Медицина • 20 Қараша, 2020

Кездейсоқ кеселден сақтану – әркімнің өз қолында

456 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Желтоқсанның басында әлем жұртшылығы жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен (ЖИТС) күрес күнін атап өтеді. Бұл кеселге ұшырағандардың қауіпті дертпен өмір бойы күресуге мәжбүр болатыны аз жазылып жүрген жоқ. Ақтөбе облысында 1989 жылдан бастап қазіргі күнге дейін 457 тұрғынның ЖИТС-ке шалдыққаны анықталды.

Кездейсоқ кеселден сақтану – әркімнің өз қолында

 

Қазіргі кезде Ақтөбе облысы елі­міз бойынша осы қауіпті синдромға шалдыққандар саны жағынан 14-орында тұр. Бұл жөнінде бізге Ақтөбе облы­сын­дағы ЖИТС облыстық орта­лығының алдын алу бөлімінің мең­ге­рушісі Айжан Жайлаубаева айтып берді.

Оның айтуынша, біздің қоғам осы дерттің бар екенін қабылдауға аса құлықсыз. Өйткені мұның қандай жолдармен жұғатынын жұрттың бәрі біледі. Соңғы мәлімет бойынша Ақтөбе облысындағы ЖИТС-ке шалдыққандардың 35%-ы – 30-39 жас аралығындағылар, 61%-ы – ер адамдар, 67%-ы – ауруды жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар. Биыл он ай ішінде облыста тексерілген 43 адамның сынама қорытындысы ЖИТС-тің оң нәтижесін көрсетті. Бұлардың 65%-ы – 20-39 жас аралығындағылар, 60%-ы – ер адамдар, ал жыныстық қатынас арқылы жұғу деңгейі – 88%. Қазір СПИД орталығында ЖИТС-пен ауыратын 322 адам диспансерлік есепте тұр. Олардың 283-і вирусқа қарсы тегін ем қабылдап жатыр.

– Биылғы пандемияның қиындығына қарамастан, өткен жылдың осы айымен салыстырғанда облыс тұрғындарының 16%-ы АИТВ (адам иммун тапшы­лығының вирусы) бойынша тексеруден өтті. ВИЧ-ке қарсы жедел және қолжетімді тестілеу адам бойындағы қауіпті вирусты дер кезінде анықтауға, бірден ем жүргізуге мүмкіндік береді. ЖИТС-ке тестілеу құпиялы түрде өтеді. Орталық дәрігерлері мекемелер мен оқу орындарында жыл бойы онлайн-дәрістер өткізіп, жұрттың сауалдарына жауап берді. Себебі дәрігерлерге вирус жұқтырған адамның қай жерде жұқтырғанын білу өте маңызды. Иммун тапшылығы вирусы науқастың отбасына, айналасындағы адамдарға таралып кетпеуі үшін ең бірінші жұқтырған ортасын тезірек анықтауға мүдделіміз. Егер вирус жұқтырып алдым деп іштей күдіктенген жағдайда, уақытты созып алмай, бірден орталыққа келіп АИТВ жұқпасына сынама тапсыруы тиіс, – дейді аталған орталық өкілі.

Статистикадан көрініп тұрғандай, иммун тапшылығының вирусына шалдығушылар арасында жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар саны басым болып тұр. Бұрынғы статистикада нашақорлар арасында көп болатын. Есірткіні инемен пайдаланушылардың арасында алдын алу іс-шараларын жүргізу арқасында, АИТВ жұқпасының таралуы едәуір тоқтаған.

– Ал иммун тапшылығы вирусын жұқтырған сәбидің бойында ешқандай өзгеріс байқалмайды. Мұны тек қан талдауы арқылы анықтауға болады. Баланың ағзасына кірген вирус пен иммундық жасуша күреске түседі. Вирус жасушаны бірден өлтіріп тас­тай алмайды, біртіндеп күшейе береді. Вирус жеңе бастағанда ғана иммундық жүйе әлсірей бастайды. Сондықтан әлемдік медицинада осы жасушаның бәріне таралып кетпеуі үшін вирусты қоршап тастайтын тәсіл қолданылып жатыр. Иммун тапшылығы вирусын анықтау үшін адам сынамалар тапсырып, оң нәтиже көрсетсе, бірден емдеуге кірісеміз. Осы арқылы адамның ағзасына енген вирустық жүктемені азайтып, оны анықталмайтын деңгейге түсіруге тырысамыз, – дейді А.Жайлаубаева.

Оның айтуынша, вирусты анық­тал­майтын деңгейге түсіру дегеніміз – вирусы бар адамнан басқа адамға жұқтырмау. Сырқат ерте анықталса, емнің нәтижелілігі де зор болады. Осы мақсатта өңірлік орталықтың дәрі­гер­лері вирусқа шалдығудың алдын алу іс-шараларын жоспарлы түрде жолға қойып келеді. Мұндағы жаңалық – жыныс­тық қатынас арқылы жұғатын иммун тапшылығы вирусының алдын алу шаралары. Мысалы жұбайлардың бірі АИТВ жұқпасын жұқтырған болса, екіншісіне жұқпауы үшін вирусқа қарсы дәрілерді қабылдайды. Осы мақсатта биыл ЖИТС облыстық орталығында «Достық» кабинеті ашылып, онда індет жұқтырғандар келіп, невролог, гинекологтан дәрігерлік кеңес алып, ем қабылдауға мүмкіндік алды. Бұл жерде әлеуметтанушылар да, психологтар да отырады.

Сонымен қатар орталық маманы есірткіні инемен пайдаланушылар арасында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Орталық дәрігерлері бірнеше топқа бөлініп, күндізгі рейдтер жүргізеді, тіпті арнайы жылжымалы бекетіміз де бар. Біз есірткіге шалдыққандарға поли­цейлерді ертпей барып, олардың пайдаланған инелерін жинап аламыз, бір реттік қолданыстағы инелер береміз. Әрине, жұртшылық біздің бұл ісімізге риза емес. Бірақ наркомандар арасына полициямен барсақ, олар қашып кетіп, екінші қайтып бізге жоламай қояды. Есірткі пайдаланушылардың жан-жағына, отбасына, туыстарына, балаларына жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан олардың сеніміне кіру біз үшін өте маңызды. Олардың сеніміне кіру де қиын. Бірінші рет үйлеріне іздеп барғанда, көзқарасыңды бірден байқап қалса, келесі күні үйіне кіргізбей қоюы мүмкін. Оларға секем тудырсақ, өз арасындағы таралу жолдарын, ортасын анықтай алмаймыз. Орталықтағы алдын алу бөлімінде эпидемиологтар, социо­­лог­тар, педагогтеріміз де бар. Олар мектеп оқушыларымен, студенттермен жұмыс істеп, жыныстық қатынаста инфекция жұқтырудың салдары туралы дәлелді ақпарат береді. Әлеуметтік желімен жұмыс жүргізіп, жұртшылықтың сауал­­­дарына тікелей жауап беруді қолға алдық. Ақтөбе облыстық ЖИТС (СПИД) орталығының Instagram-дағы ресми парақшасында сақтану жолдары, ЖИТС қаупі туралы бейнероликтер салып, жұртшылықтың сауалдарына тікелей жауап беріп, «ЖИТС туралы не білеміз?» деген тақырыпта шығармашылық конкурс ұйымдастырамыз. Өйткені жұртшылық бұл дерттің емделмейтініне көздерін жеткізіп, кездейсоқ жүрістердің кесірінен өз өміріне өзі балта шабатынан сезінуі тиіс, – дейді А.Жайлаубаева.