Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2020

Адамдар тек телефонға үңіліп отыр – 20 жылын түрмеде өткізген азамат бостандыққа шықты

538 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбелік Игорь бұдан 20 жыл бұрын ауыр қылмыспен 25 жылға бостандығынан айырылып, темір торға тоғытылған. Ол кезде 30 жасқа да толып үлгермеген жігітке өзі жасаған қылмысқа орай қатаң режімдегі колонияда жазасын өтеуге үкім шықты, деп хабарлайды Egemen.kz

Адамдар тек телефонға үңіліп отыр – 20 жылын түрмеде өткізген азамат бостандыққа шықты

Игорға көптен күткен қуанышты күн туды. Кеше ғана ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату арқылы Ақтаудағы колониядан бостандыққа шықты.

– Жазамды өтеу кезінде Қылмыстық атқару жүйесінің төрт мекемесінде болдым, қазір соның үшеуі жабылған. Мен қамаудағы кезімді босқа өткізген жоқпын. Транспорттық-технологиялық көлік және кешендерді пайдалану саласында  арнаулы орта білім дипломына қол жеткіздім, – дейді Игорь.

1

Игорь өзіне үкім оқылған кезді, сол сәттегі көңіл күйін ұмытқан және ол туралы есіне де алғысы келмейді. Қазір ол тек қапастан босаған сәтінің қуанышын ғана ойлап, әсерін тауыса алар емес. Жасы 50-ге келсе де өзі үшін нағыз өмір енді басталғандай. Сотталардан 5 жыл бұрын отбасынан ажырасқан Игорға мекеме әкімшілігі қызметкерлері  қолдау көрсетіп, 2012 жылы оның балаларымен байланысын жолға қоюға қол жеткізді. Алайда, ол бостандықта туған қаласы Ақтөбені емес, Ақтауды таңдады. Теңіз жағасындағы көрікті қалада қалып, еркін өмірге араласуды жөн деп тапқан. Оған мүмкіндік те бар, өйткені мекеме әкімшілігі Игорға жұмыс және баспана мәселесін шешуге көмек беруде. Жылдар бойы түрмеде отырған адамның азат өмірге бейімделіп, қоғамға сіңісіп кетуі үшін Қылмыстық-атқару жүйесі Маңғыстау облысы бойынша департаменті жан-жақты қолдау көрсетіледі деп отыр.

1

– Қамаудан босатылған азамат Ақтауда қалатындығын айтқанда біз жұмыс және баспана мәселесін шешуге кірістік.  Дереу жергілікті атқару органдарымен хабарластық. Сондай-ақ, бостандыққа шығуы үшін Игорға қажетті құжаттарды дайындадық. Біз ұзақ уақыт қамауда болып, қоғамнан оқшауланған бұл азаматтың бұдан әрі бостандықта қылмысты қайталамай, қателікке ұрынбай өмір сүруіне мүмкіндік береміз. Шартты түрде мерзімінен бұрын босушыларды қадағалау біздің ведомтсвоның құзырына жатпаса да, бұрынғы өз қамқорлығымыздағы жанды қолдаусыз қалдырмаймыз, дейді Қылмыстық-атқару жүйесі Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Қанат Жарылғапов.

Босаған күні-ақ ҚАЖД қызметкерлері Игорды Ақтау қаласына серуенге шығарып, теңіз жағалауына қыдыртты.

– Бәрі өте қатты өзгерген. Мұнда, тіпті, ауа да басқа,  сондықтан маған жаңа өмірге бейімделу қажеттігі аңғарылып тұр. Жан-жағыма қарасам таңғаларлық нәрселер көп-ақ. Бір қызығы, адамдардың барлығы тек телефонға үңіліп отыр, күнде көріп жүргендіктен олар үшін қоршаған ортасы таңғаларлық емес,  дейді  жан-жағына қуана әрі таңдана қараған Игорь.