Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2020

От пен су – тілсіз жау

1055 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше СҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрлан Атығаев журналистерге брифинг беріп, өңірдегі төтенше жағдайлардың ахуалы бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz

От пен су – тілсіз жау

"Өткен аптада облыс аумағында 21 өрт болды. Біреуінде адам ажал құшты. Бұл оқиға Айыртау ауданындағы Константиновка селосында болды. Өрттің шығуына қожайынның от қауіпсіздігін сақтамағандығы себеп болған. Есік алдында жаққан оттың жалыны төбедегі тез жанатын шатырға тиіп, өрт бірден сөндіруге болмайтын күшке еніп кеткен. Нәтижесінде, екі пәтерлік үйдің бір жағы толығымен өрттеніп, 75 шаршы метрді шарпыды. Ең өкініштісі сол, үй иесі, 1967 жылы туған адам оның ішінде қалып қаза тапты", деді Нұрлан Атығаев.

Сонымен қатар ол 21 рет өрт ескі қау мен қамыстарды жаққаннан орын алғанын жеткізді.  Өрттің алдын алу және бақылау үшін 232 адамнан тұратын 55 ұтқыр топ рейдтерге шығып, азаматтарға үнемі өрт қауіпсіздігін ескертіп отырады. Биыл сондай 1 мыңға таяу рейд жасалды. Соның нәтижесінде 195 адам жауапкершілікке тартылып, 1 млн теңгедей айыппұл төледі. 

Сонымен бірге ТЖ қызметі бастығының орынбасары су қауіпсіздігі туралы да баяндады. Биылғы жазда облыста 9 адам суға кеткен екен. Соның біреуі бала. Суға кетушілердің арасында балықшылар да болады. Сондай оқиға жуырда ғана Мамлют ауданындағы Окунево селосында болған. Балыққа барған үш адамның бірі ұшты-күйлі жоғалып, тек екі күннен кейін ғана оның өлі денесі қамыс арасынан табылған. Қазір оның өлімінің себебі анықталуда.