Қоғам • 01 Қыркүйек, 2020

Ескерткіш – ел талғамы

410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Он шақты жыл бұрын Семейде Алаш зиялыларына қойылмақ ескерткіштің эскизі қолымызға түсті. Қолында балғасы мен орағы жоқ демесеңіз, шомбал жұмысшы бейнесіндегі әсіреұраншыл пролетариаттың бейнесі болып шыққанын көріп қарадай қарнымыз ашқан. Сонан соң қалалық мәдениет бөліміне хабарласып, мән-жайды біліп мақала жазған едік. Алаш арыстарына тән зиялы келбеттің кескініне сұрау салғанбыз.

Ескерткіш – ел талғамы

Тағы бірде белгісіз бастамашыл топ Өскеменде І Петр патшаға ескерткіш қоймақ болғанда да брифинг барысында облыстың мәдениет басқармасының басшысын баспасөз өкілдері жан-жақтан сұрақтың астына алып, бөгде ниетті қусыра қуғандай болғаны есте...

Әрине қаламгерлер, әсіресе журналистер қауымы жаманды ғана емес, жақсыны да көре біледі. Әйтпесе сол кезде Өскеменнің қақ ортасына қойылған хакім Абайдың еңселі ескерткішін әспеттеп талай жыр жазылмас еді, шешім әлдеқайда бұрын қабылданса да бітер істің басына келген өңір басшысына «Өскеменге Абай келді» деген мадақ айтылмас еді.

Міне, сол Абайдай алыпты жерге қаратқан тағы бір ұнамсыз уақиға сол Өскеменде болғанда өре түрегелген тағы да БАҚ өкілдері болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бітім-болмысы достықтың шаһары ретінде бәдізделіп келе жатқан облыс орталығының Абай мен Михаэлис көшелерінің қиылысында орын теппек болған екі ойшылдың достық рәуішті көздеген ескерткіші езуге күлкі үйірді, «селфи» жасап тұрған іспетті сұрықсыз мешел мүсіндердің ғұмыры бір-ақ түн болды. Одан кейін жабулы қазан жабулы күйінде тағы қала берді.

Енді бірде белгілі бір батыр бабасының бес қаруы бойында, жараған атқа мінген мүсінін гаражда ұстап отырған бір кәсіпкер ағамызбен әңгімелескенімізде ескерткішті қоярға жер таппай отырғанын, сатып алушылар болса саудаға шығаруға да бейілділігін танытты. Міне, бұл – біздегі ескерткіштер дүниесіне деген көзқарасымыздың жеткен жері. Яғни, тапсырыс берушінің көңілінен шықпаса басқа бір қолы жеткен рудың баяғы замандағы бір батырының бейнесіне қолма-қол айналып кете бармақ.

Соңғы жылдары қалыптасқан, шын мәнінде көз жұма қарайтын тағы бір келеңсіз үрдіс ірі қалалардан шалғай жатқан аудандарда орын алып жатыр. Яғни, алыс ауылдарда қазір жергілікті жердің құрметті тұлғаларына арналған ескерткішті темірден де, қоладан да емес, цементтен құйып қоя салатын болды. Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты. Ескерткіш тұғырында тұр. Тұғыртасына есім-сойы әдіптеліп жазылған. Жан-жағы шарбақпен қоршалған, гүлдер егіліп абаттандырылған. Бірақ бар гәп – құрылыстың орындалу сапасында. Арматураға бекітілген цемент сылақ бір-екі жыл өтпей жауын-шашынға төтеп бере алмай сылынып түсіп қалады. Иә, астанадан арнайы меймандар шақырып ашқан мүсініңіздің келер жылы бір құлағы жоқ, мұрнының ұшы кертілген, аузы кемиектеніп қалған немесе кеудесінен қара темір шығып тұрған пұшайман бейнесінен қарадан қарап қысыласыз.

Тіпті аңдап қараған адамға мұндай орашолақ орындалған мәдени нысандарды облыс орталықтарынан да тауып алуға болады. Оның сыртын бояп-сылап қойғанымен қоладан құйған, мәрмәрдан соққан мүсінге жете ме?! Ал жергілікті басшылықтың есебі түгел – елге де, жоғарыдағы басшылыққа да жақты, елдіктің нышаны іспеттес ескерткіштің кейінгі ахуалы ойландырмайды.

Жалпы, тастан балбал қашаған бағзыдағы бабалардың мүсіншілігі бізге қонбаған ба, ескерткіштерге келгенде еңсемізді көтере алмай, жер шұқып қала беретініміз неліктен екен? Қаржы қолбайлау ма, жауапкершілік жоқ па, әлде талғамға таласпаудың кері ме? Қаржы дейін десек, кейбір елдердегі бюджеті әлденеше есе кем ескерткіштері еңселі, ерекше мазмұнды-ақ. Әсілі, бұл да жауапкершілік пен талғамның жоқтығынан болса керек. Бұл екеуі жоқ болған соң бөлінген қаржы да «ұшты-күйлі жоғалады».

Жуырда Семейдегі Абай мұражайында хакімнің екі ұлы – Ақылбай мен Турағұлмен түскен белгілі фотосуретінің негізінде ескерткіш қойылды. Егер ескерткіш порт­реттік нұсқадан дәлме-дәл көшірме болса, онда оның өнер туындысы ретіндегі баға­сы қаншалықты болмақ? Хакімнің хақ ескерткіші – Алматыдағы Республика сарайы­ның алдындағы ақын мүсінін сомдаған Хакім­жан Наурызбаевқа ақыл-кеңесті әйгілі Әуезовтің өзі берді. Жалпы, отызыншы жылдардан бас­тап ақын суреттерін сала бастаған қылқа­лам шеберлері сүйенген осы фотосурет қо­лында болса-дағы тұңғыш кәсіби мүсінші Жиде­байға дейін барып, ақын ұрпақтарымен кезде­сіп, дала данышпанының болмыс-бітімін санасында пісіріп барып жұмысқа кіріскен екен. Бүгінде біздің мүсіншілерге жетпей тұрғаны да осы бір ізденістің кемшіндігі сияқты.