Саясат • 02 Қыркүйек, 2020

Азаматтар құқығы – басты назарда

268 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Соның ішінде мемлекеттік басқарудың жаңа моделі мен азаматтардың мүддесін қорғауға ерекше екпін берді. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта қарқын алмақ.

Азаматтар құқығы – басты назарда

Коронавирус пандемия­сы әлемдегі ахуалды түбегейлі өзгерткені белгілі. Осындай қиын-қыстау кезеңде мем­ле­кеттік басқару саласының кем-кетігі анық байқалды. Әсіресе ін­детке қатысты тез шешім қабыл­дауда түрлі мәселелер кезік­кен-ді. Мұны Мемлекет бас­шысы халыққа Жолдауында да ашып айтты:

«Індет пен дағдарыс жағ­дайында мемлекеттік басқа­рудың қазіргі жүйесі барынша қар­қынды жұмыс істеп жатыр. Шұғыл міндеттерді шешу уа­қыт пен ресурстарды қажет ете­ді. Бірақ алдағы кеңістікті назар­дан тыс қалдырмау керек. Сон­дықтан тікелей Президентке бағы­натын Стратегиялық жос­парлау және реформалар жөніндегі агенттік құру туралы шешімді қабылдадым», деді Пре­зидент.

Жалпы, бұған дейін елімізде мұндай мемлекеттік орган болған еді. Кезінде аталған мекеме өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындады. Дегенмен, қазіргідей шартараптың түкпір-түкпірі қатерлі індет пен оның салдарымен күресуге бас қатырып жат­қанда, елімізде мұндай агент­тіктің құрылуы оңтайлы шешім десек қателеспейміз. Ендігі жерде агенттік мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі органға ай­налмақ.

Қ.Тоқаевтың стратегиялық жос­парлауға көңіл бөлуінің бірне­ше себебі бар. Қазіргі таңда өңір­лерде жоғары жаққа бері­летін есепті ғана дұрыс­тап, негізі мәселе – шаруаның оң­­тайлы шешіміне көңіл бө­лін­­бей келгені талай мәрте ай­тылды. Әсіресе құжат жүзін­де аяқ­тал­ған жұмыстың іс жү­зінде шала атқарылып жүргенін де көз көрді. Мұның бәрі мемле­кет­тің дамуына ерекше кедергі кел­ті­ретіні түсінікті. Осы­ларды ескер­ген Президент көп көрсет­кіші мен индикаторы бар мем­лекет­тік бағдарламалар әзірлеуді тоқ­­та­тып, ықшамды әрі бүкіл елге түсінікті форматқа өтудің қа­­­жет­­тігін атап өтті. Яғни, істел­ген жұ­мыс нәтижеге қарай баға­ланбақ.

Сонымен қатар Қ.Тоқаев мем­лекеттік қызмет жүйесін қай­та жасақтаудың маңызына тоқ­талды. Мұндай қадам ел да­муының темірқазығына айналуы тиіс. Пандемия кезінде көп­теген мекеме қашықтан жұмыс істеуге көшті. Шешімдер онлайн режімде қабылдануда.

Мұның бәрі мемлекеттік қыз­меткерлерді қысқартуға мүм­кіндік бар екенін анық көр­се­тіп отыр. Осыған байланыс­ты биыл мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік саладағы қыз­меткерлер 10 пайызға, келер жылы 15 пайызға қысқармақ.

Осы орайда, мына мәселені ескерген жөн. Қысқарту негізгі жүкті көтеретін қарапайым қызметкерлерді емес, «ас ішіп, аяқ босататын» шенеуніктерді қамтуы тиіс.

Президенттің бұған ерекше көңіл бөлгені мынадан-ақ байқалады. Бұдан былай министрлік құрамындағы жауапты хатшы лауазымы жойылады. Оның міндеті министрлік аппаратын басқаратын адамға жүктеледі. Әуелгіде жауапты хатшы лауазымы енгізілгенде министрді әкімшілік-кадрлық жұмыстан босату көзделген-ді. Бірақ іс жүзінде министрлер мен жауапты хатшылар түсі­нісе алмаған сәттері де кездесті. Осыған байланысты ведомствоның жұмысы ақсағанына талай мәрте куә болдық.

Ел дамуының тағы бір парасы – заң үстемдігі. Яғни заң баршаға бірдей сақ­талмаса, халықтың қауіпсіздігі қор­ғал­маса, әділетті мемлекет құру бас­тама­лары толыққанды жүзеге аспайтыны – өзгермейтін аксиома. Сондықтан шығар, Президент «Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», деп атап көрсетті.

Қазіргі таңда құқық қорғау саласы үлкен реформаны талап етіп отыр. Мысалы, елімізде сыбайлас жемқорлық бойынша Ішкі істер министрлігі мен оған қарасты мекемелер пара алудан ешкімге дес бермейді. Мұның басты себептерінің бірі – құқық қорғау жүйесі айыптауға басымдық беріп кеткен. Тіпті кей адамдардың негізсіз қылмыстық қудалауға ұшырағаны да бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жүр.

Осыған байланысты Мемлекет бас­шысы қылмыстық саланы Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйы­мы елдеріндегі үлгіде қайта жаңғыр­туды тапсыр­ды. Яғни жаңа жүйеде аза­мат­тар­дың құқығы қорғалып, халық­ара­лық стандарттарға сай келуі тиіс.

«Қазақстанда өкілеттіліктері нақ­ты бөлінген үш деңгейлі жүйені енгі­зу қажет деп есеп­тей­мін. Полиция қылмысты анық­тап, оған қатысты адамдарды тауып, айғақтарды жинап, бекітуі тиіс. Прокурор жиналған дәлел­дерге қарап тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқығы бұзыл­уын болдырмай, адал адам­­дар­дың қылмыстық жауапкер­шілікке тартылуына, сотта айып­та­луына жол бермеуі тиіс. Сот органдар қыз­метінің арыз­дарын қарап, іске қатыс­ты соңғы ше­шімді шығарады», деді Прези­дент.

Дамыған әлем елдеріне полиция негі­зінен халықтың қорғаушысына айнал­ған. Тұр­ғындар қандай жағдай болсын ең әуелі көмекке полицияға жүгіреді. Қ.Тоқаев әлемдік тәжірибені ескере отырып, полиция қызметінде реформа жасаудың маңызын түсіндірді. Әсіресе бөлімше инспекторларының рөлі артуы тиіс.

«Учаскелік инспектордың мәртебесін заң­намалық тұрғыда көтеріп, оған нәти­желі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру ке­рек. Ол азаматтарға таныс, қолже­тімді және беделді болуы керек», деді Пре­зи­дент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының бей­неба­қылаумен толыққанды қамтыл­мағанын сынға алды. Ендігі жерде бұл түйткілді шешуге арнайы тапсырма берді.

Жолдауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі де кеңінен айтылды. Әсіресе осы бағытта жаңа тәсілдері енгізілмек. Мәселен, 2021 жылдан бас­тап мемлекеттік қызметшілердің, депу­тат­тардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізілмек.

Мұндай қадам «биені бүгімен, түйені түгімен» жұтатын шенеуніктердің тәбе­тіне тосқауыл болады. Бұрынғыдай жүгін ұшаққа тиеп қашудың дәурені кел­меске кетпек. Сондай-ақ құқық қор­ғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекс­ке өзгерістер енгізіледі. Сыбайлас жем­қорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды.

Қорыта айтқанда, биылғы Жолдауда ел дамуы мен азаматтардың құқығын қорғауға қатысты көптеген мәселе айтылды. Ендігі міндет – Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды мүлтіксіз орындау.