Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2020

Қызылорда облысында жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс бойынша тұрғын үйлер, кәсіпорындар мен әлеуметтік сала нысандарының 2020–2021 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Egemen.kz облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қызылорда облысында жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр

2020 жылы "Қызылорда жылу электр орталығы" кәсіпорнына ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізу мақсатында "Нұрлы жер", "Жұмыспен қамту жол картасы" мемлекеттік бағдарламалары аясында 4 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі күнге жұмыстар орташа есеппен 93 пайызға орындалды.

Сонымен қатар "Қызылорда электр тарату тораптары" акционерлік қоғамының жалпы 1,8 мың шақырым құрайтын әр түрлі кернеудегі электр желілеріне және 233 қосалқы трансформаторлық станцияларына қайта жаңғырту жұмыстарына ЕБРР арқылы 2,7 млрд. теңге бөлінді. Аталған жұмыстар қазіргі таңда 76%-ға орындалды.

"КазТрансГазАймақ" АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы - алдағы жылу беру маусымына дайындық жүргізу үшін 56-дана ГРП-мен 242-дана ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмыстарын 100% орындады.

Қала және аудан әкімдері мен бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің мәліметіне сәйкес, жоспарланған білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандары мен кіші қазандықтардың жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Сонымен қатар облыс бойынша 19 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газ отынына бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталды.

Облыс бойынша бүгінгі күні барлығы 1222 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің 92% жылу маусымына дайын.

Әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында 39,6 мың тонна қатты және 26 мың тонна сұйық отын керек, ал тұрғындарға қажеттілік 163,6 мың тонна құрайды.

Көмір бағасын бірқалыпты жағдайда ұстау үшін, әкімдік пен көмірді сатумен айналысатын өңірлік операторлар арасында меморандум жасалды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде көмір отынының бағасы тұрақты.

Жалпы қысқа дайындық мәселелері облыстық штабтың тұрақты бақылауында.