйіп орындаймын. Осыдан біраз уақыт бұрын демеушілердің көмегімен тек қана сол кісінің әндерінен тұратын ән дискісін шы­ғарғанымды айтқым келеді. Әсіресе сол көп әннің ішінде «Әнім сен едің», «Ке­шік­пей келем деп ең» дейтін әндерін жиі айтамын. Шәмші Қалдаяқовтың есімі оның музыкасын сүйетін, қадірлейтін жандардың есінен шықпақ емес. Ол өзінің тамаша, қайталанбас әндерімен біздің жүрегімізде, яғни қазақ халқының жүрегінде мәңгі жасайды деп ойлаймын. Өйткені ол халық композиторы, есімі халық ұғымымен тұтасып кеткен тұлға.

 

Роза РЫМБАЕВА,

Қазақстанның халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты