Футбол • 14 Қыркүйек, 2020

Ұлттық құрамада ұланымыз неге жоқ?

293 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы екінші кездесуін өткізді. Алматыдағы Орталық стадионда Беларусь құрамасына қарсы ойында тағы жеңілдік. Жалпы, біз Беларусь құрамасын жеңіп көргеніміз жоқ. Осымен үшінші рет жеңілдік. Бір рет тең түскенбіз.

Ұлттық құрамада ұланымыз неге жоқ?

Орталық стадионда өткен ойын 1:2 есебімен аяқталды. Уыс­­­­та тұрған бір ұпайдан ойын­ның соңында айырылдық. Қор­ғаушының қателігінен доп со­ғылды. Қақпашы ештеңе істей алмай қалды. Әдетте, бізде қақ­пашылар көп қателік жіберіп жатушы еді. Бұл жолы қақпаны күзеткен Стас Покатиловты кінә­лай алмаймыз. Бірінші енген голда да оның айыбы аздау.

Біз шағын мақаламызда қор­ғаушылар туралы емес, қақ­па­шы­лар туралы сөз еткіміз келіп отыр. Құрметті оқыр­­ман, сіз соңғы рет Қазақ­стан құ­­ра­масын қазақ қақ­пашысы қашан қорғағанын білесіз бе? Ойландыратын сұрақ, иә?

Өткен ғасырда футбол көрген кісімен сөйлессең, «Қайраттың» даңқты қақпашысы Құралбек Ордабаев туралы аузының суы құрып айтады. Рас, мықты қақ­пашы болды. 11 метрлік айып добын қалай керемет қайтаратын еді! Қазір сол Құралбек ағаның ізбасарлары жоқ сияқты көрінеді. Бұрындары солай еді, дәл қазір бар. Бірақ оларға бапкерлер көп көңіл бөлмей жатқан секілді.

Қазақстан УЕФА-ға 2002 жы­лы мүше болды. Сол уақыттан бері біз қақпаны күзеткен жігіт­терді түгендеп көрдік. Қазақ жі­гі­тін әрең таптық. Бір рет қана Қа­зақ­стан құрамасының қақпасын қазақ қақпашысы қорғаған...

2002 жылы бірінші нөмірлі қақпашымыз Юрий Но­виков болды. Осы жылы біздің құрама Латвиямен және Эсто­ния­мен кездесу өткізді. Еке­уін­де де қақ­памызды Новиков қорғады.

2003 жылы Новиковтың қасы­на Сергей Бойченко мен Андрей Морев секілді қақпашылар қо­сылды. Біріншісі екі кездесуге қа­тысса, екіншісі бір рет ойнады. Ал Юрий болса, алты рет негізгі құ­рам­да шықты. 2004 жылы Но­виков (6), Бойченко (3), Морев (2) қақпаға тұрды.

2005 жылы Давид Лорияның дәуірі басталды. Дегенмен ол құра­маға келе салып негізгі қақ­пашы болмады. Новиков екеуі алмасып тұрды. Осы жылы Ло­рия (4), Новиков (4) және Алек­сандр Мокин (1) секілді жігіттер қақпамызды күзетті. 2006 жылы Ло­рия сегіз кездесуде шықса, Но­виков 3 ойында өнер көр­сетті.

2007 жылы еліміздің футбол басшылары жаңалық аш­қысы келіп, Жасұлан Декханов деген қақ­пашыны қатарға қосты. Ол сол жылы Қазақстан азаматы атанып, Қырғызстанмен болған кездесуде алаңға шықты. Кейін білдік. Бұл жігіт қазақ емес екен. Шын есімі – Жасур Нарзикулов. Қазір «Атырауда» ойнайды. Жал­ған құжат жасатқан ғой. 2007 жылдан бастап үш жыл Лория негізгі қақпашымыз болды. Ол 2007 (13), 2008 (6) және 2009 жыл­дары (2) алаңға шықты. Ло­рияға осы жылдары Александр Мо­кин бәсекелес болды.

2010 жылы Андрей Сидель­ников деген қақпашы шықты. Мәскеулік «Спартак» клубының түлегі Қазақстан аза­мат­тығын алып, үш жыл құра­мамызда ойнады. Сондай-ақ осы жылдары Роман Нестеренко (2), Владимир Логиновский (2), Антон Цирин (1) деген қақпашылар құрама қақ­пасын күзетті.

Ал 2012 жылы Алмат Бекбаев деген бауырымыз құрамаға ша­қырту алып, бір ойынға қатыс­ты. Алматыда Қырғызстан құра­ма­сымен болған жолдастық кездесуде Алмат алаңға шықты. Бұл Бек­баев­тың ұлттық құрамадағы бі­рін­ші әрі соңғы ойыны еді. Соңғы болып Қазақстан құра­масының қақпасын күзеткен қазақ жігіт те осы Алмат болатын.

Содан соң «Астана» қақпа­шысы Ненад Эрич еліміздің аза­маттығын алды. Ол да біраз өнер көр­сетті. Кейін қақпамызды Стас Покатилов қорғайтын болды. Қа­зір негізінен «Қайраттың» сол қақ­па­­шысы ойнап жүр. Арасында Владимир Плотников, Дмитрий Непогодов, Игорь Шацкий деген ойыншылар ара-тұра алаңға шығып тұрады.

Міне, құрамамыздағы қақ­­­па­шы­лардың жағдайы осын­дай. Шыны керек, қазір мық­ты бір қақ­пашыға зәруміз. Қазақ­стан чем­­пионатында ойнайтын ко­ман­да­лардан қазақ қақпашысын сирек кездестіресіз.

«Астанада» Ненад Эрич, «Қай­ратта» Стас Покатилов, «Тобылда» Игорь Шацкий мен Александр Мокин, «Қайсарда» Александр Гри­горенко мен Марсель Ислам­кулов, «Оқжетпесте» Ярослав Ба­гинский, «Шахтерде» Давид Юр­ченко, «Қызылжарда» Ми­рос­лав Лобанцев пен Антон Ци­­рин, «Каспийде» Марко Ми­лошевич, «Жетісуда» Алмат Бек­баев пен Андрей Шабанов, «Таразда» Мұхамеджан Сейсен мен Джурахан Бабаханов, «Ор­дабасыда» Владимир Плотников пен Бекхан Шайзада ойнайды.

Соңғы үш клубта ғана қазақ қақпашылары бар. Кейбірі тіпті шет елден алдырған.

Қазақстан жастар құрамасында екі қазақ қақпашы ойнайды. Олар – Мұхамеджан Сейсен мен Бекхан Шайзада. Ойындары жаман емес. Екі жігіт те біртіндеп ко­ман­да­ларының негізгі қақ­па­шы­сына айналып келеді. Ендігі үміт те соларда.