Пікір • 09 Қазан, 2020

Ел бірлігі – ең үлкен құндылық

438 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаһанды індет жайлаған тұста жанымызды шүберекке түйіп, елдің тыныштығы бұзылмауын тіледік. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» қағидасы жанымызға медеу болды. Яғни, Абай жаққан сәуле жүрек төрімізге орнап, билік пен бұқараға нұрын шашты. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласынан аңғаруымызға болады. Пайым мен парасатқа астар болар маңызды мағлұматқа толы жазбаны жастар да жақсы қабылдады. Бұл – келешегіміздің кемелденіп келе жатқанының бас­ты айғағы.

Ел бірлігі – ең үлкен құндылық

Дала данышпаны нағыз адам мұратын қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол мақсатқа жетудің шынайы жолын көрсетіп берді. Ол осы қаре­кеті­мен қазақ халқын ғана емес, төрткүл дүниені мойындатты. Оның жазу стилінен, ойларынан, шығармашылық композициясынан баба рухының иісі аңқып тұрады. Ол туралы артық сөз айтып қажеті де жоқ. Мұны Ел­ба­сымыз өз мақа­ласында тол­ғана айтып, топтап көрсетті. «Кей­де біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұла­маның мұ­хиттай шалқар ой қазына­сынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді».

Мақаланың өн бойынан автор­дың кейіпкеріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен құрметі анық байқалады. Елбасымыз Абай философиясын өз бойынан өткізіп, өмірнамасының өзегі ете отырып, елді дамытуда тарлан тарихтың елегінен өткен, уақыттың өзі көрсеткен сара жолын айқындап отыр. Бұл – елдік бірлік пен ұлттық тұтастық жолы. Абылай аңсаған, Абай жан-жүрегімен көксеген елдің бірлігі. Біз осы ынтымақ пен бірліктің арқасында тәуелсіз мемлекет ретінде тұғырымызды бекітіп, Мәңгілік ел болуды бас­ты мұ­ратымыз еттік. Ұлт болып ұйыс­қандығымыздың, ынты­мақ­пен тізе қосып, күш бірік­тірген­дігіміздің арқасында Қазақ елінің шежіресін ХХІ ғасырда абыройлы жалғастырып келеміз. Есі кір­ген баладан, ел ағасына дейін­гі бар­лық азаматымыз осы жолға мүл­тіксіз қызмет етуге тиіс. Алты­бақан алауыздыққа ешқашан жол бер­меуіміз керек.

Қараңызшы, іргемізді сөгуге ұмтылған індетпен қоса, бір туған қырғыз ағайындарымыз да билік үшін жанталасып, берекесі қашуда. Сұрқай саясаттың кесірінен ішкі алауыздық өрбіп, билік пен халық арасында аламайдан жүріп жатыр. Ауылы аралас, қойы қоралас болған, Алатауды тең жайлаған ағайынның осындай халге душар болуы жүректі ауыртады. Осы мәнзелдес тағы бір мысал. Армения мен Әзербайжан арасындағы теке­тірес барған сайын індеттей індеп келеді. Осының бәрі көңіл қын­жылтатын жағдайлар. Міне, көр­діңіз бе Елбасымыз айтқандай Абай тәлімінен таған тартып, айрандай ұйып отырған ынтымағымызды бұзып алмауды ойлауымыз қажет. Бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының өнегелі жолын жалғастырып, Абай өнегесін нысанаға алып, биікке өрлеп келе­ді. Вирустың кесірінен көпте­ген қиыншылыққа тап болып жатыр­мыз. Оның бәрі өткінші дүние. Қазақтың қаны таза, рухы биік. Сондықтан бұл өткелден де сүрін­бей өтеріміз шүбәсіз.

Иә, Абай – ұлттың мектебі. Бәрі­міз сол мектептің шәкірті­міз. Елбасымыз сол ұлы білім ор­та­сының түлегі. Олай болмаса: «Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркен­ді өмі­рімізге кірпіш болып қала­нып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмты­лыс­тарымыздан және игі істері­мізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін», – деп айта ма? Бұл толғанысынан Абай Құнан­бай­ұлының болмысын бар қырынан өзімізге де, шетелге де насихаттау әрі танымал ету мақсатында жұ­мыс істеуіміз керектігін көреміз.

Өкінішке қарай, ұлы Абай­дың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ жарқын келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да еңсеретін боламыз. Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жаман­дықты кім көрмейді? Үмі­тін үзбек – қайратсыздық. Дү­ниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?». Түркі әлемінің ұлы ойшылы, философиялық ой-пікір арнасын жалғастырушы Абай өз еліне, өз жұртына ұлы сөздер мен өсиеттер қалдыру арқылы, тұтас ғибрат сыйлап кетті. Елбасы өз мақаласында Абайдың қара сөздерінен көп дәйексөздер келтірген. Бұл Абай сөзі – қазақтың бойтұмары екенінің тағы бір көрінісі.

Қазақтың бас ақыны иман мен ибалық, жалпы адамгершіліктің алтын қазығындай қағылған жан. Сол қазыққа көңіл жібін байлай білсек болды, ақ жолдан адаспасымыз анық. Абай Құнанбайұлы­ның шығар­машылығы жайлы тоқ­талу­дың өзі жүректі қозғайтын тақы­рып. Әр жырының тармағын тарату үшін үлкен тәуекелге бел байлағандай боламыз. Хакімдік биікке шыққан жанның қара сөзі мен өлеңдеріне көз жүгіртсек, әр жерден сілтеме берген сөздерге назар аударуға тура келеді. Ал ол сөздер, түрік, араб, шағатай, орыс сынды өзге тілді ұлттардың тілі. Бұл жерден Абайдың шет тілін жетік меңгергендігін де дәлелдей аламыз. Елбасымыз болашаққа Абайша қарап, көп тіл білудің пайдасы көл-көсір екенін айтуда. Міне, Мәңгілік ел болуға ұмтылған ұлтымызға керек қасиет.

Қорыта айтқанда, Абай шығар­машылығы – қанша заман өтсе де маңыздылығын жоймайтын, алмас сияқты сан қырынан жарқырап көрінетін, қай саладан болса да зерттеуге лайық құндылық. Алтын­нан да қымбат Абай мұрасы жай­лы жазылған мақаланы әрбір қазақ­стандық түсініп оқуы міндет.

 

Төрегелді ШАРМАНОВ,

академик