Әлем • 11 Қыркүйек, 2020

Бейрут портында өрт шықты

88 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ливан астанасы Бейруттағы портта өрт шықты. Тілсіз жаудың пайда болу себебі туралы нақты ақпарат берілген жоқ. Алайда өрт аумағы ауқымды екені хабарланды.

Бейрут портында өрт шықты

Елдегі үлкен жарылыстан кейін бір ай салып астанадағы порттардың бірін өрт шарпыды. Ливан әскерінің мәлімдеуінше, өрт жанармай сақталған қоймадан шыққан. Өртті сөндіруге тікұшақтар жұмылдырылған.

Порт маңындағы ғимараттар жабылып, азаматтар эвакуацияланған. Жергілікті телестанса да жұмысын тоқтатып, жұмысшылар үйлеріне қайтарылған. Тұрғындар терезелерден айқайлап, бір-біріне хабар беруде.

Әзірге апаттың нақты себебі мен келтірілген зардабы туралы ақпарат жоқ. Жақында ғана 2 750 тонна натрий нитраты жарылып, салдарынан 191 тұрғын көз жұмған-ды. Ливан үкіметі соңғы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ, апат салдарын жоюға қатысты жоспар да белгісіз.