Аймақтар • 26 Қараша, 2019

Қала тұрғындары таңдаған 300-дан аса жоба жүзеге асады

203 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда «Бюджетке қатысу» қалалық жобасы аясында осы жылдың тамыз айында абаттандыру бойынша тұрғындардың ұсыныстарына дауыс беру басталған болатын. Енді осы ұсыныстардың қорытындысы жарияланып отыр.

Қала тұрғындары таңдаған 300-дан аса жоба жүзеге асады

Қала тұрғындарының ұсыныстары budget.open-almaty.kz порталы арқылы қабылданған. 11-23 қараша аралығында өткен дауыс беру кезінде қала тұрғындары үздік ұсыныстарды өздері анықтады. Дауыс беру budget.open-almaty.kz порталында ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS-код) пайдалану арқылы онлайн, сондай-ақ аудандық әкімдіктер мен Open Almaty фронт-офисінде (Абай даңғылы, 90) жазбаша дауыс беру түрінде өткізілді.

Порталға тұрғындардан 795 жобалық ұсыныс түсіп, оның 448-і дауысқа салынған. Нәтижесінде 28 576 алматылық  дауыс берсе, оның 27 476-сы онлайн, 1113-і  жазбаша түрде берілген. Осылайша, «Бюджетке қатысу» аясында 2021 жылы 343 жоба іске асатын болады (Алмалы ауданы - 73, Наурызбай ауданы – 61, Түрксіб ауданы – 54, Бостандық ауданы – 49, Медеу ауданы – 34, Алатау ауданы – 31, Әуезов ауданы – 22, Жетісу ауданы – 19).

Қала тұрғындарының ең көп дауыс жинаған жобалары қатарында: Бостандық ауданында №3 оқушылар үйінің аумағын абаттандыру (458), Алатау ауданында «Атлеттер қалашығы» ТК аумағын абаттандыру (424), Алмалы ауданында Шевченко көшесі, 167 мекенжайындағы ауланы жаңарту және көгалдандыру (387), Медеу ауданында №168 мектепке өту үшін  Әбілғазы өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен пандусы бар баспалдақ салу (349), Түрксіб ауданында «Қазақстан жастарына патриоттық тәлім беру» тақырыбына мурал салу (325), Әуезов ауданындағы «Мамыр-1» ықшамауданында балалар ойын алаңын күрделі жөндеу (147), Наурызбай ауданындағы Тастыбұлақ ықшамауданында жол бойында жабық арық жүйесін орнату (132), Жетісу ауданындағы Көкжиек ықшамауданында Жекпе-жек орталығын ашу (112) бар.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері тұрғындардың дауысын санап, бастамаларға өз бағасын берді.  Қоғамдық кеңес мүшесі Мұрат Әбдішүкіровтің айтуынша, «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша қағаз түрінде дауыс беру нәтижесін санауға бір күн кетті. Бұл тұрғындар өз ауданын абаттандыру үшін дауыс беруге белсенді қатысқандығын білдіреді. Осы орайда тұрғындардың пікірін ескере отырып, қаланы дамыту үшін «Бюджетке қатысуды» тұрақты түрде өткізу керек. Тәжірибе көрсеткендей, қала тұрғындарының белсенділігі мен жобаға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді.

Алматы қаласы Бостандық ауданы мүгедектер қоғамының басқарма төрағасы Ұлан Іңкәрбеков тұрғындардың белсенділігі артқанын атап өтіп, әр ауданда орта есеппен 100 жобадан ұсынылғанын жеткізді. Соның ішінде дауыс беруге қала тұрғындарына қажет және ең маңызды жобалар жіберілді.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің сарапшысы Дмитрий Васильевтің  пікірінше, «Бюджетке қатысудың» категорияларын көбейтіп, абаттандырудан бөлек, әлеуметтік нысандарды, демалыс орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Алматы қаласының әкімдігі 2019 жылы «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасын жүзеге асырған болатын. Бұл жобаларға қаланың 8 ауданына жергілікті бюджеттен 500 млн теңгеден бөлінген. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 6,4 млрд теңгеге дейін өсіп (2019 жылы 4 млрд теңге), әр ауданға шаққанда 800 млн теңгеден келеді. Қалаға қосылған аумақтарды дамыту мақсатында «Бюджетке қатысу» аясында Наурызбай және Алатау аудандарына 500 млн теңгеден бөлу қарастырылған. Осылайша, аталған екі ауданның әрқайсысына 1,3 млрд теңгеден бөлінетін болады.

АЛМАТЫ