Қоғам • 27 Қараша, 2020

«Қазақстан мұғалімі – 2020» жеңімпазы анықталды

654 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда былтырдан бері дәстүрге айналған «Қазақстан мұғалімі – 2020» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімі салтанатпен аталып өтті. Жеңімпаз жүзден жүйрік шыққан, финалдық кезеңге өткен он лауреаттың ішінен анықталды.

«Қазақстан мұғалімі – 2020» жеңімпазы анықталды

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған ондықтың арасынан астаналық «Назар­баев зияткерлік мектебі» (НЗМ) филиа­лы­ның химия пәні мұғалімі Динара Бей­сем­баева үздік шықты. Жеңімпаз Әлия Нұр­сұлтанқызы тағайындаған 4 млн теңгелік қаржылай жүлдеге ие болды. Бірнеше ғылыми мақалалар мен еңбек­тердің авторы, экология магистрі Динара Тоқтарқызы жеңістен дәмелі болғанын, бірақ әлі де сене алмай тұрғанын айтып ағынан жарылды.

– Бұл конкурс мұғалімдердің құнды­лықтарын дамытуға, өзекті және жаңа­шыл мұғалімдерді тәрбиелеуге сеп­тігін тигізеді. Ұйымдастырушыларға үлкен рах­мет! Сайысқа қатысу, үздіктер қатары­на еніп, жеңімпаз атану – мен үшін үлкен мәртебе. Әрине осындай жетістікке жету үшін маңдай терімді төгіп еңбек еттім десем болады. Оқу бітіргеннен бастап қазірге дейінгі кезеңімді шолып, сараптадым. Қазір өзім үшін қай тұсты жетілдіру керек, не нәрсеге басымдық беру керек деген сияқты жаңа жоспар жасап жатырмын. Конкурста жеңімпаз болу одан сайын ынтамды арттыра түседі, – дейді Д.Бейсембаева.

Динарадан бөлек тағы тоғыз үздік педагог финалдық кезеңге өткен. Олар – Қарағанды қаласындағы №27 орта мектебінің бастауыш сыныптар мұғалімі Ольга Ким; Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған «Білім инновация» мамандандырылған лицей-интернаты­ның физика пәні мұғалімі Ержан Жұма­ділов; Алматы облысынан келген бастауыш сынып мұғалімі Алма Маханова; Петропавл қаласындағы «НЗМ» физика пәні мұғалімі Дина Құдабаева; Нұр-Сұлтан қаласындағы NURORDA мектеп-лицейі физика пәні мұғалімі Арнұр Қазыбеков; Семей қаласындағы №3 жалпы орта білім беру мектеп-кешенінде орыс тілі және әдебиет мұғалімі Мейрамгүл Жанаспаева; Теміртау қаласындағы №16 жалпы орта білім беру мектебінде экология және өзін-өзі тану пәні мұғалімі Елена Варганова; Павлодар қаласындағы №16 мектебінде экология және өзін-өзі тану пәні мұғалімі Жанар Жақсылықова және елордадағы «Республикалық физика-математика мектебінің» математика пәні мұғалімі Гүлнар Жақыпова. Осы 10 лау­реат Қазақстанның атынан жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құрайтын «Әлем мұғалімі-2021» Жаһандық сыйлығына (Global Teacher Prize-2021) номинацияланады. Олардың қатарында жеңімпаз Д.Бейсембаева да бар.

Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры 2019 жылы «Global Teacher Prize» жаһандық сыйлығының ресми өкілі атанып, «Қазақстан мұғалімі» ұлт­тық сыйлығын жариялаған еді. Байқау­дың басты мақсаты – үздік мұғалімдерді анықтап, сыйлық берумен қатар, еліміз­дегі ұстаз мәртебесін арттыру.

«Білім арқылы адамдардың өмірін өзгерту» – бұл жыл сайын Дүниежүзілік Білім және дағды форумын (Global Education and Skills Forum) өткізетін Варке қорының ұраны. Осы іс-шара барша әлемнен келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, бизнесмендер, мұғалімдер, филантроптар бас қосатын білім саласындағы ынтымақтастық пен мәселелерді шешудің негізгі алаңына айналды. 2020 жылы ұлттық сыйлық үміткерлерінің сауалдамалары 1 мамырдан 1 қазанға дейін қабылданды. Дауыс берудің екі кезеңінің қорытындысы бо­йынша 2021 жылы Қазақстанның атынан «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығына жолдама алатын 10 қатысушы анық­тал­ды» дейді ұйымдастырушылар.

Сайыс жаһандық сыйлықтың ұйым­дастырушылары Varkey қоры­ның бекіт­кен өлшемдері аясында өткізіл­ді. Үміт­керлерді іріктеу мен баға­лау үдеріс­терінің ашықтығын «Price­wa­terhou­seCoopers» халықаралық ауди­тор­лық компаниясы тікелей бақылаған.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