Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2020

Әлеуметпен байланыс – әлеуметтік арақашықтықты сақтау емес

761 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президенттің халыққа Жолдауында мемлекеттік органдардың әлеуметпен байланысы «азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы емес», қоғаммен тұрақты диалог құру жолымен іске асырылуы айтылып, мұны іске асырудың бір жолы – ауыл әкімдерін сайлау, азаматтық қоғам институттары арқылы жергілікті бюджеттерді бақылауды күшейту екендігі анық көрсетілді. Өйткені «бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда».

Әлеуметпен байланыс – әлеуметтік арақашықтықты сақтау емес

 

Бүгінде өңірлерде шешімін таппаған мәселелер әлеуметтік желілер арқылы белгілі болып жатқанда, мемлекеттік органдар жұмыс қызған сәттегі өрт сөндірушілер сияқты жұмыс істейді. Сөйтіп, соңғы жылдары әлеуметтік желілер мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижесін бағалау көрсеткішіне айналып, жұртшылық арасында айғай-шу көп болса ғана мәселе шешіледі деген теріс көзқарас қалыптасты. Бұл – жүйелі жүргізілетін жұ­мыстың көрсеткіші болмаса да, анығы соңғы жылдары бар­лық деңгейдегі әкімдердің, мәс­лихат депутаттары мен хатшы­ларының әлеуметпен байланысы әлеуметтік желілер арқылы ай­ғақталатын болды. Бұл жағынан жергілікті құқық қорғау, сот органдарының әлеуметпен байланысында ашықтық жоқ.

Ақтөбе облысының әкімі Оң­дасын Оразалин өткізген аппарат мәжілістері, аудан, ауылдарды аралаған кездегі жұртшылықпен кездесулері, құрылыс нысандары мен инфрақұрылымдар жүргізу жұмыстарын бақылауы фотоесеп және бейнешолулар арқылы инс­таграм мен фейс­бук­тегі әкімшіліктің ресми парақ­шасында, әкімнің жеке парақ­ша­сында тұрақты жарияланады. Бұл бір жағынан баспасөз қыз­меті үшін тиімді әдіс болса да, фотоесеп пен бейнешолуларда жұртшылықпен кездесудегі көтерілген мәселелер толық ашыл­-
майды.

Облыс әкімінің тұр­ғын­дармен кездесулері онлайн-режімге көшірілсе, әлеуметпен байланыс күрт артады, өңірдегі қордаланған мәселелер ашық талқыланады. Өңір басшысының жылына екі рет әр аудан мен ауылдарда ашық кездесулері тұр­ғындармен жүйелі байланыс­ты ретке келтіріп қана қой­май, көп жағдайда әлеуметтік жа­ры­лыстың алдын алары анық. Осы жағынан қарағанда, бар­лық деңгейдегі мәслихат де­пу­тат­тарының әлеуметтік желі арқылы әлеуметпен байланысы мүлде көрінбейді.

Халық атынан өкілдік ету мандатын иеленгендер ел ішіндегі әлеу­мет­тік, экономикалық, экологиялық мәсе­лелерден хабардар болмаса, адамдармен байланыс ұстамаса, олардың не керегі бар? Аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттардың депутаттарының жа­бықтығы пандемия кезінде анық байқалды. Мәселен, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлованың әлеуметпен байланыс­ты қалай іске асыратыны түсініксіз. Биылғы көктемнен бастап елімізде қауіпті індет күшейгенде, қоғамда болып жатқан оқиғаларға бейжай қарай алмайтын азаматтар әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, жұртшылықты сақтық шараларына шақырды. Жұрттың көпшілік орындарға бармауын, барған күннің өзінде де әлеуметтік арақашықтықты сақтауына, той-садақадан бас тартуға, үйде оқшаулануға шақырды. Сәния Қалдығұлованың әлеуметтік желідегі парақшасында елді сақтандыруға қатысты ештеңе жазылмаған. Сондай-ақ Ақтөбе қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасованың парақшалары да бос тұр. Депутаттар да үнсіз.

Неге бұлай? Елге төнген індет кезінде халық өкілдігінің мандатын алғандар неге бейжай қалды? Бұл жоғарыдан бұйрық келмесе, әрекет етпейтін посткеңестік синдромның көрінісі ме? Неге мәслихат хатшылары мен депутаттар пандемия кезінде әлеуметпен жұмыс істеудің ең төте, ең белсенді тетіктерін қолданған жоқ? Бейжайлық пен немқұрайдылық па? Осылайша адаммен адамша сөйлесе білу де қазіргі депутаттар мен барлық дең­гейдегі әкімдерге ауыр жүкке айналды.

Мәслихаттар әлеуметке жақын еместігі басқа кезде де көрініп қалады. Мәселен, 1 қыркүйек күні қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова қаладағы көпбалалы аналарды қабылдау сәтін инстаграм парақшасына салған. Қалалық әкімдіктің акт залындағы биік мінберде Сұлупан Шынтасова төбеден қарап отыр, 30 шақты әйел төменге жайғасқан. Үлкен зал, шағын ғана адам. Жағдайын айтып келген әйелдерді тым ресмилендірмей-ақ, шағын залда, емен-жарқын әңгімелесе отырып қабылдауға болмай ма? Бұл жерде көпбалалы аналар балаларына интернет жеткізіп беруді, не компьютер, ноутбук сұрап келгені анық.

