Өнер • 17 Қыркүйек, 2020

Ұлттық өнерді ұлықтаған

32 рет көрсетілді

Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнер, оның ішінде ою ойып, өрнек салу, сондай-ақ құрақ көрпе тігу оңай іс емес. Елімізде өнердің бұл түріне қызығатындар аз емес, бірақ Қостанай облысында, дәлірек айтсақ Тобыл қаласында бұған сұраныс жоқтың қасы. Бұл туралы бізге сол қалада тұратын қолөнер шебері Анар Дәулетова айтты.

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

«Маталардың тігісін үйлестіріп, ою ойып, әсемдеп іс тігу асқан шеберлікті қажет етеді. Кейде тапсырыстар қабыл­дап, көрпе-жастықтар тігемін. Көбіне кəдесыйға тапсырыс береді. Бағасы қолжетімді. Бір көрпені 10 мың теңгеге бағалаймын. Маталар да арзан емес. Бірақ тұрғындар бұл бағаны қымбатсынып, алмай қояды. Жасыратыны жоқ, біздің өңірде бұл тауарға сұраныс төмен. Бірақ мен бұл іспен өзге үшін емес, өзім үшін айналысамын», деді қолөнер шебері бізбен әңгімесінде.

Оның айтуынша, құрақ көрпе тігуді жастайынан меңгерген. Бұған әжесі себепкер болыпты.

«Бүгінде Ауыл шаруашылығы кол­леджін­де дәріс оқимын. Мамандығым бо­йынша ветеринарлық-санитарлық са­рапшымын. Магистратураны да оқып, бітіріп алдым. Бала кезімнен әжем­нің тәрбиесін көріп өстім. Ол қолы­на ине ұстаған сайын мені қасына отыр­ғызып, тігін тігудің қыр-сырына үйре­тетін. Осыдан бірнеше жыл бұрын бала күтімімен үйде отырғанда әжем үй­реткен қолөнерді қайта қолға алып, ізденіп көрдім. Қолдан келетін сүйікті ісіммен шұғылданғаннан керемет ләззат аламын. Алматыдан арнайы тігін машинасын алдырттым. Қазір де қолым қалт еткенде сүйікті ісіммен айналысып жүрмін», дейді ісмер.

Қолөнер шебері матаның сапасы мен үй­лесімді болуына көп мән береді екен.

«Халқымыздың қандай қолөнер түрі болмасын, ою-өрнектер пайдаланылады. Соның ішінде құрақтан жасалған бұйымдар да қолданылған. Құрақ, жап­қыштарға, жастықтарға тігілетін ою-өр­нектердің барлығын қиялыма ерік беріп, ойдан құрастырамын әрі сапалы материалдарды қолдануға тырысамын. Көбінесе тысына велюр, астарына сиса маталарды қолданамын», дейді А.Дәулетова.

Сондай-ақ ол қолөнер білім мен дағ­дыны, шыдамдылықты, табандылықты, көзбен дұрыс шамалауды, түс пен стиль­ді ажырата білуді қажет ететінін айтады.

«Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан ұлы өнерді ұлықтап, кейінгі жас буынға үйретсем деп те ойлаймын. Алайда бұған қызығатын жастар аз се­кілді көрінеді. Әйтпесе, ғасырлардан-ғасырларға жетіп, ұрпақтан-ұрпаққа ми­рас болып келе жатқан төл өнеріміз ғой. Қиыстырып құрақ қию, одан бағалы бұйымдар жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Құрақтан жасалған заттар ұзатылатын қыз жасауына еніп, дү­ние-мүліктің ажарын кіргізеді, үй іші­не ұлттық рең беріп, адамның рухын ас­қақтатады», дейді кейіпкеріміз.

Осы орайда біз «Жас оқырмандары­мыз үшін «құрақ» сөзіне анықтама беріп кетесіз бе?» деп сұрадық.

«Әрине, – деді ол. – Құрақ – төрге төсейтін көрпе. Мата қиындыларын қию­ластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб тәрізді өрнектерден құралған көр­пені «құ­рақ» немесе «құрақ көрпе» деп атайды. Әлімсақтан қонақжай халқы­мыз қонақ отыратын төрді қасиетті орын са­наған ғой. Естуімше, ерте кезде ба­лалары ше­тінеп кете беретін отбасы тіл-көзден аман болсын деген ырыммен қырық құ­рақ құрап, баласын соған орайтын болған».

