Руханият • 25 Қараша, 2020

Жақсы жоба жолда қалмасын

1683 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«100 жаңа оқулық» жобасы жалғасын таппай қалуы мүмкін.

Жақсы жоба жолда қалмасын

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы еліміздің білім беру жүйесіне ғана емес, ғылымның дамуына да елеулі ықпал етті. Көпшілік оқырманға, оның ішінде жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасай алған, айналдырған үш жылда отандық әдебиет пен өнер саласына үлкен бетбұрыс әкелген мазмұнды жоба енді қарқын ала бергенде, тоқтап қалуы мүмкін.

Мәдениетті байытудың дәне­кері ретінде қоғам игілігіне қызмет етіп келе жатқан «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры келе­шек жоспарын жүзеге асыруға мүм­кіндік ала алмай отыр. Бұл орай­да қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы туған тілі­міздің мүддесін қорғауға әрі қазақ­стандық жоғары мектеп пен ғы­лыми ортаның өсуіне, күшеюіне, терминологияны біріздендіруге айтарлықтай үлес қосқан жобаға тиісті қолдау қажеттігін айтады.

– Бұған дейін қазақ тарихын­да қысқа уақытта ғылыми аударма жасалған емес. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасы басталғалы үш жылдан аса уақыт өтті. Қазір жалпы саны 77 оқулық дайындалып, әрқайсысы 10 000 данамен басылып, еліміздегі 132 ЖОО кітапханасына таратылды. Одан бөлек біз үшін мүлде жаңа салалар қазақ тілінде сөйледі деуге негіз бар. Мәселен, статис­тика, демография, микроэкономика, макроэкономика, ұйым­дық мінез-құлық, жеке қаражат, сынды қазақ тілінде болмаған жаңа бағыттар ашылды, – дейді ол.

Елба­сының «Рухани жаң­ғыру» бағдар­ламасы аясында қолға алын­ған ілкімді жобаның аясы әлдеқайда кең екендігін, қазақ тіліндегі гуманитарлық білім­мен бірге қазақ тілінің өзін де өрге тартатын бастама болған­дығын алға тартқан Рауан Кенже­ханұлы жобаның келешек тағ­дырына алаңдаулы екенін жет­кіз-
ді.

– 2021 жылы нақты іске асатын жобалар мен жоспарлар бойынша аударма бюросындағы мамандарға нақты міндеттеме ала алмай отырмын. Себебі осы бағытта жоспарға еніп, бюджетке салынып тұрған жоба жоқ. Сондықтан әріптестерді жинап, алдын ала ескертіп алдарынан өтіп жатырмын. Жобаға атса­лысқан мамандар елдік шаруа екенін, білім үшін де, ғылым үшін де керек екенін сезіне отырып, жанашырлықпен атқардық. Бұл тарапта қоғамда түрлі пікір, өтініштер айтылып жатыр. Біздің ойымызша, жоба жалғасуы тиіс. Аударма тоқтайтын болса, білім беру әдістемесі мен мазмұнның басым бөлігі сырттан келе бастайды. Ондай жағдайда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуы туралы айту қиын, – дейді қордың атқарушы директоры.

Әлемдік балалар әде­бие­ті­нің жауһарларын қазақ тіліне аударып, мектеп кі­тап­ханаларын жаңарту қа­жет екендігін айтқан Рауан Кенжеханұлы заман талабына сәйкес түрлі бағыттар бойынша жаңа ұрпақтың маман ретінде қалыпта­суы­на қажетті мазмұн қазақ тілін­­де молынан болуы тиіс екен­дігін, бұл ретте іргесі мықты аударма мектебі жұ­мыс істеуі өте маңызды еке­нін атап өтті. Осы орайда бір ор­талықтандырылған Ұлт­тық аударма бюросының жұ­мысы ғылым және білім сала­сы үшін маңызды қадам бол­ғанын, ғылыми әдебиет­тің аударылу процесі тоқтап қалмай, келесі кезеңде заманауи ғылыми теориялық базалары да қамтылса деген көпшілік пікірі бір арнада тоғысып отыр.

– Дамыған елдердің бар­лығы арнайы Аударма институттарын ұстайды, өйткені ол ғылым мен білімнің тамырына қан жүгіртіп отыратын ең керемет дүние. Барлы­ғы­мыз білетіндей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы­ның аясында гуманитар­лық бағыттағы 100 үздік оқулық қазақ тіліне аударылғаны белгілі. Бұл оқулықтар ЖОО-лардағы білім мен ғылымның мазмұнын жаңар­туға пәрменді мүм­кіндік берді. Осы аудармалар ар­қа­­сында, қазақ жастары әлем­нің ең үздік оқу орындарында оқытылатын заманауи мазмұнмен таныс болып, білімін жаңартуда. Бұл – үлкен жетістік. Қазақ­стандағы ғылым саласының күрделі жағдайын біле отырып, ғылым және білім саласын жаңғырту үздіксіз және кешенді жүзеге асса дей­міз, – дейді Абердин универ­ситетінің PhD докторанты (Шотландия), филология ғы­лымдарының кандидаты Гүлшат Бақытжанқызы.

