Әлем • 19 Тамыз, 2020

АҚШ – Польша келісімінің мәні неде?

98 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Шығыс Еуропаға сапары барысында Варшаваға ат басын бұрып, Польшаға америкалық сарбаздарды әкелу туралы келісімге қол қойды. Құрама штаттарының мұндай қадамға баруының түрлі себептері бар.

АҚШ – Польша келісімінің мәні неде?

Екі ел арасындағы қор­ғаныс жөнін­дегі келісімге сәйкес, АҚШ тарапы Поль­ша­дағы әскерінің санын арт­тырады. Сондай-ақ Америка Құрама Штаттары аталған елді Еуро­падағы негізгі әскери орталығына айналдырмақ. «Кеңейтілген қорғаныс ынтымақтастығы келісімі» деп аталатын бұл құжатқа Польшаның қор­ғаныс министрі Мариуш Блащак пен АҚШ-тың мем­лекеттік хатшысы Майк Помпео қол қойды.

«Бұл қадам Польшаға немесе АҚШ-қа қауіп төнсе, сар­баздарымыздың кез кел­ген қиындыққа бірлесе қар­сы тұруына кепіл болып, ынты­­мақ­тастықты күшейте түседі», деді Польша прези­денті Анджей Дуда қол қою рәсімінен кейін.

Ақ үй басшысы Дональд Трамп осы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. «Бұл келісім біздің әскери ынтымақтастығымызды арттырып, АҚШ сарбаздарының Польшадағы санын көбейтіп, НАТО-ның әлеуетін одан әрі күшейтеді, Еуропадағы қауіп­сіздікті қамтамасыз етеді әрі демократия, еркін­дік пен егемен­дікті сақтау­ға көмектеседі», делінген мәлімдемеде.

Қосымша сарбаз әкелуден бөлек, келісім аясында АҚШ-тың 5-ші армия­лық корпусының Еуропадағы бас штабы осы Польшада орна­ласпақ. Сон­дай-ақ офицерлік құрамның 200-ге жуық өкілі де осы елде борышын өтейді.

Қазіргі таңда Польшада АҚШ-тың 4500 сарбазы бар. Еш мемлекетте олар­дың нақты әскери базасы орналаспаған. Бұған дейін Польша талай мәрте өз елін­де тұрақты әскери база ашуға ынта білдірген-ді. Ел билігі осы арқылы шығыстан келетін қауіпке тосқауыл болудан үмітті.

«Мүмкіндігіміз мол, оған жет­кілікті ресурс та бар. Әс­кердің қабі­леті ма­ңызға ие. Әлем қазір бұ­рын­­­ғы­дай емес», деген М.Пом­пео амери­ка­лық сарбаз­дар Польшаға ғарыш, кибер­қауіпсіздік, жалған ақпа­ратпен күрес саласында да көмектесетінін жеткізді.

Польшаның сыртқы істер министрі Яцек Чапутович АҚШ әскерінің келуі мем­лекеттің қорғаныс қабілетін кү­шей­те түседі деп есептейді. Оның па­йым­­дауынша, елде кез келген сәтте қақ­­тығыс туындау ықтималдығы жоғары.

Екіжақты қорғаныс жө­­нін­­дегі келісімнің ұзын-ырғасы осы. Бір қара­ған­да маңыз аударарлық еш­теңе жоқ секілді көрінгені­мен, Ақ үй билігі Поль­шамен әске­ри ынтымақ­тастықты кү­шей­ту арқылы «екі жеп, биге шы­ғу­ды» көздегенін аңғару қиын емес.

Польшадағы сарбаздары­ның санын арттыру арқылы АҚШ Шығыс Еуропадағы өз ықпалын күшейтіп, Ресейден келетін кез келген қауіпке тосқауыл болуға талпынады. Оның үстіне, қорғаныс жөніндегі келісім аясында америкалық сардарлар Польшаның бірқатар әскери нысандарын қолдануға мүм­кіндік алмақ. Олар Ресейді дәл өкпе тұсынан бақы­лауға осылайша қол жеткізіп отырғандай.

Әлбетте, Ақ үйдің мұн­дай қадамы Кремльге ұна­ған жоқ. Ресей сыртқы іс­тер ми­нистрінің ресми өкі­лі Мария Захарова осы оқи­ғаға байланысты пікір біл­ді­ріп, америкалық әс­кер­дің Ре­сей шекарасына жа­қын­­дауы жағдайды одан әрі күр­­делендіре түседі деп мәлімдеді.

«Мынаған тағы назар аударғым келеді. Польша­дағы америкалық әскердің санын арттыру қауіпсіздік мә­селесін шешпейді, қайта Ресейдің ба­тыс шекарасында туындаған қиын жағ­дайды одан әрі күрделендіріп, шие­леністі күшейтіп, күтпеген оқи­ғаға душар етуі мүмкін», деді М.Захарова.

Польшамен арадағы ке­лі­­сімнен екі апта бұ­рын Вашингтон билігі Гер­ма­ниядан 12 мың сарбазын әкететінін хабарлаған. Оның жартысына жуығы НАТО-ға мүше басқа елдерге көшірілсе, қалғаны елге қайтарылмақ. Д.Трамп әкімшілігі бұған дейін талай мәрте Германияны сынап, НАТО-дағы міндетін дұрыс орындамай отырғанын жиі көтеріп келген. Оған қоса, немістердің «Сол­түс­тік ағын – 2» газ құбыры жобасына қызығуы да Ақ үйге ұнаған жоқ. Осылардың бәрін ескере келе, Д.Трамп Германияға сарбаздарын әкету арқылы ескерту жасап қоюды жөн көрген сыңайлы.

Айтпақшы, Майк Помпео мен Анджей Дуда келісімге қол қойыл­ған­нан кейін Польшадағы Белгісіз сарбаз ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бір айта кетерлігі, бұл ескерткіш 1920 жылғы соғыста Польшаның ресейлік большевиктерді жеңгені үшін қойылған-ды.