Президент • 23 Қыркүйек, 2020

Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясына қатысады

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік Ұйымның мерейтойлық іс-шарасы аясында БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының Жалпы саяси дебаттарында сөз сөйлейді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясына қатысады
"Мемлекет басшысы 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақыты бойынша шамамен сағат 19:45-тен кейін бейнеконференция форматында сөз сөйлейді деп жоспарланған. Президент қазіргі әлемдегі түйткілді мәселелер мен сын-қатерлерді, соның ішінде, коронавирус пандемиясымен күреске, жаһандық экономиканың өсімін қалпына келтіруге, ядролық қарудан бас тартуға және таратпауға, климаттың өзгеруіне қатысты проблемаларды шешуге арналмақ", деп жазды Б.Уәли.
 
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастықты нығайту және өзара сенім білдірудегі БҰҰ-ның рөлін күшейтуге назар аударады.
 
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың Күн тәртібін жүзеге асыру, "Жасыл экономиканы" дамыту және Орталық Азиядағы өңірлік іс-қимылдарды жандандыру мәселелеріне мән береді.
 
Мемлекет басшысы елдің ішкі саясатына қатысты мәселелерді де қамтиды, соның ішінде, "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының іске асырылуына да тоқталмақ.
 
Сондай-ақ Қазақстан Президенті бірқатар халықаралық бастама көтереді. Солардың бірі – бүкіл әлемдегі волонтерлердің еңбегін мойындауға, құрметтеуге бағытталған.