Пікір • 11 Қыркүйек, 2020

Ең қымбаты – ел сенімі

184 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда халыққа жолданған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Жолдауында мемлекеттік қызметті жетілдіруге айрықша мән беріліп отыр. Алдымызға асқаралы міндеттер қойылды. Мақсат – белгілі, бағыт – айқын.

Ең қымбаты – ел сенімі

Ел сенімін нығайтуда Әдеп жөнiндегi кеңестердiң рөлi зор. Аталған алқалы органдар құқық бұзушылықтардың алдын алу саласында көп iс тындыруда. Әдеп кодексiнде мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк мiндеттерiн орындауға, қыз­мет­тен тыс уақыттағы жүрiс-тұры­сына, көпшiлiк алдында, оның iшiнде бұқаралық ақпарат құрал­дары алдында сөйлеуiне байланысты мiнез-құлық стандарттары айқындалған.

Осы стандарттарға сәйкес, ба­рын­ша мәдениеттi болуы, тәр­тіпті қатаң сақтауы тиіс. Өйт­кені мемлекеттік қызметтегі адам­дар жеке басының үлгі-өнегесі арқылы ел ішінде жақсы­лық мысалы болуға тиіс. Алай­да мемлекеттiк тәртiптi ны­ғай­ту жолында атқарылып жат­қан қаншама жұмыстарға қара­мас­тан, құқық бұзушылық фактiлерi кездесіп қалады. Соңғы үш жыл iшiнде Әдеп жөнiндегi кеңестiң 30 отырысы өтiп, онда барлығы 220 мәселе қаралды. Бұлардың 71 пайызы – құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шаралар.

Тәртiптiк iстердi қарау нәти­же­лерi бойынша Әдеп жөнiндегi кеңес лауа­зымды тұлғаларды тәртiптiк жауап­кер­шiлiкке тарту туралы уәкiлеттi органдарға 54 ұсыным енгiзген. Атап айтқанда, 54 тұлғаның 27-сi мемлекеттiк қыз­меттiң беделiне нұқсан келтi­ретiн әрекеттер жасағаны үшiн, тағы да 27-сi Қазақстан Респуб­ликасы мемлекеттiк қызмет­шi­лерiнiң Әдеп кодексi нормаларын бұзғаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылды.

Осы уақыт iшiнде Әдеп жө­нiн­­дегі кеңес түрлi деңгей­лер­дегi 15 әкiм­нiң, 3 қала мен ау­­дан­ әкiмдерi орын­басар­лары­­ның, сонымен қатар бiрқа­­тар облыстық және аудан­дық мем­ле­кеттiк органдар бас­шы­лары­ның жауап­кер­шiлiгiн қарас­тырған. Тәртiптiк iстердi қарау қорытындысы бойынша 11 қыз­мет­кер лауазымдарынан босаты­лып, 32-сі қызметiне толық сәй­кес еместiгi түрiнде ескерту алды.

Бұл орайда, мемлекеттiк сатып алу, сәу­лет, жер қаты­нас­тары сала­лар­ында құқық бұзу­шы­лықтарға жиi жол берiлетінiн атап көрсетуге тиіс­тіміз. Сондай-ақ басшылардың өз қара­ма­ғындағы қызметкерлерiмен өзара iс-қимылы кезiнде Әдеп кодексi норма­ла­рының бұзылуы жиi орын алуы қын­жылтады. Аталған тәртіп бұзушы­лық­тарды ескере отырып, оларды болдыр­мау мақсатында, алдағы уақытта Әдеп жө­нiндегi кеңестiң көшпелi отырыстары өткiзiлiп, оны барысында азаматтар­ды жеке қабылдау және түсiндiру iс-ша­ралары жүргiзiледi. Ағымдағы жылы карантин режімiн ескере отырып, Мем­лекеттiк қызмет туралы заңнаманы түсiндiру бойынша, оның iшiнде қол астындағылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн басшылардың дербес жауапкершiлiгi және сая­си қызметшiлердiң отставкасы институтын iске асыру бойынша бiрқатар онлайн семинарлар өткiзiлдi.

Әдеп кодексiнiң бұзылуына жол берген мемлекеттiк қызметшi жем­қорлық жасауға бейiм екенi баршаға мәлiм. Сол себептi, әдеп нормаларын қатаң сақтау өз лауазымын жеке мақсаттарда пайдалануға және жем­қорлықтың туындауына керi әсер ететiн бөгет ретiнде қабылдануы тиiс. Әрбiр мемлекеттiк қызметшi өз мiндеттерiн кәсiби тұрғыда әрi сапа­лы орындап, тәртiпке қатаң бағы­на бiлуi қажет. Сондықтан өз уәкi­леттiгi шеңберiнде Әдеп жөнiндегi кеңес мемлекеттiк органдардың қыз­мет­iн­дегi заңдылық пен тәртiптi нығайтуды қатаң бақылауда ұстайтын болады.

 

Дархан ХАЙРУЛЛИН,

Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң Ақмола облысы бойынша департаментi басшысының орынбасары