Тарих • 29 Қыркүйек, 2020

Ата ерлігі – ұрпағына үлгі

500 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Арғы тарихымызда ел басына күн туғанда ерлер атқа қонса, Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде азаматтар ортақ отанымыз деп есептеген Кеңес елін жаудан қорғау үшін майданға аттанды. Солардың бірі Данағұл Елемесов еді. Кеңес өкіметі кезіндегі кейбір құжаттарда ол кісінің аты-жөні қате толтырылып, Данзуба Илимисов және Данула Илимисов деген есімдермен кездеседі.

Ата ерлігі – ұрпағына үлгі

Суретте: Данағұл Елемесов және оның жауынгерлік наградалары  Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Отанды қорғау деген қасиетті ұғымды терең сезіне білген атамыз Шалқар ауданының Сарықамыс колхозында еңбек етіп жүрген жерінен 1942 жылы 31 жасында майданға аттанады. Ол әскерге алынғаннан кейін саперлер әзірлейтін курста 6 ай оқып, содан кейін 918 жеке корпустық саперлер батальонында со­ғыстың аяғына дейін болып, Украина мен Белоруссияны және Балтық бойы елдерін жаудан азат етуге қатысады.

Мен әрине атамды көрген жоқпын. Есіл ер 1961 жылы соғыстан алған ауыр жарақатының салдарынан 50 жасында дүниеден озады. Әйтсе де мені ол кісінің соғыс кезінде 3 жылдан астам уақыт бойы сапер болғаны қатты қызықтырды да, осы бір әскери-инженерлік қызметтің қыр-сырына қатысты деректерді жинастыра бастадым. Бұл жөнінде соғыс кезінде және бейбіт өмірде әскери ғалымдар мен мамандар жазған деректі дүниелерді оқып шықтым.

Содан көңілге түйгенім – сапердің қателесуге тиісті емес екендігі. Сапердің қателескені өзін-өзін мерт қылумен, әрі соңынан келе жатқан әскерлерді қырғынға ұшыратумен бірдей екен. Сол жазбаларда сапер тек бір рет қателеседі деген тұжырымға жиі кездесіп отырдым. Мұның мағынасы осының алдында айтылғандай болып шығады. Бейнелеп айтқанда, оны өлімге қорықпастан өз еркімен басын тіккен жанкешті адам десе де болады.

Әскери терминде миналы алқап немесе миналы дала деген ұғым бар екен. Соғыс қимылдары кезінде жаяу және танк әскерлері осы мина көмілген алқапты шабуылдап жүріп өтуге тура келетіні әскери әдебиеттерде талай рет жазылған. Тәртіп бойынша оның алдында саперлер тобы жүріп отыруы тиіс. Қауіп-қатердің аяқ астынан екенін осыдан-ақ біле беріңіз. Сондай-ақ құпия миналар мен өзге де жарылғыш бомбалар мен заттардың картасы тек штатта ғана болатынын ес­керсек, әскерді сақтау үшін саперлерге қандай кәсібилік және сезімталдық пен түйсікшілдік қажет екенін айтпай-ақ түйсінуге болатын секілді.

Дәл осы қасиеттер сапер Данағұл Елемесовтің бойынан табылмаса, со­ғыстан тірі келуі екіталай екеніне еш­кімнің таласы бола қоймас. 1945 жылы соғыстың аяқ кезінде майданнан мүгедек болып оралған атамыз денсаулығының нашар екеніне қарамастан халық ша­руашылығын қалпына келтіруге бел шеше араласады. Еңбек ете жүріп, отбасын құрып, зайыбы Тойған екеуі 10 ұл-қызды дүниеге әкеледі. Әйтсе де олардың көпшілігі ертерек шетінеп кетеді де, Набат, Сәния, Дания, Жания есімді төрт қызы мен жалғыз ұлы – менің әкем Жеткергеннің қатарынан қалмай білім алып, еңбекке араласуына үлкен көңіл бөліпті.

Әкеміздің айтуынша атамыз жастық шағын ұрлаған, ата мен немеренің аралығын жұтып жіберген сұрапыл со­ғыстың қайталанбауын, кейінгі ұр­пағының басына қайғы бұлты қайтадан үйіріліп келмеуін үнемі тілеп отырыпты. Көз көргендер ол кісінің ержүрек, тез шешім қабылдап, кез келген адамдармен ортақ тіл табыса алатын көпшіл мінезін айрықша қадірлепті. Атамыздың ағайын-туыс пен көрші-көлемге қолынан келген көмегін аямағаны, мұқтаж жан­дарға ұдайы қайырымдылықпен қамқорлық жасай білгені жөнінде ел аузынан көптеген әңгіме естідім. Олардың арасында: сенің ел-жұртқа деген жанашырлығың, қиналған жанға қолұшын беруге ұм­тылып тұратының атаңа тартқан деп қоятындар да бар. Бұл әрине мен үшін үлкен мерей.

Данағұл Елемесов соғыста көрсеткен ерлігі мен батыл іс-қимылдары үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін», «Отан үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Жеңіске өз үлесін қоса білген атамның ерлігі кейінгі ұрпағына үлгі-өнеге болып қала бермек. Жеңістің биылғы 75 жылдық мерекесі жылы ол кісінің немересі ретіндегі перзенттік толғанысымды ел газеті – «Egemenniń» оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдім.

 

Ербол ДАНАҒҰЛОВ

 

Ақтөбе облысы