Пікір • 04 Қыркүйек, 2020

Жетелі жұрт жеті ұрпағын ойлайды

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» атты арнаулы бағдар­ламасын жүзеге асыруды тапсырды.

Жетелі жұрт жеті ұрпағын ойлайды

Онда Президент экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарлама­лары бойынша бөлінетін квотаның санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажеттігін қадап айтты. Бұл – үлкен қуаныш. Өйткені ЭКҰ әдісіне жүгіну халықтың басым бөлігіне қолжетімсіз болып отырғаны рас. Бүгінге дейін сәби сүйгісі келетін отбасылар 4-5 жыл кезек күтіп, әрең қол жеткізетін. Сондықтан квотаны бірден 7 есеге ұлғайту – халық үшін үлкен мүмкіндік, зор жетістік. 

Бағдарламаны жүзеге асырудағы бірінші міндет – мемлекет ақшасын желге шашпау. Негізі әрбір квотаға мемлекет тарапынан 1 млн теңгедей ақша бөлінеді. Оның бәрі технологияға кетпейді. Тең жартысы дәрі-дәрмекке жұмсалады. Ал оған нәтижелі топтар ғана таңдалып алынады. Олар – аналық ұрығы бар әйел мен аталық ұрығы бар ер адам. Яғни біз маман ретінде алдын ала болжам жасап, қай отбасының қандай мүмкіндігі бар екенін зерттеп, көз жеткізген соң ғана квота бөлінетіндер қатарына қосамыз. Ал керісінше жағдайда мемлекет тарапынан бөлінетін ақшаны желге шашқандай боларымыз анық. Дегенмен нәтижелілігі төмен топтарға әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көмектесуге болады. Оған әр адам жарна төлейді. Демек, осы жүйе арқылы жылына бір рет ЭКҰ қызметін алуға мүмкіндік жасалуы керек. Сіз салымшы ретінде қорға салған ақшаңызды пайдалануға құқыңыз бар. Міне, сіз нәтижелі топқа жатасыз ба, жоқ па, бірден-бір жолы осы деп есептеймін.

Елімізде қанша бедеу әйел мен белсіз ер адамның бар екені жайлы нақты статистика жоқ. Біз негізінен дүниежүзілік жалпы статистикаға сүйеніп айтамыз. Сол тұрғыдан келгенде, қазір Қазақстанда жаңадан шаңырақ көтергендердің 5-20%-ы бедеулікпен бетпе-бет келеді. Шама­мен әрбір бесінші не алтыншы отбасы  перзентке зар болып жүр.

Аталған бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыруда ең алдымен, нақты статистикаға қол жеткізуіміз керек. Ол үшін бедеуліктің регистрін, яғни тіркеуін жасауымыз тиіс. Сонда ғана олардың кемінде 60-70%-ы осы мемлекет еселеп бөлгелі отырған квотаның арқасында бесік тербету бақытына ие болады.  Екіншіден, квота әділ бөлінуі үшін әр әйел өз кезегін ашық түрде бақылай алуы тиіс. Жасыратыны жоқ, таныстар арқылы, басқалай да жолдармен квота алғанын ашып айтатындар баршылық. Процесс түгел электронды түрде жүріп, кезекке тұрған әйелдер кезегінің қалай жылжып жатқанын көріп отыратындай мүмкіндік болғаны дұрыс. Міне, сонда ғана Президентіміздің Жолдауында айтылған тапсырма әділ орындалар еді. Жалпы, маман ретінде айтарым, аталған бағдарлама – мемлекетіміздің демографиялық хал-ахуалын көтерудің  маңызды мүмкіндігі.

 

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА,

Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Экомед» клиникалар желісінің ғылыми директоры