Тұрғын үйлердегі электронды жобалар
Индустрия және инфрақұрылымды даму министрлігінің хабарлауынша, аталған мемлекеттік орган қазір отандық ІТ-компаниялар мен жергілікті атқарушы органдардың арасында тұрғын үй қорының процестерін автоматтандыратын дайын ІТ шешімдерді масштабтау бойынша диалог құруда. Соның нәтижесінде, пәтер иелері коперативтерімен, басқарушы компаниялармен қарым-қатынасты оңтайландыру үшін мобильді қосымшалар және басқа құралдар енгізілуде. Мысалы, Top ksk, E-ksk, BIG (BI clients), E- knot, Ақылды үй, Интегро сынды қосымшалар бар. Электронды ТКШ, Тұрғын үйлерді электронды паспорттау, сондай-ақ мүлік иелерінің бірлестігі сияқты жобалар қазірдің өзінде қолданысқа енген.
Осы құралдардың көмегімен тұрғындар басқарушы компанияға байланысты әртүрлі мәселелерді шешуге, тұрғындармен кездесу өткізуге өтініш беру, дауыс беру, түрлі апаттар жайлы не болмаса жарық, су, байланыс сынды қажеттіліктердің уақытша тоқтап қалуы туралы хабарламалар алуға, басқарушы компанияның қызметі туралы есептер алуға және басқа да ақпараттарға тез арада қол жетізе алады.
Осыған ұқсас шешімдерді отандық IT-компаниялар еліміздің 16 аймағында (14 182 үй және 482 544 пәтер) жүзеге асырғанын айта кету керек. Бұл жаңалықтар қарқынды түрде қанат жайып келеді.
Инженерлік желілерді цифрландыру
Министрлік әкімдіктермен бірлесіп аймақтық геоақпараттық жүйелерді (АГАЖ) пайдалана отырып, салынған аймақтардың инженерлік инфрақұрылымы туралы деректерді цифрландыру және толтыру, сондай-ақ оларды қалакадастр базасына жіберу бойынша жұмыстар жүргізуде.
АГАЖ техникалық дайындығы бойынша үш көшбасшыға Ақтөбе (87,2%), Атырау (85%) және Алматы (83,6%) облыстары кірді.
Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында АГАЖ тестілік интеграция жүзеге асырылды. 15 аймақ мемлекеттік қала кадастр жүйесімен интеграциялануға техникалық жағынан дайын.
«Ақылды» жылу мен су есептегіш
Соңғы бірнеше жылдың бедерінде республика бойынша тұрғын үйлерге «ақылды» жылу есептегіш пен су есептегіш құрылғыларды орнату жұмыстары қарқын алды. Бұл, әсіресе жаңадан салынған тұрғын үй нысандарына қатысты деуге болады.
Индустрия және инфрақұрылымды даму министрлігінің баспасөз қызметі:
– Еліміздің 13 аймағында көп қабатты тұрғын үйлердің деректерді қашықтан жібере отырып жылу есептегіш құрылғылармен жабдықталу деңгейі 50%-дан асады. Төрт аймақта «ақылды» су есептегіштерімен жабдықтау деңгейі 70%-дан асады, Шымкент қаласы – 100%, Алматы қаласы – 93%, Нұр-Сұлтан – 93%, Ақтөбе – 72% қамтылды деуге болады. Мұндай көрсеткіштерге басқа аймақтарда қол жеткізу бойынша жұмыс жүргізілуде, қаржыландырудың жеңілдетілген шарттары енгізілді, – деп хабарлады.
Жолақы төлеудің электронды жүйесі
Қоғамдық көлікте жолақы төлеудің электронды жүйесі ең алғаш Алматы қаласында бастау алғаны белгілі. Одан кейін елордаға осы жаңалық енгізіліп, кейін өзге де ірі қалаларға жайыла бастаған-ды. Бүгінгі таңда облыстық және республикалық маңызы бар тоғыз қала – Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Атырау, Ақтау, Қызылорда (ішінара), Тараз, Қарағанды (пилоттық) және Шымкентте енгізілді.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, жыл соңына дейін жүйені тағы бес қалада (Талдықорған, Павлодар, Өскемен, Ақтөбе, Қостанай) іске қосу жоспарланып отыр.
Қоғамдық көліктің диспетчерлік қызметі
Жаңа жүйе Қазақстанның 12 аймағында енгізілді. Жоба Түркістан (50%) және Қызылорда (27%) қалаларында ішінара жүзеге асырылған.
Қарағанды мен Өскемен қалаларында іске асыру сатысында. Ақтөбе қаласында оператордың ауысуына байланысты жүйе уақытша тоқтап тұр.
Мобильді қосымшалар 12 аймақта қолданылады, бұл халыққа барлық қалалық қоғамдық көліктердің қозғалысын нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік береді.
Жалпы, Smart сity жобасының мақсаты қала тіршілігін халыққа барынша тиімді етуге, жайлылықты арттыруға, қауіпсіздікті күшейтуге, сонымен қатар қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.