Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне сауда жүйесін трансформациялау және одан әрі дамыту жөніндегі ведомство қызметінің негізгі бағыттары туралы ақпарат берілді.
Б.Сұлтановтың мәліметіне сәйкес, Сауда және интеграция министрлігі тиімді көпформатты сауда-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру бағытында жұмыс атқарып келеді. Оның құрамына Ұлттық тауар өткізу жүйесі мен өңірлік хабтар – «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы, "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы және «Еуразия» сауда-индустриялық орталығы кіреді.
Сонымен қатар министр Еуразиялық экономикалық одақта сауданы жүйеге келтіру және 16 кедергіні жою бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.