Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2020

Мақсат – міндеттерді мүлтіксіз орындау

546 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздегі ірі металлургиялық кәсіпорындар жұмыс істейтін өңірлердің дамуына жаңа көзқарастың қажеттігі айтылды. Бұл санатта Қарағанды облысы да бар. «Аталған өңірлер жоғары технологиялық, ғылымды қажет ететін өндірістің және техникалық қызметтің орталығы бола алады», деген болатын ел Президенті.

Мақсат – міндеттерді мүлтіксіз орындау

Осы орайда, Қарағанды облы­сының әкім­дігінде Президенттің күні кешегі Жолдауын талқылауға арналған аппарат жиынында өңір басшысы Жеңіс Қасымбек аймақта жоғары технологиялық, ғылымды қажет ететін өндірістің және техникалық қызметтің орталығы болуға деген алғышарттың бәрі бар екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Жолдауда сөз болған басқа да маңызды мәселелерді саралап, алға қойылған міндеттердің орындалу жолдарын  айқындады.

– «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауда Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар нақты міндеттер қойды. Бүгінгі активтің нәтижесі бойынша Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі облыстық жоспар әзірленіп, бекітілетін болады. Ал мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне келер болсақ, біздің облыс алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет органдарына факторлық-балдық меже енгізген болатын. Биыл мемлекеттік аппаратты 10%-ға, 2021 жылы тағы да 15%-ға қысқарту жоспарланған. Яғни 2020 жылы біздің облыста мемлекеттік аппарат 359 бірлікке, ал 2021 жылы 538 бірлікке қысқарады.  Біз меритократия қағидатын сақтай отырып, Президенттің мемлекеттік аппаратты қысқарту жөніндегі тапсырмасын сапалы орындауды қамтамасыз етуіміз керек, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Ж.Қасымбек пандемия салдарының жалпы экономикаға тигізген кері әсеріне тоқталды. Дегенмен дәл осындай қиын-қыстау кезеңге қарамастан, өңірде ірі кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуінің нәтижесінде экономикалық шығынға және жұмысшыларды жаппай босатуға жол берілмегенін атап өтті өңір басшысы.

Бүгінгі күнде күрделілігі мен техно­логиялылығы жоғарылаған, сонымен қатар еңбек өнімділігі артқан жаңа экономикалық курстың қажеттілігі туды. Сондықтан жоға­ры технологияны қолдана отырып, өңдеуші өнеркәсіп саласында жаңа және экспортқа бағытталған жоба­ларды жүзеге асыру бойынша жұ­мыстарды белсенді түрде жүргізудің маңызына баса назар аударылды.

Актив жиынында облыста «Террикон алқабы» IT-хабы салынатыны айтылды. Бұл жерде отандық IT-өнімдер мен технологиялар жасалып, олар болашақта шетелдерге экспортқа шығарылады деген жоспар бар. Алдағы уақытта өңірде жасалған алғашқы автобус та конвейерден шығарылмақ. Осы және өңірде өнеркәсіп пен бизнесті дамыту, сондай-ақ инвестиция тарту бойынша жоспарлар туралы облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров баяндады.

Жалпы, «Террикон алқабы» жобасы мемлекет-жекеменшік әріптестігі механизмдері негізінде жүзеге асырылмақ. Мамандардың болжамы бойынша, 2025 жылға қарай 3 мыңнан астам адам сұранысқа ие IT-мамандықтарға оқытылады, ал бұл саладағы қызметкерлер саны шамамен 10 мың адамға жететін болады. Сонымен қатар аталған хабта 300-ден астам компания жетілуден өтіп, түсімді орташа алғанда 30%-ға арттырады деп болжануда. Сонымен бірге өңірдегі оқу орындары мен бизнес және өнеркәсіп кәсіпорындары арасындағы өзара әрекеттестікті ұйымдастыруға баса маңыз беру де жоспарда бар.

Сондай-ақ жиында өңір басшысы Жолдауда айтылған моно­қа­лаларды дамыту мәселесіне де тоқ­талды. Еліміздегі 27 шағын қала­ның сегізі Қарағанды облысында орналасқан екен. Оларда өңір тұр­ғындарының 42,4%-ы мекен етеді.

– Өңірлерді дамыту бағдар­ла­масы аясында 2020 жылға төрт мо­ноқаланың инженерлік инфра­құрылымын дамыту үшін 2,5 млрд теңге бөлінді. Қосымша 94 жұмыс орны ашылды. Экономика жанданып, қала құраушы кәсіпорындар бұл жұмыстарға тартылғанда, өңірлерді дамытуға арналған жаңа көзқарас қалыптасатын болады, – деді облыс әкімі.

Актив кеңесінің соңында Ж.Қасымбек әлеуметтік-эконо­ми­калық тұрақтылықты, жұмыс орындарын сақтау мен тұрғындардың табысы сияқты маңызды мәселелерді ұдайы назарда ұстау – қазіргі күрделі кезеңдегі басты мақсат екеніне ерекше екпін берді.

 

ҚАРАҒАНДЫ