Ал философия ғылым­дарының докторы, профес­сор Гүлжихан Нұрышеваның айтуынша, «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы бойынша философия оқулықтарын аудару ісі отандық философиядағы елеулі құбылысқа айна­­лып отыр. Сондай-ақ философия пәні бойынша Дерек Джонстон, Реми Хесс, Энтони Кенни, Бертран Рассел сынды қазақ оқырманына мүлдем бейтаныс көптеген оқулықтар аударылып қана қоймай, білім беру, ғылыми ізденіс үдерістерінде кең қол­даныс тапқан.

– Қоғамымыздың рухани жаңғыруына бұл оқу­лық­тардың оң әсері туралы айтудың өзі артық. Жас­тар ғана емес, бүкіл қоғам жаңа гуманитарлық білім­ге ие болғаны сөзсіз. Бірін­шіден, осы жоба аясында аудар­ма­шылардың сапалы тобы қалыптасты және бұл бір күнде жүзеге асқан іс емес. Аудармашылар, ғылыми және әдеби редакторлар мек­тебі деңгейі заманауи талап­тарға сай деуімізге болады. Екіншіден, философия, этика, эстетика, логика, психология, педагогика, әлеу­меттану, саясаттану, мәде­ниеттану бойынша ағыл­шын, неміс, француз, орыс тілінен аудару қажет шетел­дік оқулық­тар саны әлі көп. Сондықтан жалпы қоғам, әсіресе жас­тар үшін аса пай­далы бұл жоба әрі қарай жал­ғаса беруі тиіс деп ойлаймын, – дейді Гүлжихан Нұрышева.

Дәл осындай пікірді сабақ­тастыра ой айтқан филология ғылымдарының докторы, профессор Шеру­бай Құрманбайұлы ортақ мақсат аясында топтасқан аудармашылар мен ғалым­дардың, ЖОО мамандарынан тұратын, ғылыми әде­биеттерді аударуға машық­танған ұжым, кәсіби ортаның біліктілігі мен тәжірибесін іске асыруды, таңдаулы оқу­лықтарды аудару ісін жал­ғастыруды жөн деп біледі. Еліміздегі білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, өркениет жақтастары жаппай үн қос­қан шақта көзқарасын батыл білдірген Сүлеймен Деми­рел университеті қауым­дастырылған профессоры, медиа және кино зерттеуші Молдияр Ергебеков кітап аудару өндірісін мемлекет кешенді қамқорлығына ала отырып, мәдениет пен өнер­ге баулу жұмыстары қайта жаңғыруы тиіс екендігін айтады.

– Дұрыс ақпарат алу – адамның негізгі құқық­тары­ның бірі. Елімізде ең көп зардап шегіп отырған азаматтарымыз – қазақ тілінде сөй­лейтіндер. Әлемдік маңызы бар еңбектерге қазақ тілінде қол жеткізе алмаған бұл азаматтар орыс тілін немесе өзге де тілдерді білетін азаматтармен бәсекелестікте көштен кейін қалып қояды. Тілдің тіршілікте қалуы үшін оның қажетті болуын қамтамасыз ету керек. Оның бірден-бір жолы – озық ойлы дүниенің сол тілге аударылып, сол тіл­де сөйлейтін адамдарға жет­кізу. «Ұлттық аударма бюро­сы» қоғамдық қоры не­бәрі үш жылдың ішінде 30 жыл бойы атқарылмай келген істерді атқарды. Үкімет «Қандай да материалдық табыс әкелмейтін жобаны қаржыландырдық, жолын аштық, ендігі жерде жеке­меншік ұйымдар жал­ғас­тырсын» деп ойлайтын шығар?! Алайда бұл дәл қазіргі уақытта, дәл қазіргі жағдайда мүмкін емес, – дейді медиа және кино зерттеуші Молдияр Ергебеков.

Сан салалы мәдени өмірі­міз­дің алуан бағытында қыз­мет етіп жүрген ғалым­дар­дың пікірін тұжырымдай келе, тaңдaулы oқулықтaрды ана тілімізге аудару қазақ тілін ғылым тiлiне айналдыру ғaнa eмec, қoғaмдaғы күрмeуi көп мәceлeлeрдi шeшудiң oңтaйлы әдici екенін көрсетіп отыр. Жастардың ғылыми ізденісіне кең жол ашып отырған Елбасының игі бастамасы қажетті жаңа білімдердің толассыз жұмыс істеуі үшін жалғасын табады деп үміттенеміз.

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше