Экономика • 18 Қараша, 2020

«Egistic» шығынды азайтып, табысты арттырады

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері Жандос Керімқұлов жасаған «Egistic» деп аталатын геоақпараттық жүйе фермердің шығынын қысқартып, табысын арттырады. Бұл туралы жоба жетекшісінің өзі Forbes.kz-ке берген сұхбатында айтты.

«Egistic» шығынды азайтып, табысты арттырады

– Жобаның қазақша атауы «Егістік». Ағылшынша айтатын болсақ, «Egistic», «GIS» дегенміз – геоақпараттық жүйе, «Е» дегеніміз – электронды, қалғаны технологиялық компания екенін білдіреді. Егер сіз фермер болсаңыз, онда Egistic.kz сайтына кіріп, онда жеріңіздің кадастрлық номерін енгіземіз, сол жерден егістік алқабын табамыз және онда 3-5 күн сайын ғарыштық суреттерді жүктеп, оларға спектральді талдау жасалады. Біз өзімізге керекті деректерді NASA мен Еуропалық ғарыш агенттіктерінің ашық базаларынан аламыз, олар түсірген суреттерді қолданамыз. Олар үнемі жаңарып отырады және қолжетімді, – дейді Жандос Керімқұлов.

Қарапайым тілмен айтқанда, талдау арқылы жердің қазіргі жағдайын, онда егілген немесе өсіп тұрған өсімдіктің проблемалық аумақтарын, тіпті алқапты жайлауы мүмкін арамшөп шоғырланған жерлерге дейін анықтауға болады. Бұл жұмыс небәрі 1-3 сағат аралығында жасалады. Яғни тез арада жердің қазіргі ахуалын, сапасын толығымен қарап шығуға мүмкіндік береді.

Бір сөзбен айтқанда, шаруалар егістік аумағына барып әуре болмайды, оны айналып жүрмейді, бәрін алдын ала көріп, бақылап отырады және қандай да бір проблемалардың алдын алуға болады. Шаруалар алқапты аралағанның өзінде ұлан-ғайыр аумақтан көп нәрсені байқамауы мүмкін, ал жоғарыдан оның бәрі анық көрінеді. Дәлірек айтсақ, жерді ғарыш арқылы сараптау шаруалардың шығынын қысқартып, өнімділігін арттырады, дер кезінде әрекет етуге жол ашады.