Пікір • 14 Қыркүйек, 2020

Ұлағатты ұрпақ – ұлт сапасының кепілі

857 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі А.Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессор-оқытушы құрамымен және студенттерімен кездесіп, ел Президентінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісті.

Ұлағатты ұрпақ – ұлт сапасының кепілі

 

Бас басылым басшысы Жол­дау­дағы халқымыздың жаңа бол­мысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру жөніндегі мін­детке баса назар аударып, осы жайындағы өзінің ой-пікірін біл­дірді.

– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы көкейде жүрген көп түйткілдің тамырын тап басты деуге болады. Толғақты мәселелер, өзекті тақырыптар қамтылды. Ғылым мен білімге қатысты да біраз жайт айтылды. Әсіресе «Бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәрі­міз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт бол­мысының жаңа қағидаттарын орнық­тыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу» деген Пре­зиденттің «Ұлттың жаңа бол­мысы» туралы ой-пайымдары зиялы қауым өкілдеріне жауап­кер­шілік жүгін арқалатып отыр. Бұл ретте ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­­сын­ұлының: «Білімді болуға оқу ке­рек. Бай болуға кәсіп керек. Күш­ті болуға бірлік керек. Осы керек­тердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзі бізге бағ­дар болуы тиіс, – деді Дархан Қы­дырәлі.

Сондай-ақ кездесуде Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған «Жошы хан. Тарихи жазба, археологиялық, фольклорлық деректер жинағы», «Ұлық Ұлыс (Алтын Орда), Ша­ғатай, Моғолстан мемлекеті», «Зо­лотая Орда: история, государственность, культурное насле­дие» және  Ресей тарихшы­сы А.Порсиннің «Берке. Мусуль­манин на монгольском троне» атты кітаптардың тұсаукесер рәсі­мі өтті. Дар­хан Қыдырәлі  аталған кітаптарды және Рашид ад-Диннің бес томнан тұратын «Жамиғат ат-тауарих» еңбегін университеттің кітапхана қорына сыйға тартты.

Сонымен қатар кездесу барысында «Egemen Qazaqstan» газеті мен Е.А.Бөкетов атындағы Қара­­ғанды университеті арасында ынтымақтастық меморанду­мына қол қойылды. Аталған құ­жат бо­йынша оқу орнында білім алып жүрген журналистика ка­фе­драсының студенттері бас ба­сы­лымның редакциясында өн­дірістік тәжірибеден өтетін болады.

Кездесу соңында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды универ­си­тетінің басшысы Нұрлан Дулат­беков білім ошағындағы оқыту­шылар құрамы мен студенттер үшін «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 данасын жаздырып беретінін жеткізді. «Мұның өзі бас басылым мен университет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді», деп атап өтті Нұрлан Дулатбеков.