Экология • 24 Қыркүйек, 2020

Судың сапасын сақтау – өзекті мәселе

817 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қыркүйектің 18-і Дүниежүзілік суға мониторинг жүргізу күні (World Water Monitoring Day) ретінде белгіленген. Америкалық таза су қорының бастамасымен қолға алынған бұл күн Жер ғаламшарындағы су ресурстарының проблемасына арналып, адамзатты табиғатты сақтауға шақырады. Қазақстанда судың сапасын тексерумен «Қазгидромет» кәсіпорны айналысады. Еліміздегі су айдындарының сапасын бақылау бағытындағы жаңа әдістер мен кәсіпорынның саладағы маңызы жөнінде «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Әлімбаева айтып берген еді.

Судың сапасын сақтау – өзекті мәселе

«Қазгидромет» кәсіпорны су сапа­сының мониторингін 143 су нысанында, атап айтқанда теңізде және судың үстіңгі қабатында жүргізеді. Оның ішінде 93 өзен, 31 көл, 15 суқойма, 3 су арнасы мен Каспий теңізі бар. Әр нысанда сынама алынатын бірнеше нүкте белгіленген. Бұл аумақтарда ластану көздері ескеріліп, ағын су мен су айдындарында тексеру жұмыстары талапқа сәйкес атқарылады. Мамандар судың сынамасын алып, оған зертханада талдау жасалады. Сынама зертханада 60-қа жуық көрсеткіш бойынша тексеруден өтеді.

«Оның ішіне биогенді заттар, органикалық емес заттар, ауыр металдар мен тағы басқа элементтер кіреді. Егер судың қатты ластанғаны анықталса, қажетті шараны қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға хабарлама жіберіледі. Су нысандарының түрі және санатына байланысты талдау мерзімі әртүрлі. Көп жағдайда әр айдың алғашқы он күндігінде жүргізіледі. Су сынамалары еліміздегі «Қазгидрометтің» 17 филиалында тексеріледі. Барлық зертхана халықаралық талап негізінде жұмыс істейді», деді Д.Әлімбаева.

Каспий теңізіндегі судың сапасына ведомствоның Атырау және Маңғыстау облыстарындағы филиалдары жауап береді. Теңіздің аумағында сынама алынатын 50 нүкте бар. Оған Жайық және Еділ өзендерінің Каспийге құятын сағасы, кен орындары орналасқан аудандар, шекаралық және рекреациялық аумақтар мен Маңғыстаудағы теңіз порттары да кіреді. Каспийге мониторинг әдеттегідей жүргізілгенімен өлшеу әдістемелерінде өзгешеліктер бар. Өйткені теңіздің құрамындағы тұз сараптама нәтижесіне әсер етпеуі үшін арнайы сынамалық дайындық қажет.

«Ай сайын қоршаған ортаның жағ­дайы туралы ақпараттық бюллетень шыға­рылады, барлық нысандардағы судың сапасы сонда көрсетіледі. Ақпа­раттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Қазгидромет» 2019 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасымен беткі сулардың сапасы туралы мәлі­меттерді онлайн режімде бақылауға мүм­кіндік беретін интерактивті карта (maps.hydromet.kz сілтемесі арқылы көре аласыз) жасады. Онда су нысандарының сапасы қандай санатқа жататыны, өзеннің немесе көлдің суын қандай мақсатқа пайдалануға болатыны, судың құрамындағы қандай заттар шекті мөлшерден асып кеткені туралы білуге болады.

Қажет болғанда халықтың, құзыр­лы органдардың немесе БАҚ-тың сұра­нысына сәйкес «Қазгидрометтің» жылжымалы экологиялық зертханалары жоспардан тыс тексеруге шығады. Оның қорытындысы біздің сайтта, әлеуметтік желілерде жария­ланады. Мысалы, 14 қыркүйекте Бурабай көлінде балықтардың жаппай қырылғаны туралы видеолар тараған еді. Ақмола облысындағы бөлімше қызметкерлері дереу сонда барып, балықтар өлген жердің айналасындағы 5 нүктеден судың сынамаларын алып, талдау жүргізді», деді «Қазгидромет» басшысы

Бас гидрометеорологтің айтуынша, Елек өзеніне 10 жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келе жатқан мониторинг лас­та­ну деңгейінің ең жоғары көрсеткішін байқатып отыр. Белгілі болғандай, өзен хром және бормен ластанған. Сол секілді Тобыл, Нұра, Қара Кеңгір өзендері мен Ертістің Шығыс Қазақстандағы бөлігінде ахуал көңіл көншітерліктей емес. Әсіресе Глубочанка, Краснояр, Оба, Брекса, Тихая өзендері ұдайы «ластанудың төтенше деңгейіндегі» су нысандарының қатарында. Салыстырмалы түрде суының сапасы жақсы нысандарға Пав­лодар облысындағы Ертіс, Усолка, Алма­ты облысындағы Шілік, Баянкөл, Қар­қа­ра, Түрген, Тентек және Түркістан облы­сындағы Бөген мен Ақсуды жатқызуға болады.

Елордаға тоқталсақ, мұндағы Вя­чес­лав суқоймасындағы судың сапасы 2-санатқа кіреді. Демек алаңдауға негіз жоқ. Әйтсе де Сарыбұлақ және Ақбұлақ өзендерінің сапасы төмен. Мұнда магний, хлоридтер мен күкірт сутегінің мөлшері жоғары.

«Күн сайын қажеттілік артып жат­қан­дықтан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы зертханаларды жаңартып, дәлдігі жоғары, заманауи құралдармен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Қазір зертхана ғимаратында жөндеу жұ­мыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар Атырау облысындағы зертханалар жаңартылмақ. Себебі мұ­найлы өңір болғандықтан, беткі сулардың сапасын терең тексеріп, жіті қадағалап отыру керек. Беткі сулардан бөлек, су астындағы түптік шөгінділерге тұнып қалатын ауыр металдар да болуы мүмкін. Оны дер кезінде анықтамаса, балық қырылады немесе сол судан балықты аулайтын адам денсаулығына зиян келеді. Міне, сондықтан Атырауға да жоғары технологиялық зертхана жабдығын алып, осы бағыт бойынша жұмысты күшей­теміз», деді Д.Әлімбаева.

Бұл ретте «Қазгидромет» беткі сулар­дың сапасына қатысты тұрақты түрде халықаралық комиссияларға, сон­дай-ақ арнайы жұмыс топтарының құра­мында сарапшы ретінде баяндама жасап келетінін айта кеткен орынды. Бар­лық шекаралық елдермен, атап айт­қанда Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өз­бекстанмен ақпарат алмасып отырады. Сол секілді отандық гидрометеорологтер Каспий теңізін қорғау мәселелері бойынша Теһран конвенциясы жұмыс тобының мүшесі.