Оқиға • 02 Қыркүйек, 2020

Дұрыс әдістеме – оң нәтиже

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің «ONLINEda bol» жобасы аясында Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Тәжірибе алаңы: тіл, әдістеме, нәтиже» тақырыбында 26 тамыз­дан бастап үш күнге созылған халықаралық онлайн семинарды аяқтады.

Дұрыс әдістеме – оң нәтиже

Басқосудың мақсаты – Қазақ­стан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік тілдің қол­данылу өрісін кеңейту және қа­зақ тілін оқыту әдістемесін же­тілдіру, халықаралық деңгейде тілді үйрету тәсілдерін саралау, сонымен қатар өзара тәжірибе алмасу екен.

Үш күндік семинар ке­зінде: Ұлыбританиядағы «Unicorn Language Sсhool» мекте­бінің директоры, ағыл­шын тілінің оқы­тушысы Сим Роберт, Түркиядағы Гази уни­вер­ситеті «Tömer» тілді үй­рету орта­лығының директоры, профессор Незир Темур, Мәс­кеу қаласы Инновациялық-ком­муникативтік лингвистика орталығының директоры, полиглот, синхронды аудармашы Дмитрий Петров, Башқұрт мем­лекеттік университетінің оқыту­шысы, әдіскер-маман Рим­ма Мин­газетдинова, сондай-ақ Ал­маты қаласындағы Сүлейман Де­мирел атындағы университет, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, Ах­мет Байтұрсынұлы атындағы Білім ака­­де­миясының әдіскерлері қа­­ты­сып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Башқұрт мемлекеттік универ­ситеті Шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы Римма Флюровна «Ағылшын тілінен қосымша білім беру бағдарламаларын жү­­зеге асыруда қолданылатын ком­­муникативтік дағдыларды дамытудың тиімді әдістері (Intermediate, Upper- Intermediate, Advanced деңгейлері бойынша) жайлы баяндама жасаса, Анкара қаласы Гази университетінің профессоры Незир Темур «Тіл үй­ретудің негізгі принциптері» тақырыбында сөз қозғады. Про­фессор өз презентациясын «Нені үй­рету, қалай үйрету, қашан үй­­­рету?» деген қарапайым сұ­рақ­­тардан бастап, кез келген адам­ның өз табиғаты болатыны сияқты тілдің де өз табиғаты бола­­ды, барлық сұраққа жауап­ты осы тіл табиғаты аясынан іздеу керек деді. Тәжірибелі тіл мама­ны сонымен қатар шынайы оқы­­ту моделін құру арқылы тіл­­ді үйретудің тиімділігіне на­­­зар аударды. Тілді оқыту ба­ры­­­сын­­дағы дұрыс құрылған стра­­­­тегия, оқытушы мен тіл үй­ре­­ну­шінің психологиялық да­йын­­­дығы, жүйелі сабақ, дұрыс таң­­­далған әдістеме оң нәтижеге жет­­­кізетінін баса айтты.

Сондай-ақ тағы бір шетелдік маман ұлыбританиялық «Unicorn Language Sсhool» мектебінің директоры Роберт Сим өзінің тілді үйретіп жүрген ұтымды әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, қоғамдық ор­тадағы тілдің басымдылығына қарай екінші тілдің қолданылу аясының тарылуы жайлы мәсе­леге тоқталды.

Ал отандық тіл мамандары тарапынан пікір айтқан Назарбаев зияткерлік мектебі «Лин­гвис­тикалық бағыттағы пәндер» бө­лімінің аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлыгүл Дәулеткереева, Marry Sprat, Alan Pulverness, Melanie Williams және тағы басқа әдіс­керлердің еңбектеріндегі әдіс­темелік идеялары арқылы тілді үйретудің тәжірибесімен бөліссе, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының әдіскері Сымбат Мұхаметжанова «Қазақ тілі сабағында жетістікке жету жағдаятын туғызу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, тіл үйрету кезінде компьютерлік технологияны ұтымды қолданудың маңыздылығына тоқталды.

Мәртебелі жиынға облыстық тілдерді дамыту басқармасы және тілдерді оқыту орталық­тары­ның басшылары, әдіскерлер қа­тысып, тіл оқыту мәселесі бо­йынша көкейлерінде жүрген сұрақтарына толық жауап алса, семинарға Zoom сервисі бо­йын­ша 300 оқытушы атсалысты. Фейсбук желісіндегі «ONLINEda bol» парақшасы арқылы бір са­ғат ішінде 150 маман тыңдап үлгерді.

Жиынның жабылу салтанатында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығының бас ди­ректоры Әлібек Асқар қо­ры­тынды сөз сөйлеп, баяндама жасаған шетелдік және қа­зақстан­дық әріптестеріне риза­шылығын білдіріп, қа­ты­су­шы­ларға онлайн сертификаттар тапсырды.