Мәслихат депутаттары ғана емес, 12 аудан әкімі де әлеуметтік желіге аса құштар емес. Осы кезге дейін көп­шілік аудан әкімі әлеуметтік желіде па­рақшаларын да ашқан жоқ. Аккаунттары бар аудан әкімдері көбінесе салынып жатқан әлеуметтік нысандар құрылысын аралау мен ауылдың басты көшелерінде фотоға түсіп, әлеуметтік желіге салуды аса ұнатады. Бірер ай бұрын өткізген аппарат мәжілісінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин жедел түрде аккаунт ашып, жұртшылықпен кері байланыс орнату тетіктерін іске қосуды аудан басшыларына бұйырды. Осыдан кейін ең соң­ғы болып Алға ауданының әкімі Ма­мырғали Аққағазов пен Бай­ғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров аккаунттарын ашты. Алайда мереке күндері құттық­тау­ларын салып қойғаны болмаса, олар­дың парақшалары бос. Депар­тамент басшыларының да көбісі солай.

Осы жағынан алғанда Темір ауда­­нының әкімі, тарихшы мұғалім Жолдас Батырханның белсенділігі өте жоғары. Оның Фейсбук желісіндегі парақшасына шығармашылықпен кірісіп кететін кездері де көп. Мәселен, өзінің қабылдауына келген 35 жастағы әйел адамның өмірлік ұстанымдарына келіспей, жайбарақат отырып ақыл айтып, отбасы кикілжіңін шешіп жіберуі көптеген қыз-келіншекке ой салды. Жолдас Батырған бұл жерде әкім емес, отбасындағы ер адамның рөлін көтеруге қатысты үлкен ой тастады. Сол арқылы шаруашылық жүргізуге қырсыз, бала-шағасының қамын емес, көшеде айғайлап жүруге құмар біраз әйелдің намысын қайрады деп ойлаймын. Ол пандемия кезінде қатаң карантин ережесін бұзып, той-садақадан қалмай жүрген ауыл адамдарына арнау жазды. Мәселен, мемлекеттен алған 42 500 теңге жәрдемақысын Құрбан айтқа қонақ шақыру үшін ауыл дүкеніне жұмсаған жас келіншектің әрекетін жазып, ысырапсыздықтан, жалқаулықтан сақтандырады, әйелдерді мал ұстап, бау-бақша егіп, барды ұқсатуға шақырады. Меніңше, қазір ауыл мен аудан әкімдеріне осындай үрдістегі шынайы әңгіме жетіспей жатыр. Сабырмен, байыппен ел ішіндегі кемшілікті түзеу, жығылғанға сүйеу болу, қиындық көргеннің маңдайынан сипау сияқты елдің ауызбіршілігі мен ынтымағын сақтау жұмыстарымен ақсақалдар кеңесі мен депутаттар айналысуы керек. Өкінішке қарай, ел ішінде мұндай үрдіс жоғалып барады.

Ақтөбе қаласының әкімі, 36 жас­тағы Асхат Шахаров қала кө­ше­леріндегі жөндеу жұмыстарын, салынып жатқан әлеуметтік нысандар құрылысын аралағанын әлеуметтік желіде үнемі жариялайды. Кей жағдайда самбошы әкімнің әлеуметке жақын болу әрекеттері хайпқа ойысып кетеді. Мәселен, қаң­ғыбас итті құшақтауы, мектеп жасындағы өз балаларына өзен жаға­сындағы қоқысты жинатуы, түнгі қаланы аралап, гитарамен ән айтқан қала жастарымен жүз­де­суі патриоттық сезімдегі әкім имид­жін қалыптастыру әрекеті деп бағалауға болады. Сол арқылы әр­түрлі жастағы және түрлі ұста­ным­дағы адамдармен жақын бола түс­кісі келетінін де аңғартып қала­ды. Ақтөбе үш жылдан бері «хайп» көрген жоқ еді, бірақ бұл пози­тивті хайп жұртты онша елең еткізген жоқ.

Әлеуметпен әрекет ету жа­ғы­нан ауыл әкімдері жым-жырт. Олар­дың өз ауылдарындағы шағын әлеуметпен қандай байланыс орнатып жатқаны белгісіз. Өйткені об­лыстың алыс елді мекендерінде интернет байланысының жоқтығы не тым әлсіздігі ауыл әкімдерінің оң қырына келіп тұр. Олар қазір қа­лың ұйқыда жатыр. Президент Қ.Тоқаев облыс әкімі Оңдасын Ора­залинді қабылдаған кезде жұ­мыспен қамту бағдарламасы бойынша ел ішінде жұмысты күшейтуді тапсырды. Егер осы бағ­дарламаның орындалуын жоғары мемлекеттік органдар қатаң талап етер болса, онда бұл аудан және ауыл әкімдерін қалың ұйқыдан оятуға үлкен тетік болары анық. Әзірге мұндай механизм әлсіз.