Ісмердің айтуынша, қазақтың қол­өнері­нің өмірге келуі халықтың көш­пелі өмірмен тығыз байланысты. Тігіншілік, етік тігу өнері VII-VIII ғасырларда сауда-сат­тық дамыған кезде әр халықтың өнері араласып, ұлттық құрақ түрлері пайда болған.

1

«Құрақ дегеніміз – ерте заманнан ке­ле жатқан өнер, – дейді Анар Дәулетова. – Мәселен, Каирдің Булат мұражайын­да қарақұйрық терісінен құрап тігілген өр­нектер, ал Токио мұражайлары­ның бірінде Майома Адоның (1569-1867) асыл тастар мен түрлі маталардың қиын­­­дыларынан құрап тігілген киімі әлі күн­ге дейін сақталған. Ғасырлардан-ға­сырларға жетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнер бабамыздан қал­­ған мәдени мұрамыздың ең асыл қа­зы­насының бірі. Құрақ құрау – нағыз өнер, мата қалдықтарын үнемдеп тігу­дің ерекше түрі. Құрақ құрау көп­теген халықта бұрыннан бар. Ең көне бұйым болып табылатын пэчворк техникасы, ең алғаш рет шыт отаны – Үндістан елінен табылған. Ерте заманда құрастырылған киімдерді кедей, нашар тұратын адамдар киген. Ал қазіргі таңда құрастырылған киім­дерді авангард стилінде пайдала­нады. Орталық Азия халықтары қазақ пен қыр­ғызда – «құрақ», Ресейде – «мозаика» немесе «ляпочка», ал ағылшынша «квилт», Жапон халқында «сашико» деп аталады. АҚШ, Германия, Швеция сияқты елдердің музейлерінде құрақ бұ­йым­дарының коллекциясы бар. Сондай-ақ қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін бірқатар бұйым Ә.Қастеев мұражайында да сақталған».

Сонымен қатар кейіпкеріміз ою-өрнек өнерінде біздің ежелгі даламызды мекендеген көшпелі тайпалардың тарихы, салт-дәстүрлері айқын көрінетінін мақтанышпен айтты.

«Андронов мәдениеті мен сақтар, ғұндар және үйсін тайпаларының өнер мұраларының бұйымдарында ежелгі ою-өрнектердің элементтері бар. Бұйымға қандай да бір ою-өрнек сала отырып, өткеннің ұлы мұрасын сақтай отырып, оның мағыналық мәнімен танысуым қажет», дейді ісмер.

Осы орайда біз Анар Әлібекқызының жұмыстарымен танысу мақсатында оның­ instagram-дағы korpe_kst парақ­ша­сына кіріп көрдік. Ол жерден бай­қа­ға­нымыздай, қолөнер шебері құрақ көр­пе­ден бөлек шабадан, жастық тысын, жап­қыш­тарды, үстелдер мен орын­дық­тарды ұлттық оюлармен безендіріп, тіпті кө­лік орын­дығының тысын көздің жа­уын ала­тындай етіп безендіретініне көз жеткіздік.

«Былтыр көктемде «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы ұйымдас­тыр­ған «Бастау Бизнес» жобасы бойын­ша кәсіпкерлік негіздері курсынан өт­тім. Өзімнің жеке тәжірибемде мен ісін жа­ңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кә­сіпкерлерге арналған бағ­дарлама­ның пәрменділігіне көз жет­кіздім», дейді А.Дәулетова.

Болашаққа жоспарлаған көптеген идеясы бар екенін айтқан ісмер мұнымен тоқтап қалмайтынын аңғартты.

Маған қолөнерді үйрет­кен әжем Бә­­тенге, жақсы тәрбие берген ата-ана­ма, әрдайым қолдау білдіріп отыра­тын сү­йікті жұбайыма, туыстарыма, дос­та­рыма және менің өмірімді жа­ғым­ды энер­гиямен толтыратын айна­лам­дағы­ларға алғыс айтамын. Бұ­йыртса, хал­қымыздың ұлы өнерін ұлық­тап, насихаттай беремін, – деді қол­өнерші-ұстаз.

 

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар