Білім • 31 Тамыз, 2020

Әкім гранты – 89 түлекке

689 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда білікті кадр тапшылығы әлі толық шеші­мін тапқан жоқ. Мәселен, медицинада 278 дәрігер жетіспейді. Ал білім саласына 472 педагог қажет. Сол себептен, жыл сайын мектеп бітіруші түлектерге облыс әкімінің гранты бе­ріледі. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында әкімнің грантымен 500-ге студент білім алуда.

Әкім гранты – 89 түлекке

Ал биыл әкім грантын иеленуге 132 талапкерден өтініш түсті. Облыс әкімі­нің орынбасары Бақытгүл Хаменова же­текшілік еткен арнайы комиссия 78 тү­лек­ке грант беруге шешім қабылдады. Енді әкім грантына ие болған түлектер об­лыстық бюджет есе­бінен білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар бойынша тегін оқиды.

– Әкім грантын иеленгендердің дені – болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер. Оның ішінде 27 түлек М.Оспанов атын­дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік ме­ди­циналық университетінде, үшеуі Л.Гу­милев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінде тегін білім алады. Төртеуі М.Өте­місов атындағы Батыс Қазақ­стан уни­вер­ситетінде, алтауы «Нұр-Мүбарак» Еги­пет ислам мәдениеті университетінде оқи­ды. Бір түлек Жәңгірхан атындағы Ба­тыс Қазақсан аграр­лық-техникалық уни­вер­ситетіне, тағы бірі Т.Жүр­генов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, 36 талапкер Х.Досмұхамедов Атырау мем­лекеттік уни­верситетіне оқуға түсті, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Облыс әкімінің гранты тағы 11 тү­лекке берілді. Оның 10-ы дене шынықтыру мұғалімі, 1-еуі кітап ісі мамандығымен оқиды. Осылайша, биыл облыс әкімінің арнайы грантымен жоғары білімді тегін алатын түлектер саны 89-ға жетті.

 

Атырау облысы